Жұма, 31 Қаңтар 2025
Анық-қанығы 201 2 пікір 31 Қаңтар, 2025 сағат 15:20

Д. Қонаевтың Шоқанға ескерткіш тұрғызуы

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» Шоқан Уәлиханов.

 Қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі Дінмұхамед Қонаев атамыз естелігінде былай деп жазған: «Панфиловтан қайтар жолда қазақтың ұлы ғалымы, сегіз қырлы, бір сырлы азаматы - Шоқан Уәлихановтың жатқан жеріне тәуап еттік. Оқырманға тарихтан белгілі, Шоқан 1865 жылы сәуір айында Алтынемел жотасының етегіндегі Көшентоған деген жерде дүние салады. Кезінде күйген кірпіштен күмбез тұрғызылса керек. Кейін сәулетші П.Зенковтың жобасы бойынша Шоқанның басына көктас қойылады. Бірақ уақыт сүрлеуіне төтеп бере алмады ма, жоқ, басынан неше алапат заманды кешкен қазақ даласының қасірет ұшқыны оны да шарпымай өтпеді ме, әйтеуір, бұрынғыдан із де қалмайды. Біз айнала қарап, мынадай ақылға келдік: Шоқан – қазақтың маңдайына біткен жұлдыз, оның өлмес мұрасын өскелең ұрпаққа ұсына отырып, ол жатқан жерді ары-бері өткен қазақ соқпай өтіп, аруақ аттағандай болып жүрмесін, тым болмаса, тәуап етіп қайтып жүрер қасиетті орынға айналсын деп, көктасын қалпына келтіруге байлам жасадық. Қысқа мерзімде ескерткіштің жобасы жасалды. Оны салуға 240 мың сом қаржы бөлдірттім. Шоқанның бейнесі бедерленген құлпытас 1958 жылы салынып бітті. Ол ашыларда мен арнайы келіп, тағы да тәуап етіп, құран шығартып қайттым» (Қонаев Д.А. Өтті дәурен осылай: Естелік-эссе. Орыс тілінен еркін аударған және автордың ықыласымен қазақша нұсқасын кеңейтіп, әдеби редакциясын жасаған журналист Серік Әбдірайымұлы. - Алматы:Алматыкітап баспасы, 2011. – 496 б.  196-197 беттер).

Өз тарапымыздан осы тарихи деректі тереңірек зерттеу және Д. Қонаев атамыздың тапсырмасының қалай орындалғанын анықтау мақсатында Талдықорғандағы «Жетісу облысының мемлекеттік архиві» мекемесіне сұрау жолдаған едік. Нәтижесінде, қолымызға архивтің №1152 қорында сақталған 1957-1958 жылдары қабылданған төмендегі құжаттардың көшірмелері тиді.

Атап айтсақ, 1957 жылдың 12 қазанында Еңбекшілер депутаттарының Талдықорған облыстық Советі атқару комитетінің орыс тілінде жазылған «Об изготовлении проектно-сметной документации надгробного сооружения Чокану Валиханову» атты №549 қарары қабылданған екен.

Одан кейін, 1958 жылғы 17 мамырда жоғарыда аталған атқару комитетінің екі шешімі шығарылыпты: №253  «Об утверждении сметы на строительство надгробия Чокану Валиханову», мұнда құрылыстың жобалық құны 263264 рубль деп бекітілген және № 254 «О строительстве надгробия Чокану Валиханову»

Бұл құжаттармен толық таныса отырып, сол кезде Шоқан ескерткішін тұрғызу алдында ұлы ғалымның сүйегі нақты қай жерде жатқанын анықтау мақсатында ешқандай ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілмеген деген қорытындыға келеміз. Жоғарыдағы құжаттардың мәтінінде ол туралы бір ауыз сөз де жоқ. Сондықтан, Шоқанға тұрғызылған обеликск-ескерткіш неліктен сол орынға орналастырылған деген заңды сұрақ туады.

