АҚШ жазушысы: Мүсіреповтің романын оқып жатырмын
Америкалық жазушы Джудит Линберг Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын оқып жатыр екен. Ол бұл туралы осы сұхбатында айтты.
Оның «Ақмарал» атты романы қазір Америкада кітап дүкендерінде сатылып жатыр. Ежелгі Орталық Азия алқабында өмір сүрген көшпелі тайпадан шыққан жауынгер әйелдің тағдыры суреттелген туынды автордың жаңа романы.
Төменде оның сұхбатын ұсынамыз.
– Сұхбат беруге келісіп, өтінішімді қабылдағаныңыз үшін рахмет. Сіздің парақшаңыздан «Ақмарал» атты роман жазғаныңыздан хабардар болдық. Қателеспесем, бұл шығармадағы басты кейіпкер мен оқиға Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға қатысты сияқты.
– Дәл солай. «Ақмарал» – б.з.д. V ғасырда Орталық Азия даласында өмір сүрген көшпелі әйел-жауынгер туралы роман. Бұл туынды Қазақстандағы Есіктен табылған Алтын адам мен Тывадан табылған Сібір мұз ханшасы туралы археологиялық зерттеулерге негізделген. Аталған тақырыпқа қатты қызықтым. Грек тарихшысы Геродоттың Троя соғысына қатысқан амазонкалар туралы жазбаларын да зерттедім. Осы кітапқа кіріспес бұрын шығармашылық ізденіс аясында тарихқа, Орталық Азияның кең көсілген алқабына және мәдениетіне терең үңілдім. Шығарманы жазу барысында көшпелілердің мал шаруашылығы мен аңшылыққа негізделген дәстүрлі өмір салтын түсінуге тырыстым. Менің мақсатым – осы ұмыт қалған көне мәдениетті адамзат тарихының үлкен хронологиясында көрсету болды.
– Осындай роман жазу идеясы қалай пайда болды?
– Барлығы Сібір мұз ханшасы туралы деректі фильмді көргеннен басталды. Мен ежелгі тарих пен археологияны жақсы көремін, әсіресе әйелдердің өмірі туралы бұрын естімеген, оқымаған деректер, ашылған шындықтар мені қатты қызықтырады. Біз айтып отырған мұз ханшасының мүрдесі өте жақсы сақталғаны соншалық, оны көз алдыма елестетуге де болатын еді. «Ол қалай өмір сүрді екен, неге соншама алыс жерде жерленді?» деген сұрақтар мені күн сайын толғандырды. Зерттеу барысында оның жалғыз емес екенін, сол дәуірде көптеген әйелдің әскери жарақаттардан өлгенін анықтадым. Осы тарихи деректерді жинақтап «Ақмарал» романын өмірге әкелдім. Бұл атау қазақша «ақбөкен» деген мағына беретінін де түсіндім. Осы рәміз романымның маңызды рухани бөлігіне айналды.
– Көшпелі халықтар, соның ішінде қазақтардың өмірі мен тарихы туралы ағылшын тілінде жазылған шығармалар саусақпен санарлық. Шын мәнінде, номадтар өз дәуірінде еркін әрі шынайы өмір сүрген. Бірақ қазіргі уақытта олардың құндылықтары мен өмір салтын дәріптей алмай отырмыз. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Өте үлкен мәселе туралы ой тастап отырсыз. Шын мәнінде сарматтар немесе Орталық Азия туралы Батыс әдебиетінде өте аз жазылған. Мен осы ұмыт қалған тарихқа оқырмандардың назарын аударғым келді. Көптеген адамға ежелгі халықтардың жетістіктері мен көшпелі мәдениетінің күрделілігін түсіну қиынға түсері анық. Ал мен көшпелі халықтардың табиғатпен үйлесімді өмір сүруі таңғажайып мүмкіндік екенін түсіндім. Олардың ұғымындағы «ту тіккен жерін тұғырым деп» тануы маған қатты әсер етті. Ойланып көрсек, Батыс өркениетінде біз табиғаттан алыстап барамыз. Ал өз кейіпкерлерім арқылы жер мен табиғатқа деген ерекше қарым-қатынасты жеткізгім келді.
– Сіздің романыңызға сыншылар жоғары баға беріпті. Мұндай тарихи мәліметті қайдан алдыңыз?
– Мен көптеген археологиялық және тарихи дереккөзге жүгіндім. Сондай-ақ Қазақстан, Моңғолия және Тывадағы әлі күнге дейін сақталған көшпелі мәдени дәстүрлерді зерттедім. Романды жазу барысында өткен дәуірдің еншісіне тиесілі көшпелі мәдениетті шынайы көрсетуге тырыстым. Батыс адамы болсам да, көшпелі жұрттардың төзімділігі мен өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетін жоғары бағалаймын. Шындығында, қазіргі заманда олардың өмірін қайталау тым қиынға түсері сөзсіз. Бір нәрсе анық, осы шығарманы жазу арқылы көшпелі халықтардың күш-қуаты мен даналығын сезіндім.
– Сармат дәуіріндегі әйел жауынгердің бейнесін жасауда қандай қиындық болды?
– Маған әйел адамның соғысқа саналы түрде баруын елестету өте қиын тиді. Өйткені зорлық-зомбылыққа қарсы адаммын. Бірақ кейіпкерім Ақмарал өмір сүрген дәуір мен құндылықтар мүлдем бөлек еді. Ол жабайы аңдарды аулап, жаулармен шайқасуға мәжбүр болды. Әрбір шайқас сахнасын жазу кезінде Орталық Азияның дәстүрлі «көмеймен айтатын» әндерін тыңдап, сол замандағы қорқыныш пен шайқас ауыртпалығын тереңірек сезінуге тырыстым.
– Америка мен басқа елдердің оқырмандары романыңызға қандай баға беріп жатыр?
– Мен романымның ауқымды түрде қабылданғанына өте қуаныштымын. Америкалық оқырмандар мен басқа елдерден келген пікірлер ризашылыққа толы деп айтар едім. Олар Орталық Азияның бай тарихына таңғалып, романдағы әйел жауынгерлерді «Тақтар ойыны» секілді қиялдан туған кейіпкерлер емес, шынайы тарихи тұлғалар екеніне таңданысын білдіріп жатыр.
– «Ақмарал» романын қазақ тіліне аудару туралы ұсыныстар болды ма?
– Иә, аудармаға деген үлкен қызығушылықты байқадым. АҚШ-та тұратын немесе ағылшын тілін білетін қазақтар байланысқа шығып, өз пікірлерімен бөлісті. Бірақ әлі күнге дейін аударма бойынша нақты келісім жасалған жоқ. Бірақ Қазақстаннан баспа өкілдері маған немесе менің баспама хабарласады деп үміттенемін. Бұл романды ең жақсы түсінетін оқырмандар Қазақстанда екеніне сенімдімін.
– Қазақ әдебиетімен таныстығыңыз бар ма?
– Қазақ оқырмандарының ұсынысымен аударылған кейбір шығармаларды оқуға мүмкіндік туды. Қазір Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын оқып жатырмын. Қазақ әдебиетінің бай мұрасымен толық таныса алмағаныма өкінемін, бірақ аударма арқылы одан әрі зерттегім келеді. Әдеби аударма мәдениетіміз бен ортақ адамзаттық құндылықтарымызды түсінудің маңызды құралы деп білемін.
– Алтын уақытыңызды қиып, сұхбат бергеніңізге рахмет!
– Сізге де рахмет! Шығармашылық байланыста болайық.
Ағылшын тілінде сұхбаттасқан Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz