Сейсенбі, 4 Ақпан 2025
Ақмылтық 133 2 пікір 4 Ақпан, 2025 сағат 14:30

Тәңірлік гендеризм - заманауи гендерлік саясаттың түпбастауы

Коллаж: Abai.kz

Адамзат эволюциясы өркендеген сайын әлемдік  руханият пен ғылым шындыққа неғұрлым жақындай түсіп, соғұрлым ақиқатқа жетуге деген ұмтылысқа мүмкіндіктер ашыла береді. Соның бірі – адамзаттың шынайы тарихы мен мәдениетін ашып берумен шартталады. Осындай іргелі саясаттың рухани астарларын түйсінген қазақстандық ғалымдар бүгінгі таңда түркі-қазақ халқының бұрмаланған тарихын қайта шынайылауға бет бұрып, өздерінің тың ұстанымдары мен қағидаларын, оны зерттеудің әдіснамаларын жаңашаландырып отыр.

Біздің төл тарихымыздың түп бастаулары көне түркілік дәуірден тамыр тартады. «Тәңір ілімнің өмір салтындағы әйелдің әлеуметтік мәртебесі мен орны» мәселесіне  орай, айта кететін жайт, қазір отандық тарихшылар ғана емес, әлемдік өркениетті елдердің көптеген ғалымдары да түркі өркениетінің адамзат дамуына қосқан үлесінің айтарлықтай іргелі және «парасатты прогрессивтілік» екендігі туралы ортақ бір  тұжырымға келген. Соның бірі – тәңірлік түркі-қазақ руханилығы мен адамгершілік құндылықтарының дүниежүзілік тарихтағы биік мәртебесі мен өзіндік лайықты орны мен оның әлемдік өркениет аясындағы қозғаушы күш екендігімен тоғысып отырғандығы.

1. КӨНЕ ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ӘЙЕЛДЕРДІҢ РОЛІ МЕН МӘРТЕБЕСІ

Түркілік қоғамдағы осындай рухани құндылықтардың айқын бір көрінісі – қоғамдағы әйелдің ролі мен мәртебесінің асқақтығы болуымен шартталады.

Бұл ахуал қазіргі заманымыздағы әлемдік өркениет пен гуманизм аясында әйел теңдігі мен құқығының қорғалуының түпбастаулары  тәңірлік ілімде жатқандығын паш етеді. Сондықтан да, біздің оны өз халқымызға және әлемге қайталап жар сала айтуымыз керектігі – өздігінен сұранып тұрған мәселе қатарында десек болады.

Бүгінде көне Тәңірлік ілімді жаңғыртушылар үшін гендерлік жаңа саясат емес, тарихи танымдық жадымызда орныққан және бүгінгі күнге дейін көптеген қырлары сақталған іргелі гуманистік дүниетаным деңгейіндегі, тіпті, кейбір тұстары замануи гендеристік саясаттан да тереңірек философиялық мәнге ие болатындай,  жалпыадамзатқа үлгі боларлық нұсқаларды бере алатындай қуатқа ие «тәңірлік гендеризмді» айрықша атап өту жеткілікті болар еді.

Тәңірлік ілімде және өмір сүру салттарында ол былайша көрініс тапқан:

- әйелдің ер адаммен тең құқықтық мәртебесі;

- әйел заты мен қыз балаларға құрметпен қару;

- оларға тәңірлік қоғамға тән этикалық қағидаттар шеңберінде барынша еркіндіктер беру;

- отбасындағы әрбір әйел тұлғаны «болашақ ана» ретінде ерекше бағалау;

- әйелдердің интеллектуалдық, өнерлік, рухтық, жауынгерлік т.б. тұлғалық мүмкінідіктерін ашуға жағдай жасау.

Тарихи деректер мен әдеби туындыларға көз жүгіртсек, осы көріністердің айқын мысалдарының легін кездестіре аламыз. Осыған байланысты, біз, осы тұста, қойып отырған мәселеміз бойынша,  көне тарихи дәуірлерімізден бері сабақтасып келе жатқан  қоғамымыздағы әйел мәртебесін мынадай салаларға топтастырып алуымыз қажет деп санаймыз:

- саяси билік пен ел басқару ісіндегі әйел бейнесі;

- жауынгерлік пен отаншылдық рух аясындағы әйел бейнесі;

- даналық пен парасаттылық негізіндегі әйел бейнесі;

- жанұялық адалдық пен ар тазалалығы жөніндегі әйел бейнесі;

-  білімге ұмтылу мен еңбекқорлық бойынша әйел бейнесі т.б.