Мына суретте Д.Қонаев атамыздың Шоқан Уәлиханов ескерткішінің құрылысы аяқталғаннан кейін, яғни 1958 жылдың күзінде келгенде түскен сәті көрсетілген. Біз Д.Қонаевтың оң жағында тұрған адамдарды танымадық, ал сол жағында Талдықорған облыстық партия комитетінің хатшысы А.Алыбаев, Шоқан колхозының төрағасы И.Базарбаев және Шоқан колхозы партия ұйымының хатшысы А.Абдрахманов деп пайымдадық.

 

Бұл әйгілі ескерткіш Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылы маңындағы «Көшен тоған» атты жерде жергілікті халық «Төрелер зираты», «Төрелер қорымы» деп атайтын ескі бейіттердің жанында орналасқан.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Кербұлақ ауданының тумасы, Шоқан атындағы колхоздың 1964-1979 жылдардағы төрағасы Игібай Базарбаев туралы жазылған «Қазақтың қайсар ұлы» атты естелік кітаптың  172-бетінде мынадай жолдар бар: «Анау төменгі жақта Көшен тоғаны біткеннен кейінгі бейіттер «Төрелер зираты» деп аталады» (Құрастырушы Нұрила Бектемірова. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2015. 248 бет).

Бұл жерден 3-4 шақырым қашықтықта қазіргі ресми атауы «Шанханай», ал бұрыннан келе жатқан атауы «Шоқан колхозы» деген елді мекен бар.

Өзіміз де сол ауылда балалық шағымызды өткізіп, Шоқан атындағы орта мектепті бітірген едік. Жастайымыздан Шоқан мен оның замандастары, Тезек төре мен Көшен төре, Айсара туралы көптеген аңыз-әңгімелерді естіп өстік. Мектеп қабырғасынан бастап аталған тұлғалар жайында жазылған мақалаларды, кітаптар мен журналдарды оқып, материалдар жинақтап, шамамыз келгенше Шоқантану ісімен айналысып келе жатырмыз.

Осы уақытқа дейін «Шоқан кімге керек?», «Шоқан және Тезек төре», «Шоқан музейіндегі балбал тастар құпиясы», «Шоқан салған суреттер», «Шоқан ілімінің көкжиегі», «Шоқан қазақтың тұңғыш прозаигі», «Қазақтың тұңғыш Шоқаны», «Әр қазақ баласы Шоқандай болуға талпынуға тиіс», «Шоқан сүйген Айсара», «Қазақтың жарық жұлдызы» сынды ғылыми-зерттеу мақалалар жарияладық.

Келіп жеткен 2025 жылы ұлы ғалым, ағартушы, гуманист Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады.

Айтулы дата қарсаңында жоғарыда аталған ескерткіштің қалай тұрғызылғаны, кімдердің атсалысқаны туралы көзі қарақты, көкірегі ояу ауыл ақсақалдарынан тағы бір сұрап көруді жөн санадық.

Осы мақсатпен 2024 жылғы 19 қыркүйекте Шоқан ауылына барып, жас кездерінен Шоқан атындағы колхозда жұмыс істеп, зейнетке шыққан екі-үш ақсақалдың басын қосып, «Көшен тоғанға» бардық. Шоқан басында            1938 жылғы Қабдолда Елубаев, 1941 жылғы Сталхан Сейітқазинов және 1952 жылғы Дүйсенбай Тулемисов сынды аға буын өкілдерін әңгімеге тарттық.

Қабдолда мен Сталхан қариялар ғылыми жаңалық деп есептейтіндей, өте қызықты келесі мәліметтерді айтты.

Ескерткіш тұрғызылған 1958 жылға дейін ол жерде сыртқы пішіні қазақ үйге ұқсайтын екі күмбез және сырты қоршалмаған, ешқандай белгі қойылмаған, топырағы төмпешік болып үйілген тағы бір мола тұрған көрінеді. Екі күмбез бір-біріне жақын орналасқан, қабырғалары кірпіштен қаланған «төртқұлақты», төртбұрышты болған екен. Ал үшінші қоршауы жоқ мола шетке таман орналасқан көрінеді, үйіндісі қазір де сол орнында. Сол заманда жергілікті тұрғындар күмбездің біреуі Көшен төренікі деп айтатын, екіншісі Шоқандыкі деп айтатын, себебі оның алдында ақ граниттен қашалған, бетінде көрші ауылдың екі орысы шапқанынан қалған ізі бар төртбұрышты плита жатқан.

Ақсақалдардың айтуынша, 1958 жылдың наурыз айында дені орыстардан құралған құрылыс бригадасы келіп, Шоқанның болашақ ескерткіші тұрғызылатын алаңды дайындауға кіріскен көрінеді. Алдымен үлкен жүк көліктері Сарыөзек жақтан қиыршық тас тасып, күмбездер тұрған жердің жанындағы сайды толтырады. Одан кейін екі күмбезді де құлатып, жермен-жексен етіп тегістеп тастайды. Тіпті үстінен жүк машинасымен таптайды. Ал қоршауы жоқ молаға тиіспейді. Оған тиіспеген себебі, бастықтырдың бақылауымен жұмысшылар бұл моланың әр жеріне ұзын лом темір жүгіртіп, піспектейді де труба тығып, тың тыңдайды. Сонда лом темірдің ұшы жердің астындағы әлдебір темір заттарға соқтығып, таңқылдаған дыбыс естілген. Ол темір заттар Шоқанның денесімен бірге жерленген қару-жарағы деп қабылданып, бейіттің өзі Шоқандыкі деп шешілген.

Осы жерде түсінгеніміз, алдын-ала ешқандай ғылыми-зерттеу-археологиялық жұмыс жүргізілмеген! Жоғарыда келтірілген Талдықорған облыстық атқару комитеті құжаттарында да ондай ғылыми жұмыс жүргізу туралы бір ауыз сөз жазылмағанын айтып өттік.

Қазір бұл жеке қоршалмаған моланың басында сопақша келген қара тас тұр, оны кімдер, қашан қойғаны әзірше белгісіз.

Сонымен, жоғарыдағы суретте бейнеленген Шоқанның обелиск-ескерткішінің құрылысы қазан айында аяқталады. Ақсақалдардың айтуынша, құрылыс басында күні-түні басшылық жасаған сол кездегі Талдықорған облыстық комсомол ұйымының жетекшісі лауазымын атқарған Рамазанова Бижамал (1927-2020) деген азаматша екен. Ескерткіштің жобасын архитектор Маргарита Ващенко әзірлеген,  тұтас  гранитін Қордайдан алдырған екен. Ал Шоқанның қола мүсіні Москва түбіндегі Мытыщенский зауытында құйылыпты.

1958 жылғы 12 қазанда ескерткіштің ашылу салтанаты өткізіліп, арты бәйге мен тойға ұласқан. Ашылу салтанатын жүргізген де Б. Рамазанова. Бұл жиынға академиктер Ә.Марғұлан, С.Бәйішев, жазушы С.Мұқанов, ақындар Т.Рүстембеков, Қ.Жапсарбаев сияқты көптеген ұлт зиялылары қатысыпты.

Суреттегі ескерткіштің төменгі жағында көрініп тұрған ақ мәрмәр таста «Здесь покоится прах штабс-ротмистра Чокана Чингисовича              Валиханова, скончавшегося в 1865 году.
По желанию Туркестанского генерал-губернатора Кауфмана, и во внимание ученых заслуг Валиханова, положен сей памятник генерал-лейтенантом Колпаковским в 1881 году»
деген және мұсылманша аударма жазу бар.

Бұл жазуды оқыған кез келген адам Шоқанның денесі дәл осы жерде жатыр деп ойлайды, мұсылман ағайындар құран бағыштап жатады.

