Жұма, 7 Ақпан 2025
46 - сөз 183 4 пікір 7 Ақпан, 2025 сағат 13:33

Курскі шайқастарына жарты жыл: Не өзгерді?

Сурет: tass.ru сайтынан алынды.

Кеше Украина әскерінің Ресейдің Курскі облысына әскер бастап кіргеніне тұп-тура жарты жыл болды.

Украина әскері Ресейдің шекара шебінде жатқан Курскі облысының аумағына 2024 жылдың 6 тамызында әскер бастап кірді. Ал 15 тамызға дейін Курскі облысында ұзын-саны 1000 шаршы шақырым жер Украина бақылауына өтіп үлгерді. Украинаның әскербасы Сырскийдің есебінше: сол кездің өзінде Курскі облысындағы 82 елдімекен Украина бақылауында болған. Соның ішінде Ресей үшін стратегиялық маңызға ие Суджа қаласы да бар.

2024 жылдың аяғына қарай, Ресей қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Курскіні қорғау үшін қосымша әскер мен техникалар жіберді. Нәтижесінде, 40 пайызға жуық аумақты қайтара алды. Десе де, күні бүгінге дейін Ресей Украинаны Курскіден ығыстырып шығара алған жоқ.

Факт: Бұл соңғы 80 жылда, яғни Екінші дүниежүзілік соғыстан соң қандай да бір шет мемлекеттің Ресей аумағына әскер кіргізіп, тұтастай облыстың едәуір бөлігін өз бақылауына алған алғашқы жағдай.

Украинаның Бас штабы: «Курскі операциясын бастаудағы басты себеп – Ресейдің Сумкі мен Харьковке шабуылының жолын кесу болды», - дейді.

Ресей Курскі облысын қорғау үшін Апти Алаудинов бастаған шешен батальонын жіберген. Олардың қайраты жетпеген соң, Солтүстік Корейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұл да факт. Пхенян Мәскеуге көмекке 12 мың сарбазын жіберді. Олар Курскіні қорғауға жіберілді. Десе де, Ким әскері де Курскі қорғанысын ұстап тұра алмады. Нәтижесінде майдан шебінен шегінуге шешім қабылдады. Курскідегі жалпы ахуал осы...

Қысқасы: Алдағы уақытта соғысты дипломатиялық реттеуде Курск облысы Украинаның басты көзірі болмақ!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

4 пікір