2. САЯСИ БИЛІК ПЕН ЕЛ БАСҚАРУДАҒЫ ӘЙЕЛ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖӘНЕ ПАРАСАТТЫЛЫҒЫ

Бұл – тарихы тым көнеге кететін, елі үшін ерлік көрсеткен аналарымыздан бастау алатын, тарих бойынша бәрімізге белгілі сақтардың Томирис патшайымынан бастап, кейінгі қазақ қоғамдарындағы «Әжелер  институтымен» жалғасын табатын және бүгінгі мемлекетіміздегі билік басындағы әйелдердің қызметтерімен келіп сабақтасатын тарихи үрдіс.  Бірақ, көнеден келе жатқан түркі-қазақ ділінде әйел жыныстылардың ойды‑солды  әйгіленуіне, не болмаса, әйел затының өздерін өздері әйгілеуіне аса құштар емес екендігін де атап өтуіміз керек. Тәңірлік дүниеде әйел туралы айтқанда көп жағдайда осы жағы ескеріле бермейтіндігін ашық айту керек – бізде шамадан тыс әсірелеп жіберу, немесе, оны мифтендіру жиі кездесіп отырады. Дегенмен, ол мифтердің астарында халық ділінде қалыптасқан әйелге деген шынайы құрметтің, оны тұлға ретінде бағалаудың астарлы шындығы жататыны анық. Ол халықтың «Жақсы әйел жаман еркекті төрге шығарады» деген мақалы арқылы бізге келіп жеткен шындық.

Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында біз Құртқа бейнесі арқылы осыны анық байқаймыз.

Бұл, әрине, біздіңше, біріншіден, мұсылмандық сенімді өзгеше бір танымдық бағдарда түсінуден, екіншіден, жаугершілік заманның талабы бойынша, әйелдердің «әскери ресурстарды дайындаудың өндірісі» қызметін атқаруымен, үшіншіден, батысшылдыққа деген бетбұрыстың жағымды  қырларымен жарыспалы түрде жағымсыз жақтарының да  қатар келуімен (паралеллельді), еуропоцентристік көзқарастарға  ерікті-еріксіз түрде талғамсыз бет бұруымызбен ӨЛШЕНДІ. Әрине, өлшемдер тарих сахнасында кейде: ондаған, жүздеген, мыңдаған жылдар сайын ауысып отырады – ендеше, бүгінгі таңдағы әйелге деген көзқарастың басқаша бір парадигмаларға ауысуының баспалдағында тұрған сыңайлымыз. Олай болса, біз осы тұста, мынадай  нақты сұрақтарға жауап беріп көрейік:

- неліктен ішінара әйелдерге саяси билік берген (өзге халықтардан емес, түркі халықтарынан, өз ұлтынан) түркі халықтары тарих сахнасында бірнеше рет империялар құрып, өздерін әйгілей түскен..

- неліктен, түркілік рух жауынгерлік әйел бейнесімен астасып жатыр: біріншіден, ол – төл тарихи-мәдени кеңістігіміздегі эпостық дәуірмен келіп үндеседі. Мысалы, Қорқыт ата кітабындағы жырларға назар салсаңыздар, «Байбөрі баласы Бамсы Байрақ туралы жырда» Бамсы Байрақ әкесіне өзінің болашақтағы үйленетін қыздың ерекшеліктерін атап өтеді: «Әке маған бір қыз алып бер. Мен орнымнан тұрғанша, ол атып жөнелетін, мен қара зор атыма мінгенше, ол аттанып кететін, мен жауыма барғанша, ол жаудың басын кесіп әкелетін болсын, сондай бір қыз алып бер әке»,-деп,  өзінен бұрын жауға шабатын жар іздеуі және оны тауып қосылуы. Жыр мазмұнында оны іздеп табады, ол Бану Шешек еді.  Байрақ Бану Шешектің әйел екеніне қарамастан, онымен бірге атқа мініп, садақ атысып, күреседі. Сейілжан сұлу Қан Төрәліні гәуірлердің қолынан құтқарады. Сондай-ақ, «Алпамыс батыр» жырындағы Гүлбаршын, «Қамбар» батырдағы Назым немесе Қобыланды батыр жырындағы Құртқа бейнесінің ер адамнан да қуатты кейіпте суреттелуі т.б. атап өтуімізге болады.