Міне, құрметті оқырман, Д. Қонаев атамыздың пәрменімен тұрғызылған Шоқан ескерткішінің біз білетін, естіген қысқаша тарихы осы.

Бірақ, Шоқантанушы ғалымдар үшін ақсақалдар айтқан тарихтан көптеген сұрақтар туындайды.

Шоқанның денесі мен жерленген жері туралы дау-дамай, кем дегенде соңғы жүз жылдан бері жалғасып келеді. Бұл мәселе бойынша көптеген пікірлер мен жорамалдар жариялануда.  Оның түйінін біз 2023 жылғы               21 сәуірде «Абай.КЗ» интернет порталында жарияланған «Шоқан кімге керек?» атты мақаламызда тарқатуға тырысқан едік.

Алтынемел өңірінің тұрғындары арасында осы уақытқа дейін жеткен Шоқанның денесі қайтыс болғаннан кейін Тезек төренің ұйғарымымен, сұлтан Ералы Әділұлы Абылайханов мазарының түбіне жерленген деген ауызша дерек бар.

Ең қызығы, ел аузындағы дерек Н. Пантусовтың төмендегі екі фотосуретімен және мақаласымен дәлелденіп тұр.

Суреттерді түсірген Жетісу өлкесінің әскери губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі, ғалым, шығыстанушы, этнограф Николай Николаевич Пантусов. Ол 1898 жылғы 1 тамызда мазарды екі рет суретке басып алған. Ол уақытта мазар тұрғызылғаннан бері 30 жылдан астам уақыт өткен еді. Төмендегі сол екі суреттен мазардың күн мен желдің, жауын-шашынның әсерінен әбден мүжіліп, күмбезі опырылып қалғанын байқауға болады.

Мазардың нашар жағдайы туралы Н.Пантусов «Могила Чокана Валиханова, близ станции Куянкузской, Копальского уезда» атты мақаласында жазған. Бұл мақала 1899 жылы Ташкентте жарық көрген екен. Оның қазақша мазмұнын (Азкен Алтай «Шоқан туралы бірер сөз») келтірейік.

«Могила Чокана Валиханова» мақаласында Николай Пантусов: «Бұл мазарға мен 1898 жылдың 1 тамызында бардым. Мазар пошта жолының сол жағында орналасқан (Қоянкөз станциясынан Алтын-Емел станциясына қарай жүргенде), Қоянкөздің 5-інші станциясынан өткен кезде жолдан көрінеді. Мазар биік төбеде орналасқан, айналасында қазақтардың егіндік жерлері бар, арықтар ағып жатыр. Сондықтан ол жерге атпен ғана жетуге болады. Шоқанның мазары көптеген қазақ сұлтандарының молаларының ортасында тұр. Мазарлардың бәрі де ескі, құлағалы тұр, ешқандай жөндеу көрмеген. Шоқанның мазарының төрт бағаны бар, саман кірпіштен соғылған. Осы төрт бағанның үстіне күмбез қойыпты. Өкініштісі, қазір күмбездің жұрнағы да жоқ. Әбден мүжіліп, құлап қалған.

Мазардың ұзындығы - 7 аршын (10 метрге жуық), ені - 6 аршын (8,5 метр), биіктігі - 4 аршын (5,5 метр).
Шоқанның мазарының ішіне мәрмардан қашалған төртбұрышты плита қойылған, бетінде мынадай жазу бар: «Бұл жерде 1865 жылы дүниеден өткен штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жерленген. Түркістан генарал-губернаторы фон Кауфманның тапсыруымен Уәлихановтың ғылымға сіңірген еңбегін ескере отырып генерал-лейтенант Колпаковский 1881 жылы ескерткіш орнатқан. Бұл жайлы тақтаға жазылған, қазақ тіліндегі аудармасы берілген»
, – деп жазады.

Бұл жердегі басты мәселе - фотосуреттегі Шоқанның мазары қазіргі обелиск тұрған жерден оңтүстік-күншығысқа қарай 50-60 қадам жерде орналасқанында.

