Мұнай бағасы құлдырауы мүмкін. Біз оған дайынбыз ба?
Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне ресми кірісіп жатқан мезетте мұнай-газ саласындағы тәуекелді нысана етіп, мақала жариялаған едік. Мақалада Трамптың билікке келуі шикізат бағасын төмендетуі мүмкін екені айтылған. Соған орай сарапшылар пікірін де қоса ұсынған болатынбыз.
Сол болжам шындыққа айналатын түрі бар. Өкінішке қарай, әрине. Кешегі өткен Давос экономикалық форумында Трамп Сауд Арабиясы мен ОПЕК-ке мұнай бағасын төмендету туралы өтініш білдірді. Айтуынша, тек осындай сценарий ғана Украинадағы соғысты тоқтатуға себепші болады.
Бұған Сауд Арабиясы да оңай келісуі мүмкін. Өйткені Саудия королі Мұхаммед бен Салман АҚШ-қа 600 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға ниетті екенін мәлімдеген еді. Бұл сөзсіз екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартады.
Трамптың мәлімдемесі фонында мұнай бағасы арзандап жатыр. Соңғы күндері 3,8 пайызға арзандап, барреліне 78 доллар болды. Ал егер Саудия мен ОПЕК АҚШ лидері өтінішін мақұлдаса не болмақ? Пандемия жылындағыдай баға 40 долларға дейін құлдырап кетпей ме? Ондай жағдайда өнеркәсібі мен экономикасы әртараптандырылмаған Қазақстан қандай қадамға барады? Сұрақ көп, жауап жалқы – біз тек ахуал дәл бұлай күрделенбейді деп үміт ете аламыз.
Дереккөзі: Мың теңге телеграм арнасы
Abai.kz