Бейсенбі, 30 Қаңтар 2025
Маңызды 671 2 пікір 29 Қаңтар, 2025 сағат 14:45

Марко Рубио - сенатордан сыртқы саясатқа...

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Трамп әкімшілігіне ұсынған кандидаттардың ішінде бірінші болып танымал сенатор Марко Рубио 99:0 дауыспен әріптестерінің бір ауыздан ризашылығын алып, Американың 72-кезекті Мемлекет істер хатшысы болып тағайындалды. Американың басты бәсекелесі Қытайдың 2 рет санкциясына ілінген Марко Рубио не бүлдіріп еді?

Марко Рубионың өмір жолы

Тегі Кубалық Рубио 1971-жылы Флорида штатының Майами қаласында дүниеге келген. Ата-анасы Кастроның репрессиялық режимінен құтылу үшін 1950-жылдары Кубадан Америкаға қашып келген.

Рубионың ата-анасы көптеген жаңа қоныс аударушылар сияқты Майами мен Лос-Анджелестегі қонақүйлерде бармен және үй қызметшісі болып жұмыс істеген. Ол иммигранттардың жақсы өмір сүру үшін бар күш-жігерін салып, үлкен құрбандықтар беретінін үнемі айтып жүреді.

Рубио 14 жасында жақындарымен бірге Калифорниядан Майамиге көшіп келеді, кейін Флорида университетін саясаттану бакалавры дәрежесімен бітіреді және Майами университетінің заң мектебінде заңгер дәрежесін алады. Оқуын бітіріп, заңгер болады.

Оның саяси мансабы 2000-жылы Флориданың Өкілдер палатасына сайланған кезде басталды. Штаттың заң шығарушы органында ол тез көтеріліп, Флорида Өкілдер палатасының алғашқы кубалық-американдық спикері болды (2006-2008). Осы уақыт ішінде ол Республикалық партия мен Флорида консерваторлары арасында беделге ие болды.

2010-жылы Рубио сол кездегі штат бастығы Чарли Кристке бәсеклесіп, АҚШ Сенатына үміткер болды. Сол кездегі АҚШ-тағы беделді оңшыл «Tea Party» қозғалысының көмегімен орда бұзар шағында қарсыластарынан басым түсті. Оның жеңісі Республикалық партияның консервативті қанатының үлкен жеңісі ретінде бағаланды.

2011-жылы АҚШ сенаторы қызметіне кіріскеннен бері Рубио Конгрестің атқарушы комитетінің қытайға қатысты комиссиясы мен Сенаттың Барлау комитетінде қызмет етті, ол сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты өз пікірін жиі білдіріп, дүние жүзіндегі авторитарлық режимдерді сынады. Олардың қатарында ата жұрты Кубамен бірге Венесуэла, Қытай қатарлылар бар.

Рубио Қытайға қатысты қатал позицияны ұстанып, Бейжіңнің адам құқықтары мен сауда тәжірибесін айыптайтын саяси заң жобаларын ұсынып, Бейжің тарапынан қатты сынға ұшырады. Тайваньға бірнеше рет қолдау білдірді. Сенатта ол қатысқан заң жобасы негізінен Қытайға демеушілік жасаған алпауыт компанияларға, режимдерге бағытталған. Соның салдарынан Бейжіңнің екі реткі санкциясына ілінді.

Католик дінін ұстанатын Рубио 2015-жылы АҚШ Жоғарғы сотының бүкіл ел бойынша біржынысты некені заңдастыру туралы шешіміне ашық түрде қарсы шығып, бұл шешімді сот билігін шамадан тыс кеңейту деп сынады.

Сенатта болған уақытында ол бір жынысты некені қолдайтын немесе заңдастыратын ешбір заңнаманы қолдамады және некені еркек пен әйел арасындағы одақ ретінде анықтау үшін конституцияға түзету енгізуді жақтады. Ол сондай-ақ трансгендерлерге өздерінің жыныстық сәйкестігіне қарай жуыну бөлмесін таңдауға мүмкіндік беретін саясатқа бірнеше рет ашық түрде қарсылық білдірді, мұндай саясат басқалардың, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтары мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін алға тартты.

Рубио «өмірді қорғау» саясатын, "түсік түсіруді шектейтін заңнаманы" қолдайтын, абортқа қарсы табанды адам. Рубионың берік консервативті құндылықтары оны американдық консерваторлар арасында жұлдызға айналдырды.

Рубио дайындаған заң жобалары:

Ұйғырлардың адам құқығы туралы заң жобасы" (2019)

Қос партия бірдей қолдаған бұл заң жобасын Рубио дайындаған. Онда Шыңжаңдағы ұйғыр азшылығына қарсы адам құқықтарының бұзылуына жауапты Қытай шенеуніктеріне санкциялар салу, Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы адам құқықтарын бұзуы мен теріс әрекеттеріне, атап айтқанда жаппай қамау мен бақылауға алуына қарсы бағытталған. Заң жобасы 2020-жылы қабылданды, оған сол кездегі президент Трамп қол қойды. Сол кезде Қытайдың бүкіл қытайлық халық өкілдері жиналысы мәлімдеме жасап, АҚШ-ты Қытайдың ішкі істеріне өрескел араласты деп сынап, оған батыл қарсылық білдірген еді.

"Гонконгтағы адам құқықтары және демократия туралы акт" (2019)

2016-жылы Рубио АҚШ Конгресі - Қытай комиссиясының тең төрағасы болған кезде Вашингтонда Гонконг демократиясының белсендісі Джошуа Вонгпен кездескеннен кейін Гонконг актісін ұсынды. 2019-жылы Гонконгта экстрадиция туралы заң жобасына қарсы наразылықтар басталды және АҚШ Сенаты мен Өкілдер палатасы заң жобасын екі жақты консенсуспен қабылдады. Заң жобасы Бейжіңнің Гонконгтағы қысымына жауап ретінде Гонконгтағы демократия мен адам құқықтарын қолдауға бағытталған. Бейжің мұны кезінде қатты сынға алып, Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл заң жобасын Қытайдың ішкі істеріне араласу әрекеті деп бағалады.

"Тайваньды қорғау және ұлттық тұрақтылық туралы заң" (2023)

Рубио мен демократ сенатор Гэри Питерс АҚШ үкіметінің тиісті департаменттерінен Қытайдың Тайваньға ықтимал басып кіруіне жауап беру жоспарын әзірлеуді талап ететін заң жобасын бірлесіп ұсынды. Мәлімдемеде бұл ұсыныс АҚШ Қорғаныс министрлігінен, Сауда министрлігінен және басқа федералды агенттіктерден Қытайдың Тайваньға шабуылына АҚШ-тың дайындығы мен қарсы шаралары, соның ішінде Бейжіңнің ықтимал шабуылына жауап беру стратегиялары туралы Конгресске есеп беруін талап ететіні айтылған.

"Американдық инвеститция жауапкершілігі туралы заң" (2023)

Рубио заң жобасын жазушының бірі болып табылады, ол АҚШ қор биржаларында тіркелген шетелдік компаниялардан АҚШ аудит стандарттарын сақтауды талап етіп, тәртіпке қарсылық көрсеткен қытайлық компанияларға бағытталған. Заң жобасы сонымен қатар АҚШ компанияларының Қытайдағы инвестициялары мен капитал ағындарын толық көрсету үшін АҚШ-тың шетелдегі инвестициясы туралы деректердің жиілігін арттыруды, АҚШ-тың Қытайдағы инвестициясы туралы ақпаратты АҚШ Конгресімен үнемі бөлісуді талап етеді.

Марко Рубио сенаттағы тыңдауда не айтты:

Қаңтардың 15-күні АҚШ сенатында Рубионың кандидатурасын талқылау мақсатында тыңдау өтті. Рубио әріптестерінің Украина-Ресей соғысы, Газа қақтығысы қатарлы геосаяси жағдайға байланысты өткір сұрақтарына тыңғылықты жауап берді.

Қытай, Ресей, Иран, Солтүстік Кореяны бірлесіп Американы жарға жыққысы келеді дей келе, Қытайды «21-ғасырдағы Американың дамуына басты кедергі» деп атады. Қытай Сыртқы істер министірі өкілі оған дереу наразылық білдірді.

Трамптың алдынғы Мемлекет істер хатшысы Майк Помпеоны қытай тарабы "Біз Қытай халқы мен қытай коммунистік партиясын бөліп қараймыз" дегені үшін "Адамзаттың жауы" деп, оның ақылшысы қытайдан шыққан Майлс Ю профессорды "ұлт сатқыны" деп айыптаған еді.

Қайта сайланған Трамптың қытайдың екі рет қара тізіміне іліккен жаңа Мемлекет істер хатшысы Рубио өзіне салынған екі реткі санкцияның салдарынан қытайға кіру құқығынан мақұрым болып тұр. Бұл жайт әлемдік БАҚ тың назарын аударуда. Қытай ресми өкілі "Рубиоға шығарылған санкцияың күші жойыла ма?" деген сұраққа кесімді жауап бермей, екі тараптың байланыс жолдарын табатынын жеткізген.

Қытайдың әйгілі "Глобал" журналының сарапшысы "қалай десек те ұпай жұрісі біздің қолда" деп жазған.

Өткен жұмада Рубио Қытай Сыртқы істер министрі Ван И мен телефон арқылы сөйлесіп, "Тайуан мәселесін" талқылады. Мемлекет істер хатшысы болып сайланудың алдындағы Сенаттағы тыңдауда Рубио: "Қытай билігінің ағылшынша берген түсініктемесіне емес, олардың өз тілінде не жазғанына назар аудару керек" - деген еді. Кезекті әңгімеден кейін де оның сөзінің жаны бар екені тағы да расталған.

Abai.kz

2 пікір