Қазіргі уақытта, қашан құлағаны немесе қасақана қиратылғаны белгісіз,  суретте көрініп тұрған Ералы сұлтан мазарының өзі жоқ болса да, домалақ келген үйіндісі көлемімен ерекшеленіп, анық көрініп тұр. Сондай ақ, Н.Пантусов жазғандай, Шоқанның зираты Ералы сұлтанның мазарының алдында, басқа төрелердің зираттарының ортасында орналасқан болса, олар қазіргі уақытта да сол алғашқы орындарында бөлек-бөлек төмпешік болып жатыр. Суретте анық көрініп тұрған қыш кірпіштен қаланған қоршаудың да қазіргі уақытта әбден мүжіліп, үйіндіге айналған сұлбасын, сурет түсірілгеннен бері бері 127 жыл өтсе де, анық байқауға болады.

Ал Қазіргі Шоқан жатқан жер деп жүрген, басына обелиск орнатылған орын маңында жоғарыда аталған төмпешіктен басқа ешқандай зират, бейіттер жоқ, маңайы тегіс.

Бала күнімізде ауыл ақсақалдарынан естігеніміз, шынында 1858 жылы Шоқанға арналған ескерткіш-обелискіні «Төрелер зиратынан» сәл аулағырақ, яғни қазіргі орнына орнатқан (неліктен екені белгісіз, сірә, идеология байланысты басқа төрелер зираттарынан бөлектегендері болар). Ералы Абылайханов сұлтаннан бастап, белгілі-белгісіз төрелер жерленген «төребейітті» қалқалап, сыртынан биік бетон (промограда) плиталармен қоршап тастаған. Мұның себебін сол уақыттағы Кеңес Үкіметі жүргізген «қызыл» саясаттан іздеген жөн болар. Егер обелискті Шоқанның алғашқы зиратының басына тұрғызса, келген адамдар оның маңайындағы жатқан басқа зираттарды, қираған күмбездердің орнын көріп, онда кімдер жерленген деген сұрақ қояр еді. Одан барып төрелердің аты-жөні, өмірбаяндары, атқарған қызметтері туралы сұрақтар қойып, мағлұмат іздейтін  еді. Ал ырымшыл қазақ бала-шағаларын жиі әкеліп, түрлі діни жоралғылар атқара бастайтыны сөзсіз. Содан қаймыққан Кеңес үкіметінің идеология саласы басшылары Шоқанның зиратын оқшаулаған және «төребейітті» жаяу адам көре алмайтындай, биік бетон плиталармен әдейі қоршатып тастаған деген ой туады.

Ол қоршау бертінге дейін, яғни 2020 жылдарға дейін тұрды. Нақты айтсақ, оларды публицист Азамат Ақылбеков сол уақыттағы Кербұлақ ауданы әкімі М.Бигелдиев мырзаға, басқа орындарға арызданып жүріп, 2019 жылы алдырып тастады.

Сол бетон қоршаудың өзі Шоқан зиратының қасақана көшірілгенінің дәлелі емес пе? Немесе, Д.Қонаевтан бастап, ескерткіш-обелискіні тұрғызуға жауапты қызметкерлер Шоқанның нақты жерленген жерін білмеген шығар.

Олай болса, Шоқанның 190 жылдығына орай оның нақты жерленген жерін анықтап, сүйегіне эксгумация арқылы ғылыми сараптама жасап, осы уақытқа дейін ушығып келе жатқан дау-дамайды, дақпырт сөздерді тоқтату қажет деп есептейміз. Ол үшін құрамына қажетті мамандарды енгізе отырып, арнайы мемлекеттік комиссия құруды ұсынамыз.

Аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, осы сауалды Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшылығына және мүдделі мемлекеттік органдарға жолдаймыз.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков

ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Шоқантанушы

Abai.kz

 

 

2 пікір