Бейсенбі, 9 Қаңтар 2025
Күбіртке 485 3 пікір 8 Қаңтар, 2025 сағат 14:48

Оқпанға жығар ойлар...

Сурет: Abai.kz

Осы мен отырып алып ойланам. Құдайға шүкір, үкімет әзірге адамның ойланғаны үшін айыппұл салудың әдісін таба қойған жоқ. Қанша ойланамын, нені ойлаймын десең де өз еркің, бәрі иен-тегін.

Сонда не ойлайды дейсіздер ғой?! Мен ата-бабамыздан мұра болып қалған жеріміз не деген бай деп ойланамын. Жеп жатырмыз. Ішіп жатырмыз. Сатып жатырмыз. Қазып жатырмыз. Тасып жатырмыз. Көлденең көк аттының қанжығасына байлап, жер-әлемге шүлен таратқандай үлестіріп жатырмыз. Сонда да байлығымыз бітіп таусылар емес. Тіпті, сайқал сауданың ойыншығына айналдырып, арымен бірге сатып жатса да, қасиетіңнен айналайын жер-Ана  қыңқ етіп, наразылық танытпайды. Қайтсін, Ана ғой. Перзентінің қараулығына да сол аналық пейілмен қарайды-дағы...

НӘН-нің билік құрған тұсында ел ырыздығын ұрлаудың көлемі де нән болғанын көріп едік. «Түйкені түгімен, биені бүгімен» дегендей... Бәріне бірдей емес, әрине, таңдаулылар үшін. Сақтандыру медицинасын түгелімен үптеп, шет ел асқан Талапкер ақыры жауапкер орындығына отырмады. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысын желге ұшырған ЛРТ деген жобаны құрдымға кетіргендер судан құр шығып, жылы құрылықта жүр дейді. «Мемлекет ішіндегі мемлекет» атанған Қазақстан темір жолын бөрідей бөлшектегендерді де шет елде аман-сау жүргендерін көрдік дейді көк белдеуден асқандар. «Неғұрлым молырақ қарпысаң, жазаң да соғұрдлым жеңіл болады» деген дәстүрді  түсінген жұртшылық бара-бара адал өмір сүрудің өзін ар көріп, аярлықты өмір салтына айналдырып алған дәуірге де жетіппіз. Қапысын тауып қарпып қалу, орайын келтіріп орып түсу, жымын білдірмей жымқырып кету – адамның ақылдылығы мен айлакерлігінің көрсеткішіне айналғандай. Кедейсің бе – кемдігің, жарлысың ба – жалқаулығың, адалсың ба – ақымақтығың, елжандысың ба – есуастығың деген пікір біздің қоғамда салтанат құрғалы қаша-а-а-ан... Алайда, адамдардың айналасына деген осындай жыртқыш көзқарасына қарамай  байлығымыз түгесілер емес.

Отырып алып ойланам. Отанымыз не деген бай деп... Сөйтемін де, ұрлық жасамайтын адамдарды іздеймін келіп. Әй, тәйірі, тым болмаса бір адам табылар деген үмітімнің жібін үзбей келемін, әйтеуір... Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ұстаздар мұндай ұят қылыққа бара қоймас деп сенген едім.  Қайтейін, сенімімнің селкеуі сетінеді. Еліміздің әр түкпірінен қоралап қолға түсіп жатқан жемқор ұстаздар жайлы ақпараттарды көріп, пүшәйман күйге түскенім рас. Ал, «Ақ желеңді абзал жандар» деп әспеттеп жүрген  денсаулық сақтау саласындағы жең ұшышан жалғасқан жемқорлық жайлы айтудың өзі артық. Түшкіргенің үшін төлем сұрайтын сумақайлар жайлы әңгіме бір басқа... Құрылысшылар – кірпіштен, мұғалімдер – шәкірттерінен, әкімшіліктегілер – тендордан, құқық қорғау саласының шенділері – шектен шыққанардан, әлеуметтік сала қызметкерлері – әлсіздерден, кәсіпкерлер – күмәнді жобаларынан, шаруалар – егілмеген егін мен тумаған төлден, саудагерлер – үстеме бағаларынан, алаяқтар ауа мен судан, түгі жоқтар тегіс жерден пайда табуды табыстың көзіне айналдырып алған. Пәре бермейтін, пәре алмайтын адамды жер-көктен шырақ алып іздесең де таба алмайтын халге жетіп отырмыз.

Отырып алып ойланам. Қайтпек керек?! Алдымен «Жаңа Қазақстан» деген бастама  аптығымызды басып, көңілімізді көктем еткен тәрізді еді. Іле-шала  ұрандатқан «Әділетті Қазақстан» ұстанымы ұпайымызды түгендейтіндей көрінген. Алайда, оны жүзеге асыратын адамдар, дәлірек айтқанда – мамандар қайдан?! Менің ойым мұның екі ақ жолы бар дегенді меңзейді. Алғашқысы – жіліктің майлы басын ұстап отырғандарды  түгелімен алмасыру керек, болмаса  олардың мыйларын толығымен жаңарту қажет. Бірден айтайын, екіншісі – утопия, ал біріншісін жасауға бүгінгі биліктің қауқары жете қояр ма екен?! Себебі, өздері де сол кешегі ескі биліктің өкілдері...

Иә, алармандардың алғашқы легі ішкен-жегенін қайта құсып, қазынаға құйып жатыр деп естиміз. Алайда, олар жәй шабақтар екенін жұртшылық жақсы біледі. Ал, нағыз шортандар әлі де ауқатты өмір сүріп, тіпті биліктен марапат алып жатқанын да кеше естідік. Осыны ойлаймын деп опығып жүрген жайым бар.

Ал, әзірге көріп отырғанымыз – халықтың үнін «құлағына» қыстырмайтын үкімет, қолы қимылдағаны үшін құн сұрайтын қызметшілер, тезегі түскен  теңге, бағасы шарықтаған нарық, қай шаруамен барсаң да алдыңнан жолығатын жұмыртқадан жүн қырыққан жылпостар мен көкесінің арқасында қызметке келіп, мәселенің мәнісін түсінуге қабілеті жетпейтін олақ басшылар, теңдік іздеген қараша мен тегеуріні мықтыдан теңселген жұрт...

Менікі жай ой ғой. Айыпқа бұйыра көрмеңіздер?! Бос отырған адамның басына не келіп, не кетпейді, тәйірі...

Қуат Қайранбаев

Abai.kz

3 пікір