Бейсенбі, 16 Қаңтар 2025
Одақтастың ойы 193 0 пікір 16 Қаңтар, 2025 сағат 15:48

Елші мен ерсі сұрақ: Лукашенко Қазақстанға елші жіберуден қорқа ма?

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.

Беларусь президенті Лукашенко былтыр қазан айының басында 9 мемлекеттің жаңа тағайындалған елшілерін қабылдаған еді. Олардың қатарында Қазақстан елшісі Тимур Жақсылықов та болды.

Лукашенко Қазақ елшісіне Қазақстанды, президент Тоқаевты уақыт сынынан өткен Беларусь елінің досы ретінде сипаттаған. Сөйте тұра Жақсылықовты «қажетсіз ақпарат құралдарды оқымауға» шақырған.

Өткен жылы тамызда Украина сарбаздары Ресейдің Курск облысына басып кіргенде Беларусь басшысы ҰҚШҰ-дағы әріптестеріне шүйлігіп, «Ресейге қажетті көмек көрсетпей жатырсыңдар» деп айыптаған. Арасында Қазақстанның атын атап, «Қаңтар қырғыны» кезінде ҰҚШҰ әскерлерінің көмекке келгенін еске салған.

Азаттықтың жазуынша, оған қарымжы ретінде еліміздің СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу Беларусьтің біздегі елшісін шақырып, түсініктеме талап еткен. Лукашенко «қажетсіз ақпарат» деп сол жайды меңзесе керек.

Биыл да Беларусь президенті Александр Лукашенко жаңа елшілерін тағайындау кезінде, тағы да өзгеше мінез көрсетіпті. Қазақстанға жіберілген жаңа елшісі Алексей Богдановқа: «Сені Қазақстанға өз еркіңмен жіберіп жатырмыз ба, әлде күштеп отырмыз ба?» деп бір түрлі сұрақ қойыпты.

– Алексей, мен тағы да сұраймын. Сені өз еркіңмен бара жатыр деп есептейік. Сонда сен Қазақстанда немен айналыспақсың? Әрине, бастысы — экономика. Бірақ бәрін егжей-тегжей түсіндір...», - деп тепсініпті.

Богданов оның сұрағына сабырмен жауап беріп: «Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ, өз еркіммен бара жатырмын, Қазақстандағы басты миссиям – экономикалық қарым-қатынастарды нығайту», - депті.

Путин Украинаға соғыс бастағалы бері Лукашенко оның қасынан табылып, адал қолдаушысы болып келеді. Оның бодауына Ресеймен бірге Батыстың санкциясына ілініп, Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында ептеп күн көруде. Қазақстан екеуіне де Қытаймен сауда жасасуға транзит ел болып отыр.

Бір есептен Лукашенконың оғаш қылықтарын түсінуге болады. Биыл оның билігін күшті сынақтар күтіп тұр. Алда президент сайлауы, Ресеймен бірігу келісімінің келісілген мерзімі де келіп жетті. Халқы оны қолдай ма, жоқ алдынғы сайлаудағыдай жаппай ереуілге шыға ма, осы сұрақтар оған маза бермей тұрғаны анық.

Abai.kz

0 пікір