Инвестиция тартудың маңызы және қазіргі жағдайы
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге.
«Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент экономикаға инвестиция тарту маңызды мәселе екенін атап өтті.
«БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Бұл ретте, Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек. Экономист Бекнұр Қисықов та елге инвестиция тартуда ескерілуі тиіс бірнеше факторды жіпке тізді.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті. Инвестициясыз экономика дамыайды, ал инвесторларсыз бизнес саласында тіршілік болмайды. Сондықтан, әлбетте, инвестицияны тартуға ерекше көңіл бөлінуі керек. Дегенмен, инвестиция тартымды болу үшін бірнеше маңызды факторлар ескерілуі қажет. Біріншіден, біз инвестор шақырғанда, оған қажетті инфрақұрылымды дайындауымыз керек. Инвестиция тарту үшін нарық дайын болуы тиіс», - деді Бекнұр Қисықов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде біздің экономикада инвестиция тартудың мәдениеті төмендеу.
«Мысалы, Батыс Қазақстанда бұрын көбінесе мұнай саласына инвестиция тартылған болатын. Бұл қазба байлықтарынан түсетін табыс бір кездері пайдалы болған шығар, бірақ қазіргі жағдайда мұндай инвестицияларды тиімді деп айту қиын. Өйткені, сол кезде жасалған келісімшарттар қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Біз сол келісімшарттарды қайта қарап, оларды халыққа пайдалы етіп жаңартуымыз қажет. Екіншіден, қазіргі уақытта үкімет салықтарды көтермекші. Ал инвесторға салықты көтеру шешімі қандай пайда әкеледі? Егер салықтар жоғары болса, онда инвесторлар үшін тартымдылық төмендейді. Осыған байланысты салықтық преференциялар қарастырылуы тиіс. Мысалы, ҚҚС деңгейін 10-15%-ға төмендетіп, салықтық жеңілдіктер немесе салықтық демалыс беру инвесторларға үлкен қолдау болар еді», - деді экономист.
Сарапшының пайымдауынша, үшіншіден, инвесторлар көбінесе пайда көру мақсатында жұмыс істейді, сондықтан олар өзіне тиімді секторларды таңдайды. Дегенмен, бізге тек қазба байлықтарына ғана емес, басқа да маңызды салаларға - мысалы, IT секторына, аграрлық өндіріс саласына, өндірістік және жоғары технологиялық жобаларға инвестиция тарту маңызды. Бұл салалар еліміздің ұзақ мерзімді дамуына оң әсер етуі мүмкін. Ал, мұнай мен басқа да табиғи ресурстарға тартылатын инвестициялар тек шектеулі пайда әкеледі, сондықтан олардың орнына басқа бағыттарға басымдық берілгені жөн.
«Президент айтқандай, инвесторларды тарту тек бір бағытта емес, барлық деңгейде жүзеге асуы тиіс. Өңірлерде, облыстар мен аудандарда инвестиция тарту процесі жақсы қадағалануы керек. Әр ауданның әкімдері қай салаларға инвестиция тартылғанын білуі шарт. Инвестиция тек шетелден ғана келмейді, ішкі инвестициялар да маңызды. Мысалы, әр адамда белгілі бір соманы инвестициялау мүмкіндігі болуы мүмкін, бірақ оған мүмкіндік жасалды ма? Мысалы, инфрақұрылым мен қойма мәселелері шешілген бе? Бұл да маңызды аспект», - деді Бекнұр Қисықов.
Төртіншіден, инвестиция тарту кезінде дұрыс болжам жасап, сол болжамның негізінде шешімдер қабылдау қажет. Сарапшының сөзінше, қазіргі уақытта экономикадағы үлкен проблема — ол нақты болжамдардың жоқтығы. Қай салаға инвестиция тарту қажеттігін нақты білуіміз керек. Қазір көбінесе мұнай мен қазба байлықтарынан бөлек, құрылысқа, қалалар инфрақұрылымына да инвестиция қажет. Осыған байланысты, инвестицияның көлемі мен бағыттары нақты болжамдармен шешілуі керек.
