Ұшақ апаты: Тергеу қорытындысы келесі аптада жарияланады
Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеудің алдын ала қорытындысы келесі аптада жарияланады. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев 24 қаңтардағы баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді. Вице-премьердің сөзінше, 17-18 адамнан тұратын комиссия тергеу жүргізіп жатыр, оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Бразилия және ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) сарапшылары бар.
"Материалдар көшірмесі Әзербайжан мен Ресей тарапында да бар, Қазақстанның жасыратын ештеңесі жоқ", - деді Бозымбаев.
Әзербайжанның Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer жолаушы ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласынан 30 шақырым жерге құлады. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы тірі қалды.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа: "Ресей Федерациясының өкілдері жауапты", - деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындап, кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына орай кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
Abai.kz