Трамп палестиналықтарды Газадан қуа ма?
АҚШ президенті Дональд Трамп: «АҚШ Газа секторын өз бақылауына алады және иелік етеді», - деп мәлімдеді. Бұл мәлімдеме Израиль премьері Бинямин Нетаняхудың АҚШ-қа сапары кезінде айтылды.
Сөзбе-сөз: «АҚШ Газа секторын өз бақылауына алып иелік ететін болады. Біз онда бірсыпыра жұмыстар жүргіземіз. Барлық жарылмаған бомбалар мен жарылғыш заттарды залалсыздандыру бойынша жұмыстар бар. Секторды қираған ғимараттардан тазартамыз. Газаның экономикасын қалыпқа келтіріп, жаңа тұрғын үйлер саламыз. Көптеген жұмыс орындары ашылады», - деді Трамп.
Ол тағы: «Газа «Таяу Шығыстың Ривьерасына» айналуы мүмкін», - деп қосты. Трамп Газа секторының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АҚШ әскерін жіберуі мүмкін екенін айтты. Трамп өз сөзінде: «Палестиналықтарды Газа секторынан кетуден басқа таңдау жоқ болады», - деді. Ал Газадан қуылған палестиналықтарды Иордания мен Мысыр қабылдауы керек-мыс.
Трамптың бұл сөздері әзірге әлем жұртының қарсылығына тап келді. Солардың бірсыпырасы:
Саудия СІМ-і: «Сауд Арабиясы палестиналықтарды өз жерінен күштеп көшірудің кез келген әрекетіне қарсы. Біздің позиция айқын», - деді.
Германия СІМ-і: «Газа секторы палестиналықтарға тиесілі. Оларды күштеп көшіру – халықаралық құқыққа қайшы», - деді.
Ұлыбритания СІМ-і: «Біз әрдайым екі мемлекет құру деген ұстанымда болдық. Палестиналықтар өз отанында, Газа секторында және Батыс жағалауда бейбіт өмір сүруі керек», - деді.
Франция СІМ-і: «Франция Газа секторынан палестиналықтарды күштеп көшіруге үзілді-кесілді қарсы», - деді.
Испания СІМ-і: «Испанияның ұстанымы мынау – Газа – Палестинаныкі. Газа халқы Газада қалуы керек», - деді.
Мысыр СІМ-і: «Газа халықын күшпен көшірмеу керек. Қайта Палестина басшысымен ақылдасып, секторды қайта қалыпқа келтіруге ұмтылу керек», - деді.
Қытай СІМ-і: «Қытай секторда ұрыс қимылдарын тоқтату шеңберінде екі мемлекет құрылуы тиіс деген ұстанымнан бас тартпайды», - деді.
Түркия СІМ-і: «Президент Трамптың сөздері ақылға қонымсыз. Газадан палестиалықтарды қуатын кез келген әрекет аймақтағы ахуалды ушықтырады», - деді.
Ирландия СІМ-і: «Біздің ұстаным – екі мемлекеттің құрылуы. Палестина мен Израиль халықтары өз мемлекеттерінде бейбіт өмір сүруге құқылы», - деді.
Палестина президенті Махмұд Аббас: «Палестина өз жерінен ешқашан бас тартпайды. Газа – Шығыс Иерусалим мен Батыс жағалау секілді, Палестинаның ажырамас бөлігі», - деді.
Қазақстанның позициясы Газа секторындағы соғыс басталған уақытта бірнеше кезек айтылған. Ол – екі мемлекет құрылуы тиіс деген ұстаным.
Abai.kz