Мемлекеттік кеңесші: Өз тарихымызды өзіміз жазамыз!
ЕРЛАН ҚАРИН: ШЕШІМДІ ЖАН‑ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАУ КЕРЕК, ҚАБЫЛДАҒАНДА – ҚОРЫҚПАУ КЕРЕК!
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы Қарин «Жібек жолы» телеарнасында сұхбат берді. Бір сағатқа созылған сұхбатта ол еліміздегі бірқатар өзекті мәселелер туралы ойларын ашық жеткізді. Онда өткен Ұлттық Құрылтай белгілеген бағытта қабылданған заңдар жиынтығы, Мемлекеттік наградалар туралы, онамастика мәселелері, Кенесары ескерткіші мен Қазақстан тарихы және жоспарланған «Алтын Орда» көркемдік‑деректі фильмі жөнінде нақты әрі дәл мағлұматтар берілді.
ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – МЕМЛЕКЕТТІК ДАМУҒА БАҒЫТ БЕРУШІ ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢЕСКЕ АЙНАЛДЫ
Соңғы өткен Ұлттық Құрылтайда еліміздегі өткір әрі шиеленісті мәселелрді шешу мақсатнда 9 заң жобасы ұсынылған болатын. Бүгінде ол заңдардың бәрі дерлік Мәжілісте талқыланып, қабылданды. Атап айтқанда, Әйел мен бала құқын қорғайтын заң, Мемлекеттік наградалар туралы, Лудоманияға және Вандализмге қарсы, Аймақтық символиканы реттеу, Есірткіге қарсы күрес заңдары қабылданды. Соның ішінде, Есірткіге қарсы заңның кейбір тұстары қоғамда үлкен резонанс тудырып, өткір талқыланғаны белгілі. Атап айтсақ, онда «есірткі өндірушілер» мен «есірткі таратушылар» атты тармақтар бар. «Өндірушлерге қатысты өмір бойына жазаға кесілу бар. Ол аса бір дау туғызған жоқ. Мұнда, есірткі барондарының небір қулық‑сұмдық жолдармен жас өспірімдерді есірткі таратуға тартуы, нәтижесінде өрімдей жастардың 7‑10 жылға сотталып кететіні Құқық қорғаушылрдың сынына ұшырады. Олар осы бапты жас тағдырдың тамырына балта шьбу, оларға түзелуге мүмкіндіктер бру, гуманизмнің болуы керек деген пікірді алға тартты. Олардыкі де дұрыс. Сондықтан бұл заң осы мәселеге қатысты барлық мекемелер мен органдарды жеке‑жеке шақырып, қатты талқыладық. Мәселен, Құқық қорғаушылардың пікірлеріне Құқық қорғаушы органдар қарсы. Олардың да себебі мықты, мәселен, олар «Бұл салада жеңіл жаза берер болсақ, онда ол есірткі таратуды тоқтата алмайды» деген ұстанымынан айнымады... Нәтижесінде біршама компромистік шешімге келген сыңайлымыз. Ол, егер қылмыс алғаш рет жасалса, онда қылмыскер 5‑10 жылға сотталады. Егер қылмыс қайталанса 7‑12 жылға сотталатын болып заңға енгізілді.
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ АРТТЫ.
Өткен жылы елімізде тоғыз жаңа «Құрметті атақ» дәрежесі пайда болды. Бұрын бұл атақтар Министрліктердің құзырында болып келді. Алайда, ол көпшілік тарапынан сынға ұшырап жататын, әрі, ол дұрыс сын болатын. Себебі, Құрметті атаққа ұсынысты жергілікті аймақ өзі дайындаса да, министрлік деңгейде шешім қабылдауда дұрыс бақылау болмады. Сондықтан, ол наразылардың сынына ұшырап жатты. Қазір бұл мәселемен Президент әкімшілігі айналысатын болды. Ал, «Құрметті атақ» Президент Жарлығымен бекітілетін болды. Мысалы, президент өткен жылы 20 ұстазға Құрметті атақты өз қолымен табыстады. Осы атақты алушылардың арасында қарапайым еңбек адамдарының үлесі артты. Ал, мемлекеттік қызметкерлер саны тізімнің оннан бірін ғана құрайды. Олардың көпшілігі аудан‑ауылдарда тынымсыз еңбек етіп жатқан қызметшілер ‑ біз олардың да еңбегін елеусіз қалдырмауымыз керек.
ОНАМАСТИКА ДИСБАЛАНС БОЛМАСЫН ДЕСЕК.
Онамастика мәселесі еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері еш өзектілігін жоймай келе жатқан сұрақтың бірі болып табылады. Жасыратыны жоқ, осы салады соңғы жылдары дисбаланс пайда болды.Кей жерлерде онамастиканы жеке бас мүддесіне қолдануға ұмтылыстар орын алуда. Тіптен, ол дау‑дамайға ұштасып жатады. Мысалы, біреу өз туысына көше атын алып берсе, оған екінші бір тұлға қосыла кетеді... Кейде қылмыстық топқа қатысы бар тұлғалардың атын беру әрекеті де болған. Нәтижесінде, бұл жергілікті биліктің де бас ауруына айналуда. Сондықтан, енді онамастикалық ұсынысты жергілікті тұрғындар өздері ұсынады, ал оны орталықта арнайы комиссия шешетін болады.
Осы бағытта біз Абай – шығыстыкі, Мәншүк – батыстыкі деуге жол бермейміз. Комиссияда осы реттеледі. Ескерткіштер төңірегінде де даулар туындап жатады. Мәселен, күні кеше «Астана әкімдігі Кенесары ханның ескерткішін алып тастады» деген шу шықты. Астана әкімдігі оның жөнделуге әкетілгенін, орны кеңейіп, бұрынғыдан да әдемі болып оралатынын айтса да, көп адамдар оны шуға айналдырғысы келді. Әрине, бұл дұрыс әрі дер кезінде түсіндіру жұмыстарын жүргізбеуге де байланысты болар бәлкім. Бізде ескерткіш қою жарысы бар. Мысалы, 1991 ж. кейін олардың саны үш есеге артқан. Сонымен қатар саны емес, ескерткіш биіктігі жағынан да көрші ауылдар арасында жарыстар бар екені жасырын емес...
ӨЗ ТАРИХЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ ЖАЗАМЫЗ
Біздің тарихты басқа біреу бізге жазып бермейді. Бұл – жалған пікір. Біздің тарихты өз тарихшыларымыз жазатын болады. Қазір 7‑томдық тарих даярлануда. Оған 5 тарихи зерттеу орталықтары тартылған. Оны жазуға 250 тарихшылар жұмыс жасауда. Осы апта аяғында тарихшылар конгресі өтпекші. Сол жерде 7‑томдықты талқылаймыз. Мемлекет тарапынан біз Ресей, Қытай, Монғол Жапон, Корей мұрағаттарынан дерек алу бойынша жұмыстар жасадамыз. Жаңа тарихи томдар жаңа деректермен толықтырылады. Кітаптар біршама дайын болған соң, зерттеуші университеттердің тарих кафедраларына жіберіліп, онда да талқыланады. Соңынан әдеби редакторлар оның жазылу стилистикасын біріздендіреді деді Е.Қарин.
Шынын айтсақ, пікірталас өз тарихшыларымыз арасында өтіп жатыр. Өйткені, көп сұрақтар бойынша бізде келіспейтін мәселелер туындап жатады. Бірақ, біздің оларға «нұсқау» беруге еш қақымыз жоқ – мәселені тарихшылардың өздері шешкені дұрыс деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші. Одан әрі, кеңесші «Біздің тарихи шежіреміз жасалмай жатқаны өзімізге намыс» деп, қоғам пікіріне қолдау білдірді.
АЛТЫН ОРДА – КӨРКЕМДІК‑ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ БОЛАДЫ
Сұхбат соңында Е.Қарин бұл фильмді түсірудің мақсаты туралы айтты: Бұл фильм еліміздің алып тарихы мен тұлғасын әлемдік мәдени платформаға шығаруымыз үшін де керек. Сол себепті біз фильмді түсіруге әлемдік мәдени кеңістікте өзіндік орны бар продюссерлік компаниясын шақырып отырмыз. Оқиғалар ауқымы өте кең. Мәселен, Жошы ханнан Кенесары ханға дейінгі уақыт алты жарым ғасырға созылады екен. Сол арада отыздан астам династия өкілдері хандар болған. Ал, Алтын Орда территориясы бойынша әлемде орын алған 20 империялар қатарында тұр деді ол. Дұрыс ой, сондықтан Алтын Орда – әлемдік құбылыс екенін мойындауымыз керек және мойындатуымыз керек..
Сұхбаттан фильмнің әрқайсысы 45 минуттық 6 эпизодттан (серия) тұратынын білдік. Бірақ, оған мемлекеттен емес, инвестор қаржысы жұмсалады екен. Соның өзінде, ол қаржы аты шулы болған «Көшпенділерге» қарағанда әжептеуір аз деді мемлекеттік кеңесші. Бұл фильмге Еуропадан да, Монғолиядан да көптеген актерлар шақырылады, түсіру ақпан айында басталып, далалық түсірулер сәуірден күзге дейін жалғасады. Одан әрі қысқа қарай монтаждау толық аяқталып, келесі жылы ол халықаралық платформаға шығады деп сенім білдірді.
Сөз соңында Е.Қарин айтқан сөз бізге ұнады. Бүгінгі шолуды сол оймен аяқтауды жөн көрдік:
Қандай мәселені болса да, оны алдын ала жан‑жақты әбден талқылау керек. Әбден талқылап алған соң, шешім шығарудан еш қорықпау керек, жауапкершілікті мойынға ала білу керек. Өйткені, бүгінгі ұрпақ өзіне жүктелген міндетті орындамаса, ол келер ұрпақтың мойнына жүк болады. Ендеше, бүгінгі сыннан қорқып, шегіне берсек, онда кім бізді алға жетелейді, кім кітабымызды шығарады, кім киномызды түсіреді?
Сұхбаттан репортаж жүргізген: Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz