Дүйсенбі, 3 Ақпан 2025
Ақмылтық 240 2 пікір 3 Ақпан, 2025 сағат 12:27

Ермұрат Бапи: Ұлттық құрылтай талқылауы тиіс тақырыптар...

Сурет: Ермұрат Бапидың желідегі парақшасынан алынды.

Биылғы жылы, шамасы наурыз айында, Бурабайда өтуі тиіс Ұлттық құрылтайдың (ҰҚ) қарсаңында жұмыс секцияларының кезекті отырысы өтті. «Түйенің танитыны жапырақ» - мен «Азаматтық қоғам» секциясының жұмысына қатысып, өзімнің бірер ой-пікірімді ортаға салдым.

Отырыстар арасында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин мырзаның қабылдауында болып, билік пен елдегі қоғам арасындағы қатынастар жөнінде біраз әңгіме-дүкен құрдық. Ортақ тұжырымдар мен перспективада талқылау талабына сәйкес тақырыптар сөз болды (күнібұрын жария қылу құрсөзділік болады).

Жалпы, ҚР Президентінің көмекшісі Руслан Желдібай жүргізген «Азаматтық қоғам» секциясына қатысушы ҰҚ мүшелері (50-ге жуық адам) ел ішіндегі, аймақтардағы біраз проблемалық тақырыпты қозғады, Руслан мырза әрбір сөйлеушіден кейін, қозғалған мәселеге байланысты Ақорданың көзқарасын білдіретін едел-жедел комментарий жасап отырды. Жекелеген мәселелерге қатысты билік тарапынан жасалған іс-шаралар мен жасалуы тиіс жоспардың жоралғы нобайын айтып берді.

Мен осы отырыстағы өз сөзімде қоғамда ушығып тұрған бірер тақырыпты тілге тиек еткеннен кейін, Бурабай құрылтайының талқысына татитын бірер тезисті ұсынуды жөн көрдім:

Біріншіден:

- Тұтас елді өзгерістерге бастайтын «Жаңа Қазақстан» идеясының көмескіленіп бара жатқаны;

- Сыртқы және «үшінші» күштер тарапынан протестік қауымның «қолтығына су бүрку» әрекеті өршіп, жаңа бастамаларға қарсы қоғамдық қарсылықтар тудыру үрдісінің асқыну тенденциясы;

- «Ескі Қазақстан» мен оның саясат технологтары бірқатар интернет ресурстар мен танымал блогосфераның жекелеген контентін «сатып алу» айласымен онлайн қарсылық қозғалысын өршіту және сол арқылы «ескі Қазақстанның» салыстырмалы «артықшылығын» дәріптеу әрекетінің пайда болуы;

- «Жаңа Қазақстан» бастамаларына қарсы бір орталықтан басқарылатын «уатсаб» чаттарының аудандық-ауылдық деңгейге дейінгі өрмекшінің торындай құрылған ұяшықтарында (ячейка) қоғамдық теңселіс тудыру контентінін қалыптасу қаупі;

- Қоғамды күш көрсетуші органдардың орашолақ әрекетімен үркітуден бұрын, жергілікті жердегі қоғам белсенділерімен мәмілелі әңгіме, диалогтық дөңгелек үстел платформалары арқылы келісім кеңесін жүргізудің кенделігі;

- Мүдделі мәселеде тараптардың мемлекеттік, ұлтық, елдік жауапкершілігі мен «қоғаммен сөйлесудегі» лауазымгер тұлғалардың азаматтық батылдығын қалыптастыру қажеттілігі.

- Әлдебір мүмкін әлеуметтік-тұрмыстық дағдарыс (Жаңаөзен немесе Қаңтар оқиғасы сыңарлас) пайда бола қалған жағдайда, қоғамдық катаклизмді елдік мүдде тұрғысында басқару қабілеті бар, протестік қоғамды конструктивті мәмілеге жұмылдырып, келісім үстеліне отыра алатын тәуелсіз азаматтық күштердің қалыптасуына биліктің күнібұрынғы жауапкершілігі;

Екіншіден:

- Парламенттің бір топ депутаты бастамашылық жасаған «Дін істері туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасына мемлекеттік органдар тарапынан тартыншақтық жасалуының түсініксіз сипаты;

- Заң жобасын талқылау барысында қоғамдық артыс-тартыс ушығады деген шамадан артық сақтық салдарынан туындайтын иллюзияның мемлекет пен ұлт болашағы тұтастығына қатер төндіруі қаупі;

Исламішілік талас-тартыстың онысыз да асқыну үрдісінің:

1. интернет платформаларда;

2. әлеуметтік желілерде;

3. мешіттердің төңірегіндегі толассыздығы;

«Теріс ағым» идеялары:

1. жекелеген әлеуметтік орталарды;

2. бірқатар азық-түлік сауда базарларын; -автобөлшектер мен телефон гаджеттерін сату және қызмет көрсету орталықтарын;

3. ірі мегаполистердегі спорт мектептерін барған сайын «жаулап алу» қаупі.

- Қазақстандағы мыңжылдық дәстүрлі ислам дінін ығыстырудың сырттан сіңірілген идеясы тұтасқан діни идеологияға айналып кету қатері салдарынан мемлекеттік және ұлттық тұтастыққа төнген қауіптің алдын алу.

Үшіншіден:

- Қазақстан Қарулы Күштеріне, елдің қорғаныс қабілетіне қарсы және әскери қызметке деген қызығушылықты әлсірету мақсатындағы «үшінші» күштердің әрекеті;

- Қазақстандық патриотизмді тұншықтыру арқылы әскери адамның беделін түсіру, Армияның абыройын мансұқ ету;

- Теңселіп тұрған геосаяси әлемде Қазақстанның қорғаныс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, депутаттардың, қоғам өкілдерінің, жоғарғы мектептің, ардагерлік ұйымдардың қатысуымен республикалық патриоттық қозғалыс жиынын өткізудің кезек күттірмес қажеттілігі.

Әрине, бір депутаттың бұл тезистері келешек Құрылтайдың жалпыға ортақ күн тәртіне ену-енбеуі екіталай мәселе. Қалай болғанда да, бұл тақырыптар билік пен қоғамның «құлағына алтын сырға» ретінде айтылып жүруі тиіс деп санаймын. «Ең алдымен сөз пайда болған» деген тәмсілге тәнті болсақ, сөзден кейін істің пайда болары сөзсіз.

Ермұрат Бапи, 

ҚР Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

2 пікір