«Инвестициясы тартымды мемлекетте жұмыс істейтін кадрлар болуы керек. АҚШ-та неге инвестиция көп, өйткені оларда адами капитал жоғары. Кез келген сала маманын тауып алады. Ал, бізде кадр тапшы. Бізде жоғары оқу орындары мамандар даярлап жатады, соның өзі жеткіліксіз. Кейбір пәндер мен білім беру бағдарламалары қысқарған. Әсіресе, су мамандары тапшы. Аралдың өзіне көп инвестиция тартуға болады. Су деген тіршілік нәрі, байлықтың көзі. Қазір гидромелиоратор деген маман қалмаған, сумен айналысатын адам жоқ. Мен сол бойынша бір жыл оқығанмын. Қазір жастарға ол қызық емес. Соның кесірінен елде кадрлық тапшылық жоғары. Сондықтан инвестицияның тартылығын арттыру үшін кадр қажет», - деді ол.
Бекнұр Қисықов кезекті мәселе ретінде коррупцияны алға тартады.
«Инвестордан ақша дәметуге болмайды. Бірақ кейінгі жылдары елде коррупция көрсеткіші, деңгейі төмендеп келе жатыр. Оны біржолата жою жағын күшейту керек. Инвестициясы тартымды мемлекеттердің тағы бір қыры – заңның дұрыс жұмыс істеуінде. Президент айтқандай, заң мен тәртіп бар жерде, бәрі шешіледі. Инвесторлар легі де артады. Өйткені мемлекетке, бизнеске қаржы құюшыларға гарантия, кепілдік, экономикалық және саяси тұрақтылық керек. Құдайға шүкір, саясат жағынан тұрақтылық бар, ал экономика жағынан айту қиындау, себебі доллардың бағасы өсіп жатыр, инфляция жоғары. Тағы бір айтып кететін мәселе – маркетинг, ПИАР. Бізде инвестиция шақыратын институттар бар ғой, бірақ олар шетелде қалай жұмыс істеп жатыр, қалай тартып жатыр, оны халық білмейді. Сол жағын қадағалау керек деп ойлаймын», - деді Бекнұр Қисықов.
Жиында Президент Үкіметке инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеруге тапсырма берді.
«Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, «Электр энергетикасы» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Ертуған Үмбетқұловтың саралауынша, кейінгі жылдары Үкімет жылу электр стансаларында орын алған апатты жағдайлардың бәрін зерттеп, бағалап, кемшіліктерін Президентке ұдайы жеткізіп жатқаны байқалады. Өйткені саланы дамытуда алға жылжулар бар. Бірақ басты мәселе – кадр тапшылығында екені ескерілуі тиіс.
«Қазір энергетика саласында білікті мамандар тапшы. Бүгінде энергетиктерді дайындап жатқан оқу орындары жоқ емес, баршылық. Тіпті, кейбір гуманитарлық университеттер де электр энергетикасы, жылу энергетикасы мамандықтарын дайындайтын оқу бағдарламасын ашып қойған. Энергетика саласында жұмыс істеп жүрген мамандардың жетіспеуі жалақының аздығынан деп ойлаймын», - деді Ертуған Үмбетқұлов.
Мәліметке сүйенсек, энергетика кәсіпорындарында 57 мың адамға штат бар. Бірақ былтырғы жағдай бойынша нақты саны 52,5 мың қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл секторға 4,5 мың маман жетіспейді деген сөз. Десек те, соңғы кезде Үкімет бұл мәселені шешіп, осы бағытта батыл шешімдер қабылдап жатыр. Мәселен, 1 ақпаннан бастап шекті тарифті түзету арқылы өндірістік қызметкерлердің жалақысы көтерілмек. Білікті мамандарсыз күрделі жабдықтарға ие болу қиын.
