Жұма, 10 Қаңтар 2025
Жаһан жаңғырығы 414 2 пікір 9 Қаңтар, 2025 сағат 15:00

Трамптың тектоникалық тыраштанулары

Сурет: dw.com сайтынан алынды.

немесе кім кімнің қолтығына су бүркіп жатыр?

Сонымен, Американың түпкі мүддесін қорғауды ең басты мақсаты ретінде жариялап, сол арқылы халқының қолдауына ие болған АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамп артық қыламын деп, тыртық қылған сықылды.

Жаңа Жылды тойлау әуресімен жүрген төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп (бірін таң қалдырып, екіншісін шошындырып): «Канаданы АҚШ-тың 51-ші штаты ретінде қосып аламын, Гренландияны сатып аламын, ал Панама каналын АҚШ-қа қайтарып аламын», - деп мәлімдеді. Бұл Трамптың дәстүрлі телешоуындағы қалжың сөз емес, бұл – әлемді аузына қаратқан супердержава басшысының ресми мәлімдемесі!

Әрине, мұндай улы-шулы бастамалардың саяси технологиялық астары да болуы мүмкін. Мәселен, барша жұрт оның «Украинадағы соғысты бір тәулікте тоқтатамын» деген мәлімдемесінің қалай орындалатынын күтіп отыр. Он күннен кейін, яғни 20 қаңтарда ресми түрде Ақ үйді босататын Байденнің кабинетіне иелік ете бастайтын ол болса, сол жоспарын жүзеге асыру жолдары туралы әлі де тіс жарған жоқ.

Күні кеше оның Украина жөніндегі арнайы өкілі «Ол жоспар шамамен жүз күнде орындалады» деген сыңайда пікір білдірді.

Мұның өзі Трамптың о баста асығыс айтып қалған уәдесінің арты сиырқұйымшақтанып бара жатқанының белгісі болса керек.

Міне, осындай жағдайда әлем жұртшылығының назарын Украинадан мүлдем басқа жаққа, мәселен, Гренландия, Канада немесе Панамаға аударып жіберуді саяси технологияның бір әдісі демей, не дейміз?

Сөз жоқ, әлемде қалыптасып қалған, Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық деңгейде қабылданған шешімдер бар, оларға сай ешкім басқа елдің жеріне, Тәуелсіздігіне қол сұға алмайды. Сол тұрақты тәртіпті бұзған Ресей ұжымдық Батыстың санкцияларына ұшырап жатқан жоқ па?!

Сол себепті өз басым Трамптың бұл сөздерін саяси эквилибристика, жұрттың назарын басқа жаққа аудару әрекеті деп білемін.

Оның үстіне, физика заңдарына салсақ, кез келген әрекет өзіне қарсы әрекет тудырады.

Міне, соның бір көрінісі ретінде Канада премьер-министрі Джастин Трюдо: «Канада ешқашан АҚШ-тың бөлігі болмайды!», - деп мәлімдеді.

Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде: «Гренландия сатылмайды және ешқашан да сатылмайды!», - деп жауап қатты.

Панама сыртқы істер министрі Хавьер Мартинес-Ача болса: «Біздің каналдың егемендігі туралы мәселе талқылануға жатпайды. Каналды бақылайтын қол – Панаманың қолы, және әрқашан да солай бола бермек!», - дегенді айтты.

Ал «Мексика бұғазын» «Америка бұғазы» деп атауды ұсынған Трампқа жауап ретінде Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бірнеше ғасыр бұрынғы картадағы «Мексика Америкасы» деген жазуды көрсетіп: «бұғазды осылай атау керек» дегенді ұсынды.

Олардан басқа не айтуға болады енді?

Және осымен әңгімені доғаруға болар еді.

Алайда, тұрақты төрткүл дүниеге тұрақсыздық трендін әкеліп жатқан Трамптың бұл бастамасының басқа жақтары да болуы мүмкін.

Жасыратыны жоқ, бас жаққа барыса қалып, жеме-жемге келгенде, көптеген елдің өз көршілерінің жеріне қатысты өз ұстанымы бар. Қоршаған орта, әлем идеалды емес, олай болса, мемлекетаралық шекаралар да дәл сондай идеалды емес!

Бұл бейәдеп һәм бейәдет, бәлелі бастамалар өзгенің жеріне көз алартуды дағдыға айналдырған необасқыншылардың қолтығына су бүрку боп шықпай ма?

Оған қоса, «Тәуелсіздік» «Жер» секілді киелі ұғымдарға қатысты мұндай жаңаша көзқарас кезінде есесін жіберіп алып, ғасырлар бойына өз жерінде мемлекет құра алмай келген абориген елдердің санасының түкпірінде мүлгіп келе жатқан небір ойларды оятып жіберуі де ғажап емес.

Олай болса, Трамптың тектоникалық талпыныстары мен тыраштанулары тақырыбын талқылау таяу арада толастай қоймас...

Әміржан Қосан

Abai.kz

2 пікір