ӘЙЕЛДІ «НӘПСІ КӨЗІ» ДЕП ТҰМШАЛАУ ҚАЗАҚ ДІЛІНЕ ЖАТ

Сонымен бірге, қазақ халқының батырлық бастауы әйелге деген құрметтен бастау алатыны  ‑ оның ұлттық тәрбие жүйесінің органикалық маңызды бөлшегін құрайды. Соның бірі – әйел баласының киіміне қатысты орын алған. Көп зерттеушілер оны табиғи жағдайларға байланысты деп, мәселені атүсті қарайды. Бірақ, ол олай емес. Мәселен, белгілі жазушы, қыз тәрбиесін зерттеушісі Зейнеп Ахметова оны былай түсіндіреді: «Арабтың жері ыстық, құм боран соққан бұрын. Сонда еркегі бар əйелдің бəрі көзінен басқаның бəрін жауып тастаған қарамен. Енді соны алып келіп бізге тықпалайды. Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ....».

Әрине, Зейнеп апа - қазақ қыздарының ұлы тәрбиешісі! Оны мойындау керек! Бірақ аздаған қателік ол кісіде де болуы мүмкін. Менің ойымша жоғарыдағы тұжырымында сондай бір қателік бар сияқты. Себебі, арабтың әйелді тұмшалауының негізгі факторы табиғи жағдайдан туындамаған. Ол қате пікір. Мұндағы (арабтағы) «тұмшалау» - араб халқының әйелге деген қатынасынан туындайды. Ол бойыншы арабтар әйелге мүлік (жеті қазынаның бірі) деп қарайды. Барлық мәселенің түйткілі осында! Себебі, «әйел баласы» да басқа қазыналар сияқты тек қана еркектің құмары үшін жаратылған «қымбат мүлік» қатарында тұрады. Сондықтан, әрбір еркек өз қымбатын тұмшалап, сырт көзден жасырады. Ал ол «мүлік» үш-төртеу болса - онда оған ие болу да қиындай түседі. Сондықтан оларды «сырт көз сұқтанбас үшін» одан әрі тұмшалап тастайды. Сөйтіп, ол «мүліктер» де сырт көзді қызықтырмайтын, көп қара киімдінің бірі ғана болып, өзге еркектердің нәпсісін қоздырмайды, оларды тура жолдан тайдырмайды. Яғни, әйелге хиджап жабу да, паранжа кигізу де – түптің‑түбінде тек еркектің мүддесіне сай жасалады, яғни, оның «жазатайым күнаһар болып қалып,  тозақ отына түсіп қалмауы үшін» бұл талап орындалады.  Оған құмды боранның, ыстық күннің еш қатысы жоқ.

Ал,  қазақ әйелге өзгеше, өзімен тең дәрежеде, «екі жартының бір бүтіні» деп қарайды. Соған сай қазақ дүниетанымы мен тәрбиесінде әйел статусы анықталады. Мәселен, біз оны қазақ халқындағы әйелдер атауынан байқаймыз: бірінші атауы – «жар» (жары). «Жар» сөзі, қосалқы мағынасында «арқа сүйеушім», «тірегім», «қамалым» деген мағынаны білдіреді. Бұдан көшпенді әрі жауынгерлік заманның, үздіксіз қозғалыстағы өмір сүру қалыбының мазмұнын байқаймыз.  Екінші бір атау «қосағы» («қосақ» ‑ жаугершілік заманда жауынгердің жетекке алатын, ауыстырып мініп, маңданға кіретін атының бірі)  деп аталады. Мұнда да сол көшпенді‑жауынгер заманның көрінісі бар. Яғни, бұл атау әйел жорықта да, өмірде де  ерімен бірге деген мағынаны білдіреді.  Үшінші атауы – «жұбайы». Оның төркіні «жұп» сөзінен шығады. Бұл ‑ терең мағыналы философиялық категория. Түркілік дүниетаным бастауының өзі «қос мағынаға» ие: Бірі – Көк Тәңірі атты аталық бастау болса, екіншісі Ұмай ана атты аналық бастау. Міне, осы екеуінің бірлігі «жұбы ‑жұбайы» атауын өмірге әкеледі. Яғни, бұл «жұбым», «өмірлік серігім» деген, ажырамас бір бүтіннің екі жақын бейнелейді екен.

Дүниеге осындай көзқарас түркілер ықпалында болған Ежелгі Грек мифологиясында ‑ Зевс (аталық бастау) пен Гера (аналық бастау) және Қытай мифологиясында  Янь мен Инь деп аталатын аталық және аналық бастаулары түрінде кездеседі.

Сондықта, қазақта қыз баласын «тұмшалау» болмайды. Оның қазақ үшін қажеті де жоқ: біріншіден, қазақ даласының табиғаты оны қажет етпейді Қазақ әйелге Ана, яғни, Адам деп қараған. Сонымен бірге, екіншіден, қазақтың «жеті атаға дейін қыз алыспау» атты шежірелік заңы да «тұмшалауды» қажет етпейді. Себебі, рулас ағайындар бірлесе өмір сүріп, ауыл болып көшіп‑қонады. Олардың бәрі бір ру өкілдері боатындықтан, ондағы өсіп жатқан ұл‑қыздардың бәрі дерлік бір‑біріне бауыр, туыс, етене жақын. Сол себеті, олардың арасында тек қана «аға‑қарындас», «іні‑әкпе» деген туыстық қатынас қана орнығады. Ал, ауыл тәрбиесі осыны қатты қадағалайды. Яғни, қазақ ауылында қыз балаға «нәпсі көзі» деп қарауға тыйым салынған. Оны бұзғандар қатаң жазаланған.  Ендеше, қызды тұмшалау қазаққа жат. Керісінше, қазақ қызын төрге отырығызып құрметтейді. Ол «жат жұрттық» болғандықтан, еркін әрі бұла өседі. Мұнда «өз елінде қысымда өскен, «ерден төмен тұратын» қыздан, яғни, болашақ анадан оның «өз жұртына» (күйеудің елі) барғанда Ел қорғайтын батыл да өжет, шыншыл жігіттің (жауынгердің) туылуы да екіталай» деген астарлы мағына да  жататын сыңайлы...

Адамның адамға қорлық жасауы – қазақтың Тәңірлік наным‑сенімі табиғатына жат. Сол себепті, қазақ әйелін қорламайды. Ал қызын тұмшаламаудан қазақ «бұзылып» кетпейді. Себебі, ауылда бір рудан шығатын қыз бен жігіт = бауырлар! Сөйтіп, қазақтың «қызды сақтау» иммунитеті Жеті ата Заңымен реттеліп қойғанын көреміз. Неткен даналық!

Ал қандас қарындасын ала беретін араб елінде мұндай заң жоқ Сол себепті,  екі ағайынды кісілер де қыздарын «тұмшалауға» мәжбүр. Міне, мәселе төркіні осы. Оны қазақтың тәңірлік гендеризмінен тапқан дұрыс деп санаймыз. 

2. Осыдан, жауынгерлік пен отаншылдық рух аясындағы әйел бейнесі мәселесіне ауысуымызға болады. Әрине, әйел затының отаншылдық рух аясында аса бір белсенді еместігі туралы пікірлер қоғамдық санада жиі айтылады. Дегенмен, сол әлемге әйгіленген түркі-қазақ ұлдарын дүниеге алып келген әйел заты екендігін ескерген жағдайда, генетикалық туыстық пен қандастықты негізге алған сәтте оның анасы туралы мағлұматтарды айтпай-ақ қойса да жеткілікті деп ойлаймын. Екіншіден, сол отаншылдық сезімнің ер адамдарға ана сүті арқылы берілетіндігін де ұмытуға болмас.

Амазонкалар туралы мифологияның астарында тек қана матриархаттық үстемдік пен ер адамға деген жеккөрушілік жатыр деп бір жақты түсінуге де болмас. Олар да ел мен жерін қорғауда әйел затының ер адамдармен бәсекелесе алатындығын паш ететін көне сарындағы осынау бір мифті түсіндірушілер, оның астарынан ақиқат іздеушілердің кейбірі оларды генетикалық тұрғыдан түркілік рухпен келіп байланыстырады, соңғы уақыттарда Амазонкалардың қазіргі қазақ даласында мекен еткендігін  шет елдік ғалымдар археологиялық қазбалар арқылы дәйектеп келеді.