«Екіншіден, бүгінде тәлімгерлер төрт жыл оқып, «бакалавр» дәрежесін алып шығады. Ал бакалавриатта екі жыл жалпы пәндер бойынша білім беріледі. Мамандық сабақтар тек 3-курстан бастап, 4-курстың жартысына дейін оқытылады. Қалған уақытта практика өтеді. Екі жыл ішінде өте күрделі, аса жоғары кернеулі энергетика нысандарында жұмыс істеу оңай емес. Оның үстіне 220 киловольттық, 500 киловольттық қосалқы стансаларда тек министрліктің рұқсатымен болмаса, ешкімді кіргізбейді. Осы ретте қосалқы стансаларда да нағыз энергетик мамандар жетіспейді. Мәселені шешу жолдарына келсек, электр энергиясы барлық жерде қолданылатыны баршаға белгілі. Ал әр маман әр деңгейде жұмыс істейді. Бізде 70-80 пайызы кәсіпорындарда, мекемелерде кернеуі аз жабдықтармен жұмыс істейтін мамандар. Сондықтан үлкен энергетикалық жүйелерде, тораптар мен қосалқы стансаларда жұмыс істейтін арнайы білім беру бағдарламалары болу керек. Осыған Үкімет назар аударуы тиіс деп есептеймін. Төрт жылда білікті маман даярлап үлгермесек, бізде кәсіптік бейіндік магистратура деген бар. Соған көңіл бөліп, арнайы орындарды көбейту керек. Өйткені 220, 500 кВ кернеуі аса жоғары қосалқы стансалар мен тораптарда жұмыс істеу өте қауіпті, көзге көрінбейтін тоқтардың заңдары әртүрлі. Сондықтан онда жұмыс істейтіндер өз ісінің нағыз шебері, білімді, білікті маман болу керек. Мықты маман даярлаудың бірден-бір жолы – магистратурада орын санын арттыру. Ал магистранттарды дайындауда Алматы энергетика және байланыс университетінің көпжылдық тәжірибесі бар», - деді техника ғылымдарының кандидаты.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент энергетиканы дамыту мәселесіне де тоқталды.
«Еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже. Біздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағдарымыз өзгермейді. Алайда оны жүзеге асыруға барынша байыппен, салмақты түрде қараған жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ғалым Ертуған Қожағұлұлының пікірінше, кейінгі жылдары елде энергетика саласын дамытуда ауқымды шаруалар атқарылып келеді.
«Бізде генерация аз емес. Мәселен, келер жылы Түркістан облысы Төле би ауданында 1000 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы базасында электр стансасы іске қосылады. Сондай ірі құрылыстар қазір Оңтүстіктің басқа өңірлерінде де салынып жатыр. Көкшетау, Өскемен, Семейде құрылысы жоспарланған жылу электр орталықтары да бар. Бұдан бөлек, күн, жел стансалары да іске қосылып жатыр. Демек, бүгінде қуат көздерінің өсу қарқыны жаман емес. Тек электр жүктемесінің кестесін тиімді реттеу керек, бізге қуат көздері әзірге жеткілікті. Президент қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдаланып, ескі ЖЭС-терді инновациялық көмір стансаларымен алмастыруы керектігін айтты. Мен мұны қолдаймын. Мемлекет басшысы сонымен қатар Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұрғанын алға тартты. Оларда қоршаған ортаға зиянын келтірмейтін, мемлекетке тиімді жақсы жобалар бар екенін айтты. Ондай жобаларға біз қолдау білдіруіміз керек. Олар заманауи технологиялармен салады», - деді Ертуған Үмбетқұлов.
Профессордың айтуынша, Қазақстан қазір энергетика секторына қажетті жабдықтардың бәрін Қытайдан алады. Күн мен жел энергетикасы қондырғыларының бәрі Қытайдың зауыттары шығарады. Сондықтан дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып тозығы жеткен ЖЭС-терді инновациялық көмір стансаларымен алмастыру құптарлық іс.
«Біз жақында Қытайдың ғалымдарымен кездестік. Олар менен бізде жалпы электр стансаларының бәрін жинаған кезде қуат көлемі қанша екенін сұрады. Мен «24 ГВт» дедім, олар күлді. Өйткені оларда жел электр стансасының қуаты – 500 ГВт, ал күн электр стансасының қуаты – 250 ГВт. Олар табиғаттың мүмкіндігін осылай пайдаланып жатыр. Бізде де жел мен күн кем емес. Жуырда бізде жел электр стансаларына қажетті мұнараларды шығаратын зауыт ашылайын деп жатыр. Жинағыштарды да шығаруды көздеп отыр. Жинағыштарды қолдансақ, бізде жыл сайын электр станса салудың қажеті жоқ. Жинағыштарды, жаңартылған энергия көздерін дұрыс пайдаланып, дамытсақ, мәселені дұрыс шеше аламыз деп ойлаймын», - деді Ертуған Үмбетқұлов.
Жанна Жомарт
Abai.kz