Сенбі, 18 Қаңтар 2025
Әдебиет 277 0 пікір 17 Қаңтар, 2025 сағат 15:13

Әлем әдебиетінің болашағы және ChatGPT

Сурет: chataibot.ru сайтынан алынды.

Әдебиет – адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі, ғасырлар бойы қоғамның рухани-танымдық дамуының айнасы болып келе жатқанына бір талай ғасыр болды. Ал қазіргі кезеңде ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, соның ішінде жасанды интеллекттің (ЖИ) өмірімізге енуі, әдебиетке жаңа мүмкіндіктер мен қилы сұрақтар әкелді. Ғалымдардың неше ойланып, бізге ұсынған ChatGPT секілді ЖИ жүйелері шығармашылық процесс пен әдебиет әлемін қалай өзгертпек деген заңды сауалдың да туындауы сөзсіз.

Жасанды интеллекттің әдебиетке ықпалы, оның болашағы және осы технологияның мүмкіндіктері мен қауіптері туралы ойлану кезеңдік тақырып болмақ. Әдебиет пен жасанды интеллектінің байланысы мен әлеуеті туралы айтсақ, қазір шетелдерде жасанды интеллект әдебиетте бірнеше жолмен қолданыла бастады: Біріншіден, шығармашылық жазу. ChatGPT сияқты жүйелер авторларға идеялар ұсыну, мәтін жазу немесе сюжет құруда көмек көрсетеді. Мысалы, жазушылар мәтін жазу процесін жылдамдатып, стильді әртараптандыру үшін ЖИ-ді қолданады. Осыған байланысты көптеген қаламгерлер шығармашылық барысында диалогтар жазуға немесе сипаттамалар беруге ЖИ-ді пайдаланады. Екіншіден, аударма және мәтін өңдеу саласында да аталған ақылды құралдың пайдасы зор екенін жоққа шығармаймыз. Шыны керек, ЖИ аударма сапасын айтарлықтай жақсартты. Google Translate, DeepL сияқты жүйелер, сондай-ақ ChatGPT, мәтіннің стилистикалық ерекшеліктерін сақтай отырып, көркем аударма жасауға мүмкіндік береді. Бұл болашақта әсіресе әлем әдебиетінің әртүрлі халықтарға қолжетімді болуын жеңілдетеді. Үшіншіден,  әдебиет зерттеулері үшін тиімді болмақ. Әдебиеттанушылар ЖИ көмегімен мыңдаған кітапты қысқа ғана уақыт ішінде талдап, оған көзқарасын айта алады. Мысалы, ЖИ тарихи шығармаларды, стильдік ерекшеліктерді немесе авторлардың шығармашылық эволюциясын зерттеуде көмегі басым.

Бұл тұрғыда біз болашақта қаламгерлердің оқырманмен байланыс мәселесін қалай шешім етуі туралы да тоқталған жөн.  ChatGPT әдебиетке деген қызығушылықты арттыратын құрал ретінде жұмыс істей алады. Оқырмандарға ұсыныстар жасау, кітап талқылауға қатысу немесе мәтіндерді түсіндіру сияқты алуан түрлі жолмен ол әдеби танымды арттырып, ой-сананы кеңейтуге көмектеседі. Мысалы, 2021 жылы GPT-3 жүйесі авторлармен бірге көркем әңгімелер жазуда қолданылды. Қаламгерлер сюжеттерді дамытып, диалогтар құру үшін ЖИ ұсыныстарын пайдаланған. Бұл әдіс замануай үлгіде әдебиетте шығармашылық серіктестіктің жаңа түрін ашты.

ЖИ мен әдебиет туралы айта келе, дәстүр мен технологияның үйлесімі хақында да ойлануға тура келеді.  Меніңше, болашақта әдебиетте жаңа жанрлар пайда болуы мүмкін. Бұған да ЖИ көмектесуі әбден ықтимал. Енді ЖИ-дің өзі шығармашылық процеске қатысу арқылы «ЖИ үлгісіндегі әдебиеті» сияқты ұғымдар да біздің әдеби өмірімізге енері анық. Мысал: 2020 жылы Жапонияда жасанды интеллект жазған роман әдеби байқауға ұсынылып, қысқа тізімге енді. Бұл тәжірибе ЖИ шығармаларының сапасының жоғары деңгейге жеткенін көрсете алды.

Қоғам осылай дамып, технологиялар күн сайын жаңара берсе, ЖИ арқылы әдебиетке қолжетімділік  те арта түседі. ЖИ негізіндегі аударма және мәтін жасау технологиялары әлем әдебиетінің сан түрлі шығармаларын әп сәтте алдыңызға жайып салып отыратын болады. Сонымен бірге, бұрын қолжетімсіз болған сирек шығармалар жаңа оқырмандарға таныстырылады.

Осы орайда ЖИ-дің әдебиет әлеміне әкелетін артықшылықтары мен шектеулері хақында да айта келткен дұрыс. ChatGPT авторларға мәтін жазуда уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Шығармашылық барыс кезінде ол тың идеялар мен қосымша сюжеттер ұсына алады. Содайн кейін тілдік кедергілер бұрынғыға қарағанда тым көп болмайтыны сөзсіз. ChatGPT аударма сапасын жақсарта отырып, әдебиеттерді жаһандық деңгейде таныстырады.   Ал оның шектеулері ретінде шығармашылықтың түпнұсқалық әсерін алдымен айтар едік. ЖИ ұсынған мәтіндер кейде көшірмелік сипатқа ие. Яғни, ол бұрын жарияланған кейбір ақпаратты қайта дайындап беруі мүмкін. Бұл әдебиеттің көркемдік құндылығына орасан зиян тигізеді. Тағы бір жайт, авторлық құқық мәселесі. ЖИ арқылы жасалған мәтіндердің авторлығы кімге тиесілі деген сұрақ әлі де талқыланып келеді. Салаға қатысты ғалымдар бұл туралы айтылымдарын алда жариялайтын да шығар.

Бұл құрал алда әлем әдебиетінің мәдени әртүрлілігіне әсер ететінін де ғалымдар болжап отыр. Әдебиеттің жаһандануы мен мәдени құрылымын сақтау арасындадағы тепе-теңдікті сақтау қажет екенін де түсінгеніміз абзал.   Кейбір ғалымдардың айтуынша, әлем әдебиеті біртұтас кеңістікке айналып, ұлттық ерекшеліктер жоғалуы мүмкін деген қауіп бар. Дегенмен, ЖИ жергілікті тілдер мен әдебиеттерді зерттеп, сақтап қалуға да көмектеседі. Өз әдебиетіміз туралы айтар болсақ, жасанды интеллект Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов секілді тұлғалардың шығармаларын әлемге таныстыруда аударма мен талдама жұмыстарында тиімді құрал бола алса екен деген ізгі үмітіміз бар екенін де жасырмаймыз.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір