Сейсенбі, 11 Ақпан 2025
Әдебиет 388 2 пікір 10 Ақпан, 2025 сағат 13:31

Қызыл армиядағы қазақ мұсылмандары

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Кеңес армиясындағы қазақ және мұсылман болудың мәні

Тарихшы ғалым Аллен Франктың «Қызыл Армиядағы қазақ мұсылмандары, 1939–1945» атты кітабы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Кеңес мұсылмандары туралы зерттеулер жинағы. Бұл монография соғыс жылдарындағы қазақтардың – майдан шебіндегі және тылдағы жауынгерлер мен жұмысшылар ретінде Кеңес соғыс әрекеттерін қолдауға жұмылдырылғандардың өмірін баяндайды.

Зерттеу қазақ әдебиетінің ерекше жанры – «хат-өлең» (қазақша «хат түрінде жазылған өлең») негізінде жүргізілген. Бұл жанрдың шығу тегі белгісіз. Бірақ бұл жанр  XVIII-XIX ғасырларда патша армиясында қызмет еткен татарлар мен башқұрттар арасында тараған соғыс уақытындағы «байт» деп аталатын өлең түрінен бастау алуы мүмкін. Қазақтар 1916-1917 жылдары патша армиясына шақырыла бастағанда осындай өлеңдерді хат түрінде жаза бастады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес армиясына мобилизацияланған қазақтар бұл дәстүрді жалғастырып, өлең-хаттарын үйлеріне жолдағанын тарихтан білеміз.

Бұл туралы зерттеуінде автор былай дейді: «Қазақтар арасында бұл өлеңдер көбінесе әнге айналып, әйелдер арқылы айтылып, отбасы шеңберінен шығып, ел арасына кең тараған. Осылайша, олар бір мезетте әрі жеке, әрі қоғамдық құжаттарға айналды. Әсіресе ауызша таралғандықтан, бұл шығармалар ресми цензурадан тыс қалды. Сондықтан бұл өлеңдер тек соғыс тәжірибесін ғана емес, сонымен қатар қазақтардың әлеуметтік тарихы туралы да көптеген құнды мәліметтер береді. Олар қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлі элементтерін қамтиды және Кеңес армиясындағы қазақ жауынгерлерінің дүниетанымы мен діни көзқарастарын көрсетеді».

Оның айтуынша, бұл өлеңдерден біз соғысқа шақырылу, жаралану және жарақатынан айығу, Кеңес армиясындағы қазақ және мұсылман болудың мәні мен мағынасы, мобилизация кезіндегі туыстық қарым-қатынастар, кеңес үкіметі мен фашисттер туралы саяси бағалаулар, сондай-ақ қазақ, кеңес және исламдық патриотизмнің көріністерін кездесітере аламыз.

Ғалым Аллен Франктың бұл зертетуді терең зерттегені соншалық Қазақ хат-өлеңдері және кеңес патриоттық поэзиясының мәніне де үңіледі. Шыны керек, соғыс жылдары қазақ баспасөзінде патриоттық жырлар көптеп жарияланды. Бұл ресми өлеңдер көбіне хат-өлеңдерге ұқсас құрылымда жазылғанымен, олардың басты айырмашылығы – хат-өлеңдер қолжазба түрінде және ауызша таралып, діни элементтерді қамтыған.

«Соғыс жылдарында Кеңес үкіметі дінге қарсы саясатты біршама жұмсартқанымен, ресми басылымдарда жарияланған поэзия толықтай зайырлы сипатта болды. Осы тұрғыдан алғанда, хат-өлеңдер ерекше құнды дереккөз болып табылады, себебі олар кеңес құжаттарында немесе ресми әдебиетте кездеспейтін қазақтардың діни дүниетанымын көрсетеді» , дейді ғалым.

Соғыс және қазақ қоғамының трансформациясы

Тарих бетін ашып көрсек, біз үшін Екінші дүниежүзілік соғыс ерлеріміз бастан кешірген әлеуметтік апаттың бірі болды. 1916-1921 жылдар аралығында көтерілістер, соғысқа мобилизация, ашаршылық және азаматтық соғыс қазақ қоғамын әлсін-әлі еңсерте берді. Ал 1928-1939 жылдары коллективизация, күштеп отырықтандыру, қарулы көтерілістер және ХХ ғасырдағы ең алапат ашаршылық орын алып, 1,75 миллион қазақ қаза тапты.

Зерттеу кітабында осындай сан түрлі кезеңдер туралы қалам тербеген Аллен Франк бұл зұлматтардың арасында Кеңес үкіметі қазақ қоғамының негізгі әлеуметтік құрылымдарын – туыстық жүйені және исламдық дәстүрлерді жоюға бағытталған саясат жүргізгенін ашық жазады. Кеңестік шенеуніктер қазақтардың «феодалдық-патриархалдық қалдықтарын» түбегейлі жою мақсатында оларды күштеп колхоздарға қоныстандырды, мешіттер мен медреселерді жапты, діндарларды қудаланғаны да тарих бетіне жазылған шындық.

Автордың дерегінше, алайда хат-өлеңдер көрсеткендей, Кеңес үкіметі жоюға тырысқан дәл осы туыстық қарым-қатынастар мен діни сенімдер қазақ сарбаздары мен олардың отбасылары үшін соғыс кезінде басты қолдау көзіне айналыпты. «Бұл өлеңдерде рулық ынтымақтастықтың маңызы, қазақ жауынгерлерінің шайқас кезінде әулие жерлерге, аруақтарға, сопылық дәстүрлерге жүгінуі жиі кездеседі. Сондай-ақ, оларда тағдыр, тәубешілік, дүниенің жалғандығы сияқты ислам философиясына тән ұғымдар көрініс тапқан» деп ары қарай жіктейді АҚШ ғалымы өз зерттеуінде.

Кеңестік және исламдық патриотизм арасындағы парадокс

Хат-өлеңдерде кеңестік және қазақтық патриотизмнің әртүрлі көріністері байқалатынын білеміз. Олар Кеңес Одағын фашизмге қарсы күрестегі әділ мемлекет ретінде сипаттайды. Бірақ, қызығы сол, бұл өлеңдерде «орыс патриотизмі» мүлде кездеспейді. Осы тұста Аллен Франк мынадай бір тың ойдың ұшығын шығарады: «Бұл қазақтардың өздерін Ресейдің бір бөлігі ретінде санамағанын көрсетеді. Бұл құбылыс патшалық және кеңестік дәуірлердегі қазақ шариғат соттарындағы пікірталастардан да көрінеді. Сонымен қатар, өлеңдерде қазақтың ХІХ ғасырдағы орыс басқыншыларына қарсы күрескен батырлары жиі аталады. Тіпті, кейбір өлеңдерде ислам тарихындағы жауынгер тұлғалар – Халифа Әли, мұсылман батырлары және пайғамбарлық тұлғалар мадақталады».

Ары қарай ендігі сөз бізді қазақтар және Кеңес-Ислам қатынасы туралы айтуға жетелей бермек. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлері ұлттық және діни бірегейліктерін сақтай отырып, Кеңес Одағын қолдағаны – кеңестік мұсылмандар тарихындағы ерекше құбылыс. Бұл деректер бізге Кеңес Одағындағы исламды зерттеудің стандартты тәсілдерінен (мешіт саны, діни қызметкерлер, ресми сауалнама нәтижелері) тыс, мұсылман қауымының өз ішінде қалай өмір сүргенін түсінуге мүмкіндік беретіні жөнінде де «Қызыл Армиядағы қазақ мұсылмандары, 1939–1945» кітабында тайға басқан таңбадай анық жазулы тұр.

Соғыс кезінде Кеңес үкіметі қазақ қоғамын түбегейлі трансформациялауға тырысқанымен, қазақ жауынгерлері өздерінің исламдық және рулық дәстүрлерін қайта жаңғыртып, осы құндылықтарды соғысқа бейімдеді. Кеңес мемлекеті бұл процесті тоқтата алмады, керісінше, мобилизация қажеттілігі олардың қазақ қоғамына қатысты саясатын жұмсартуға мәжбүр етті.

Сіздерге таныстырып отырған бұл кітап Кеңес мұсылмандарының әлеуметтік тарихын зерттеушілерге жаңа бағыт ұсынады. Ендігі жерде зерттеушілер мемлекеттік мұрағаттар мен ресми үгіт-насихат материалдарынан бөлек, Кеңес мұсылмандарының жеке қолжазбалары мен шығармашылық мұраларына да көңіл бөлуі тиіс.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

2 пікір