Сәрсенбі, 22 Қаңтар 2025
Аймақ 155 0 пікір 22 Қаңтар, 2025 сағат 13:40

Осы жұрт Марал ишанды біле ме екен?!.

Сурет: kazface.kz сайтынан алынды.

«Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу - аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл - өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын».

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Бірде Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университінің қарсы бетіндегі «Гарант» аялдамасында автобус күтіп тұрғанымда ақын досым Қанат Каналұлы Сапарбайды  жолықтырып қалдым. Амандық-саулық сұрасқаннан  кейін ол маған жаңадан жарық көрген «Марал ишан» деп аталған  ғұмырнамалық дастанын ұсынды. Оқып шығып, пікір білдіруімді сұранды.

Аңыз бен ақиқат аралас қазақы әбсаналарда «Марал ишан санатындағы ишандардың дәрежесі көктегі Айға теңестіріледі», - делінген. Марал ишан Құрманұлы (1780 – 1841) - өмірде болған адам. Қостанай өңірінің тумасы. Сонда  Марал ишан есімімен аталатын мешіт бар. Кезінде ақ патша итаршыларының қудалауымен Арқадан Сыр бойына ауған. Кесенесі Қызылордада Сыр бойында жатыр. Сыр өңірінде Марал ишан атында медресе мен оның тұңғыш ұлы – Қал-Мұхаммед (Қалқай) ишанның есімімен аталатын мешіт ел игілігіне пайдалануға берілген. Сөз орайы келгенде Қал-Мұхаммед ишан - Шоқан Уәлихановтың атын қойған Алаштың азаматтарының бірі екенін де тілге тиек ете кетейік.

Әкесі Құрман Кенжебайұлы - Абылай ханның батырларының бірі болған. Сонымен қатар ол жалпақ жұрттың дертіне шипа дарытқан емші тұғын. Содан да болар, Марал ишан  Құрманұлы дін қайраткері ғана емес, қазақтың ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырған ұлт қайраткері де болған. Ол тек діни білім беріп қана қоймай, шипагер ретінде талай сырқат жандарды  дертінен айықтырған. Халық оны - дін ғұламасы, әулие деп таныған.

Тоғыз жасында әкесінен айырылып, анасымен бірге Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) маңына қоныстанған. Құланбай ишанның үйінде тұрып, қызметінде болған. Бұхараға барып, Жалаңаяқ ишаннан жеті жыл діни білім алған. Кейіннен Қызылжарға (қазіргі Петропавловск) оралып, бірнеше мешіт салдырған. Медреседе бала оқытқан. Жергілікті жұртты да білімге, мәдениетке баулыған.

Суреттер: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Тарихи тұлға - Марал ишанның қоныс тепкен жерлерінде мешіт пен медресе салып, елді егіншілікке, ғылым-білімге бастаған бастамалары баянды етілген. Ол тек уағызшы ғана емес, сөз ұстаған шешен, жөн білер ғұлама, қол бастаған көсем, жауға шапқан батыр ретінде көзге түскен. Айтқаны айдай келетін көріпкел, дұғасы қабыл болатын тақуа, қара қылды қақ жаратын әділ би  ретінде де тарих сахнасынан нұр шашқан ізгі де игі мұратты жан.

Ресей империясының қазақ даласын отарлау саясаты үдеген тұста ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырған. Марал ишан патша өкіметінен қазақтарды зорлап шоқындыру, халықтың құнарлы жерін күшпен тартып алуды тоқтатуды сұраған. Сол сияқты Хиуа хандығы билеушілерінің де қазақтарға көрсеткен қысымына қарсы шыққан. Оның ерлікке толы ғұмыр жолы осындай болатын.

Марал ишан жайлы кезінде қаламгер Сәден Нұртайұлы «Ислам және Марал баба» деп аталған кітап жазған. Ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы өзінің «Ұлбике ақын» атты пьесасында Марал ишан жөнінде тоқталып өткен. Танымал тұлғаның өмірі мен қайраткерлігін сонда біраз зерттеп көрген.

2023 жылы 1000 дана таралыммен жарық көрген ақын Қанат Сапарбайдың «Марал ишан» дастаны «Әлқисса, сөз басы», «Марал ишанның әкесі Құрман - Абылай ханның емшісі әрі жасағындағы батыры. Анасы Фатимамен отау құруы және Маралдың балалық шағы», «Марал ұлдың Жам тауында медреседе ілім алуы», «Жам тауы. Жарыстар легі жалғасты», «Марал ишанды қырық томар сексеуіл отқа салып сынағанда», «Марал ишанды  сынауға Арқадан арнайы келген жуандар», «Арада жыл өткеннен соң», «Марал ишанның ғибратты ғұмыры», «Марал ишанның алқа отырысында Қармаққа айтқаны», «Марал ишанның денесі қойылған жерден бұлақ пайда болып, анынан қайың, емендер бой көтерді», «Бабаның 225 жылдық мерейтойы» деп аталатын бөлімдерден тұрады.

Марал ишанның кереметтері өте көп. Атап айтқанда, Марал баланың денесінен нұр шашылған. Жалаңаяқ ишанның халфелер арасындағы сынағы немесе Марал ишан есіктің жақтауына жасырылған қасиетті Құран кітабын тауып алады. Жам тауына келген Ғайып Ерен Қырық Шілтеннен Жалаңаяқ ишан Марал халфені алып қалады. Жалаңаяқ ишан Марал ишанға сағынған анасын шеңбер сызып көрсетеді. Жам тауына келген қарақшыларға Марал халфе тосқауыл береді. Марал оқыған демімен байдың келіні аяққа тұрады. Марал  халфе ұстазы - Жалаңаяқ ишанға бас иіп, құрмет көрсетеді. Бұған дән риза болған Жалаңаяқ ишан шәкірті - Маралға тұлпар мінгізіп, батасын беріп, шығарып салады. Үлкен ілім иесі атанған Марал жігітті қайынжұрты - Жаппас елі той жасап, күтіп алады. Атағы жайылған Марал ишанды көшірмек болған бай жараланады. 1822 жылы орыс патшасының өкіметі «Сібір қырғыздарының (қазақтар деп ұғыңыздар) Жарғысы негізінде қазақтарды еріксіз шоқындыра бастағанда Марал ишан «Ғазауат» соғысын жүргізеді. Марал ишан өзінің тұлпарын ұрлаған жігітті бала етіп асырап алады. Сыр суын пырақ атымен желіп өткен Марал ишанды таныған қайықшы қимылсыз қалады. Жарымбет ишанның алқалы отырыста Марал ишанға айтқаны да анық келеді. Марал ишан өмірінің соңғы сәттерінде Дәуіт Пайғамбармен тілдеседі. Марал ишанды жерлеп келгеннен кейін халықтың көз жасы тоқтамаған екен.

Бұл кітап жайлы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ақын Қанат Сапарбайдың бұл еңбегінде Марал ишанның басынан өткерген оқиғалары өлең тілімен сәттті өрілген екен. Өз басым бұл дастанды Марал ишанның тарихи тұлғасын ашқан еңбек, оған қойылған ескерткіш ретінде  бағаладым», - деген жүрекжарды тілегін жеткізген.

Ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы: «Қанаттың төгіліп тұрған ақындық қабілеті қатты ұнады. Оның ақындығында мін жоқ», - деп айрықша таңданыс білдірген.

Түркі дүниесі ақындары мүшәйраларының лауреаты Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Дастанның әрбір жолы тек қана «Ж» әрпімен басталып,  аллитерация негізінде мың жолдан аса жазылуы - әдеби шығармаларда сирек кезесетін жайт. Дастаннан жыраулық пен ақын Жамбыл Жабаевтың сарынын көргендей боламыз. Ақын Қанат Сапарбайдың «Марал ишан» дастаны - қазақ ақындарының шығармашылық жолындағы аламанда жеткен жетістігі», - деп оның абыройын асқақтатып, беделін биіктеткен.

«Марал Нұр» жауапкершілігі шектеулі серріктестігінің төрағасы, перзентіне Марал есімін берген Қажы Мұрат Тоқпанұлы: «Дана халқымыздың: «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына бар. Ел игілігі үшін өлшеусіз үлес қосқан Бабаларымыздың рухы ел мен жерді қорғап, сұңғылалы жастарымызға желкен болып, өнегелі істері жаңғыра бергей!» - деп батасын берген. Сөз орайы келгенде, Марал ишан әулиенің ықыласы түскен Қажы Мұрат Тоқпанұлы - Қажылыққа баруда, Мешіт пен Медресе салуда, Қарилер даярлауда, Диқаншылықта, Жерді абаттандыруда, Темір жол саласын дамытуда, Қайырымдылық мәселесінде Адамгершіліктен айнымай, Аламандар бәйгесін бермес дүлдүлге айналған жомарт жүректі жан екенін ерекше ілтипатпен тілге тиек еткіміз келеді.

Біз де әрбір ісі өнеге мен ғибратқа толы, Аллаға жақын болған Марал ишан бабамыздың өлмес те өршіл рухы егемен еліміз бен ұлан-ғайыр жеріміздегі барша халқымызды қолдап, қорғап, желеп, жебеп жүрсін деп тілейміз. Ал Қанат ақынға жазар көбейсін дейміз.

Әбдісаттар Әліп,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры - Бас редакторы.

Шымкент қаласы

Abai.kz

0 пікір