Маск енді "Азаттық" пен "Америка даусына" шүйлікті
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/image.jpg)
Илон Масктың шабуылынан кейін әлемдегі Азаттық радиоларын басқаратын және қаржыландыратын АҚШ-тың USAGM жаһандық медиа агенттігі радиолар желісін оптимизациялау туралы жоспарын дайындай бастады. Ал келесі аптада осы агенттік пен Илон Маск басқаратын тиімділікті арттыру үшін ашылған DOGE департаменті арасында келіссөздер өтпек.
"Орталық-шығыс Еуропадағы, мысалы Румыния, Болгария, Венгрия, Солтүстік Македониядағы Азаттық радиолары толық жабылады. Олар өз миссиясын 20 жыл бұрын орындап тастаған. USAGM басқарушы комиссиясы осындай кулуарлы шешімге келді. Енді протоколмен бекітеді", - дейді, Ақ Үйге жақын DALA INSIDE дереккөзі
Қалған радиолар бойынша А және Б сценарийлері дайындалды.
"А" сценарийінде Орталық-шығыс Еуропа жабылады, ал қалған елдердегі редакцияларда 50 пайыз қысқарту болады. Орталық аппаратта 40% пайыз қысқарту жүреді. Жылына 1 миллиард доллардан шамамен жартысы үнемделуі тиіс.
"Б" сценарийінде Иран мен Ресейден басқа барлық тәуелсіз мемлекеттердегі Азаттық редакцияларын жабу көзделген. Олар Молдова, Румыния, Болгария, Венгрия, Солтүстік Македония, Косово, Босния Герцоговина, Украина, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Әзірбайжан, Грузия. Жабардың алдында елшіліктер арқылы осы ел үкіметтеріне "сендерге Азаттық радиосы керек пе?" деген сұрақ қойылатын болады. "Керек емес" деген елдердегі редакция жабылмақ. Сонда Азаттық радиолары Ресей мен Иранға қысым рычагы ретінде, және Кавказ, Қырым, Татарстан, Сібір сынды бодан аймақтарда жұмысын жалғастыруы тиіс.
Орталық аппарат 70 пайызға қысқарады. Бұл жылына бөлінетін 1 миллиард доллардың 700 миллионын үнемдемек.
Келесі аптада жабық келіссөздер мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Конгрес өкілдері, DOGE және USAGM арасында өтетін болады. DOGE басшысы Илон Маск кеше «Азаттық» пен «Америка дауысы» радиоларын жабуға шақырып, ол туралы өзінің Х әлеуметтік желісінде жазған болатын. Маск оларды «радикалды солшыл есалаңдар» деп атап, салық төлеушілердің қаражатын ысырап етіп келеді деп айыптады.
«Олар өзімен-өздері сөйлесіп отырған, американдық салық төлеушілердің ақшасынан жылына 1 миллиард доллар жағып отырған радикалды солшыл ессіздер ғана. Жабу керек. Оларды енді ешкім тыңдамайды», - деп жазылған Илон Масктың постында.
Әлем бойынша Азаттық радиосының редакциялары Илон Масктың бұл мәлімдемесіне реакция бермеді.
Abai.kz