Израиль-ХАМАС: Газадағы келісім ұзаққа созыла ма?!
Газа секторындағы атысты тоқтату келісімінің бірінші күнінде ХАМАС кепілге алған үш әйелді босатты, олар жексенбі күні Израильге аман-есен оралды.
Дәл сол уақытта босып кеткен сансыз палестиналықтар үйлеріне жол тартты.
Тель-Авивте адамдар Роми Гонен, Дорон Штайнбрехер және Эмили Дамаридің босатылғаны туралы жаңалықты ерекше тебіреніспен қабылдады.
2023 жылғы 7 қазандағы қанды шабуылда үш әйел кепілге алынып, содан бері Газада тұтқында болған. Израиль телеарнасының тікелей эфирінде ХАМАС содырларының қоршауындағы көліктен үш әйелдің шығып, Халықаралық Қызыл Крестке тиесілі көлікке кіріп келе жатқаны көрсетілген.
Қызыл Крест ұйымы Израиль шенеуніктеріне үш әйелдің денсаулығы жақсы екенін айтқан. Сол уақытта ХАМАС содырлары көпшіліктің қолдауымен Газа секторының оңтүстігіндегі Хан Жүніс қаласын аралап өтіп, Израиль түрмелерінде қамауда жатқан палестиналық тұтқындардың келуін күтті.
ХАМАС ұйымының мәліметінше, Израиль кепілге алынғандардың орнына 69 әйел мен 21 жасөспірімді босатқан.
Аты-жөнін атамаған ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігі жексенбі күні кешке Франс Пресс агенттігіне:«Израиль тұтқындарын екінші рет босату келесі сенбі күні кешке, атысты тоқтату келісімі күшіне енгеннен кейінгі жетінші күні жүзеге асырылады», - деген Дохадан телефон арқылы берген сұхбатында.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен бұл қадам «бізге үміт сыйлайды» десе, ал Ақ үйден кеткелі тұрған АҚШ президенті Байден Газадағы соғыстың ауыр салдарын еске салып атысты тоқтатуды және кепілге алынғандарды босатуды ұптайтынын жеткізді. Британ премьер-министрі Стармер бұл «фантастикалық жаңалық» дей келе, атысты тоқтатуды «толық орындауға» шақырды.
Қиранды астындағы Рафахқа (оңтүстік) жаңадан оралған 52 жастағы Сирия әл-Аруки: «Біздің қалыпты өмірге оралуымыз үшін 20 жылдан астам уақыт қажет», - деп қынжылады.
Газадағы атысты тоқтату келісімі ұзаққа созыла ма, жоқ па?!
Израиль премьер-министрі Нетаньяху бұл тек «уақытша атысты тоқтату» екенін, «қажет болған жағдайда соғысты қайта бастау құқығына ие» екенін тағы қайталады.
ХАМАС-тың әскери қанаты Кассам бригадасы жексенбі күні атысты тоқтату келісімінің орындалуы Израильдің қабылдаған міндеттемелерін орындауына және кепілге алынғандар мен тұтқындарды алмасу келісіміне байланысты болатынын ескертті.
Abai.kz