Министр Ақмарал Әлназарова сүйек кемігінің доноры болды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына барып, сүйек кемігі донорларының ұлттық реестріне тіркелу үшін донация рәсімінен өткенін айтты.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Министрдің айтуынша, елімізде орта есепте 8 000-нан астам қан обырымен ауыратын пациент бар.
– Олардың көпшілігі үшін қалпына келтірудің жалғыз үміті – сүйек кемігін трансплантаттау. Алайда туыс емес донорлар мен реципиенттердің арасындағы үйлесімділік ықтималдығы 10 000 жағдайға шаққанда 1-ді құрайды. Бұл донорлар тізімін кеңейту қажеттілігін одан да өзекті етеді, – дейді Ақмарал Әлназарова.
Министр бүгінде Гемопоэздік дің жасушалары донорларының ұлттық реестрінде (ГДЖ) 12 742 әлеуетті донор бар екенін мәлімдеді.
Дереккөзі: qaz365.kz
Abai.kz