Қазақтар қыз бала тәрбиесінде оның нәзіктігіне аса көңіл бөлген, дегенмен, «еркекшора» деген ұғымның жағымсыз қырларын сырт қалдырасақ,  олардың маскулиндік сапаларын бөліп алсақ, жауынгерлік рухтағы әйел бейнесіне қайтадан кезігеміз. Яғни, Ер адамдармен қатар атқа мініп, қолына найза ұстап, ел қорғаған аруларымыз аз емес. Біздің заманымызға дейін Ұлы даланы жаудан қорғаған Тұмар, Зарина патшайымдардың ерлігі өлшеусіз[4]. Сол сияқты Кенесарының қарындасы Бопай, қоғам қайраткері - Айханым ханша, батыр қыз – Айтолқын, ал «Жаужүрек мыңбала» фильміндегі Зере – жалпы жауынгерлік рухты түркі-қазақ қыздарының жиынтық бейнесі екендігі сөзсіз. Ол бейне кейіннен де, екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен, қаһармандығымен әлемге әйгілі болған Әлия, Мәншүк, Хиуаз тәрізді немесе 1986 жылғы желтоқсандағы Л. Асанова сияқты батыр қыздарымызға дейін сабақтасып отырғандығын ескерсек, көшпелі қазақ қоғамындағы осындай әйел затының отаншылдық сезімінің генетикалық туыстықпен ғасырлар бойы сабақтасқан феноменін байқай аламыз.

3. Даналық пен парасаттылық негізіндегі әйелдер бейнесі, бір қарағанда, «Әйелдің шашы ұзын да, ақылы қысқа» деген ел аузындағы афоризмдерге қайшы келеді. Дегенмен, қоғамымыздың әлеуметтік тарихына үңілсек, әйел затының бұл салада да биік жетістіктерге жеткен сәттері әртраптанып кездесіп отыратындығының куәсі боламыз. Қорқыт ата кітабындағы «Дірсеханұлы Бұқаш туралы жырда»  дірсе ханның өзі, Хан болғандығына қарамстан әйеліінң  берген ақылдарын тыңдап отырған.

Тәңірлік сенім қоғамындағы өмір салтында әйелдер кемелденген жасқа жеткен уақытта, өмірлік тәжірибе сынағынан өтіп, халқымыздың талғамында құрметті болып санатын «Әже» статусына ие болған соң, олар қоғамда ұл мен қыз, келін мен күйеу бала тәрбиесінде маңызды роль атқарған. Жаугершілік заманда соғысқа аттанған әкесінің мейірімі мен тәрбиесін ата-әжесі атқарғандығы сөзсіз. Бұл кейіннен, «Әжелер институты» деген шартты атауға ие болып, болашақ ұлт тағдырын толғануға тағайындалған қызмет атқарған  маңызды буынға айналды десек те болады.

Сондай-ақ, Жиренше шешен туралы аңызда оның жұбайы Қарашаш отағасына ақыл-кеңес беріп, тапқырлық жолдарын көрсетуде кей сәттерде одан асып түсіп те жатады.   Немесе, дәстүрлі «Қыз бен жігіт» айтысы – олардың ақындық рухының өзара тең түсіп, бәсекелесіп жатқандығының айқын көрінісі екендігіне сөз жоқ. Жеке адам бойынша алғанда, бұның өмір бойғы сабақтастығын 19 ғасырда өмір сүрген Шал ақынның кемпірімен болған «Шал мен кемпір» айтысынан-ақ көруімізге болады. «Шал мен кемпір» айтысы бұл тұста, физиологиялық уақыттан тыс алынған, жалпы қазақ халқының жыныстық бөлінушіліктен тыс ақындық  шеберліктерінің айғағы іспетті болып тұр.

Бұндай әйел затындағы парасаттылық пен даналықтың түп бастауы –  біздің арғытектіріміз ұстанған Тәңіршілдік сеніміндегі Ұмай Ана. Ол – антропоморфты бейне емес, көп жағдайда жердің рухын беретін әйел жынысты болып елестетілген «Көк Аспан – Қара Жер» дуализмінің тең дәрежедегі бір сыңары десек те болады. Біздіңше, осы мифология кейіннен әлемге тарап, «Жер-Ана» тұтастығына ауысқан сыңайлы.

4. Жанұялық адалдық пен ар тазалалығына түркі-қазақ халқы айрықша маңыз берген. Неліктен, «Қызға қырық үйден тиым, Қала берсе, босағадағы құлдан тиым», неліктен «Ұлға отыз үйден тиым» жасағандығының астарында да терең философиялық-өнегелілік мән жатыр (неге қырық, неге отыз). Осындай жалпыхалықтық тиым бүгінгі түсінікпен айтқанда, «корпоративті тәрбие». Қазақтардың тұрмыстық танымында енелер келіндеріне барынша қатал қараған. Ол келінді жек көргендіктен емес, «Қызға қырық үйден тиымның» «жас әйелге тиым» болып жалғасуы деп түсінген ләзім.

Халқымызда отбасындағы әйел затының ер адамның ыңғайында болуы қажеттігі туралы ұғым нәзік жандыларды төмендету немесе кемсітушілік емес, түп мәні – отбасының берекелілігі мен тұрақтылығын сақтап қалудағы әйелдің ролі. Демек, бұдан, «осындай үлкен міндет неліктен әйелге ғана тағайындалған?» деген сауалдың жауабын аңдай аламыз. Халқымыздағы  «ыңғайына жығылу» көп түрлі себептерден, мазмұндардан құралады. Соның бірі – ақылды адамның өзгенің ыңғайына жығылуы екендігін ескерсек, отбасының тұтастығын сақтау үшін әйел заты «ыңғайға жығылуды» қашанда жөн көрген, оған да сабырлылық пен ақылдылық қажет.

5. Білімге ұмтылу мен еңбекқорлық бойынша халқымызда өзіндік бір ұстанымдар мен қағидаттар қалыптасқан. Көшпелі қоғамда үй шарушылығына тағайындаған әйел заты физикалық жағынан күні бойы үздіксіз тіршілік қамымен жүрген. Ол әсіресе, мал шаруашалығымен шұғылданған өмір салтында анық байқалады. «Үй еңбегі» – тынымсыз тіршілік пен үздіксіз әрекетті қамтитын  таза физиологиялық қозғалыс. Бұл қазақтардың тұрмыс тіршілігіндегі әйелдердің әлеуметтік жағынан  еңбекқорлыққа тәрбиеленіп, генетикалық тұрғыдан кейінге жалғасқандығының куәсі деуімізге болады. Мысалы, 1990 жылдардағы дағдарыс кезінде де, әйелдер физикалық күш-қуатты қажет ететін жабайы саудамен шұғылданып, үй шаруасымен де, бала тәрбиесімен де қатар айналысқандығы бәрімізге аян.

Ал бүгінгі таңда қазақ қыздары мен әйелдерінің білімге деген құлшынысы басым болып отыр. Қазіргі кезде мектеп бітірген қыз балалардың 80 пайызы, ер балалардың 60 пайыздайы жоғары оқу орындарына түседі екен. Соңғы уақыттарда әйел ғалымдардың да саны артып отыр.

Көшпелі қоғамда осындай әйелдің мәртебесі мен орнына қарай оларды ерлер тарапынан құрметтеушілік дәстүрлер де кеңінен орын алған. Бүгінгі гендерология мен әйелге кемсітушілікпен қарамау біздің арғы тектерімізде, әсіресе, түркілік дәуірде бұрыннан-ақ қалыптасқан. Қорқыт ата аңыздарының біріндегі оқиғаларға жүгінсек: өлімнен қашып жүрген Қорқытқа қарындасы тамақ алып келіп тұрады екен, сол сәтте аңдаусызда қарындасына башпайы тиіп кетіп, оған өзі қатты қапаланып, «Башпай» атты күй шығарып,  «Мен өлген соң бұл башпайымды көмбей, көрдің сыртына шығарып қойыңдар, себебі, бұл арам башпай» деп өсиет қалдырған екен. Бұндай ізеттілік сарындары басқа халықтарда кездесе бермейтін биік рухани-адамгершіліктің айғағы емес пе?  Немесе, Қорқыт ата кітабындағы «Дірсе хан ұлы Бұқаш хан әңгімесінің баяны» жырындағы Дірсе ханның жұбайына айтқан сөздерін еске түсіруімізге де болады: «Бері кел, басымның бақыты, үйімнің тақыты, Үйден шыға ырғалған, сұңғақ бойлым...».

Бұдан шығатын қортынды,  бүгінгі таңда байырғы түркілік мәдениетті қайта зерделеу қолға алынып отырған шақта, оның осы әйелді құрметтеушілік тұсын қайта жаңғырту да қазақстандағы гендерлік стратегияны нақты іске асырудың маңызды қадамдарының бірі деп айта аламыз.

Екіншіден, әлемдік саясаттағы гендерлік теңдік идеологиясы көне Тәңірлік ілімде өзіндік ережелермен, салт-дәстүрлермен, құқықтық талаптармен бұрыннан-ақ құрылмданған.

Үшіншіден, тәңірлік ілімдегі гендерлік ұстанымдарды тек қазақ халқы үшін қайта жаңғырту емес, оның парадигмаларын әлемдік гендерлік саясатта қолдану мүмкндіктерін ұсынуымыз қажет.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ‑публицист.

Берік АТАШ, философия ғлымдарының докторы, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия кафедрасының аға оқытушысы.

Abai.kz

2 пікір