Арыстанбек Мұхамедиұлының аштық жариялағаны рас па?
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/maxresdefault.jpg)
Кеше түрмеде отырған бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялаған деген хабар таралып, қызу талқыға түсіп еді. Танымал журналист Қайнар Олжай желідегі парақшасында:
"Әлеуметтік желіден білгеніміз Арекең Атбасардағы түрмеден хат жолдапты. Онда өзінің аштық жариялағанын мәлім етіпті. Көк сиялы қалам мен қызыл сиялы қаламды араластыра жазғаны мектептегі кезімізді еске салды. Қыздарға хатты, олардың альбомына жазбаны осылай екі, кейде тіпті жасылды қосып, үш сияны араластыра жазатын едік. Сонымен ойланып отырмыз…", - деп жазған еді.
Бұрынғы Мәдениет министрінің ашық хаты туралы мәселеге байланысты Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.
– Ол тамақ ішеді, бейнебақылау камераларындағы жазбалар мұны растайды. Одан шағым, өтініш түскен жоқ. Тәртіпке сәйкес, сотталған адам [түрмеде] ұялы телефон пайдалана алмайды, – деп хабарлады қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
"Мұхамедиұлы аштық жариялаған" деген ақпарат 10 ақпанда экс-министрдің Facebook-тегі парақшасында шықты. Онда "Аштық жарияладым, өйткені өзімді басынан бастап кінәсіз деп санадым!" деп жазылған.
ҚАЖД Мұхамедиұлының атынан әлеуметтік желіде жазба жариялау фактісі бойынша тексеру жүргізіледі деді.
Бұған қоса, экс-министрдің парақшасында оның атынан жазылды деген хат жарияланды. Оның авторы экс-министр ісіне қатысы бар судьялар мен тағы бірнеше адамның аты-жөнін атап, оларды айыптаған.
"Бұл сот істерін тәуелсіз сарапшылар қарайтын болса, барлық айыптаудың ойдан шығарылғаны, заңсыз және жалған қорытындыларға негізделгені анық болатынына сенімдімін", – деген хат авторы.
"Атбасар қаласындағы түрмеден баршаға үндеу жасай отырып, ажалыма жоғарыда аты-жөні аталған адамдар кінәлі деп санауды сұраймын. Бұл жүгенсіз заңсыздықты "өлім" ғана тоқтата алады деген қорытындыға келіп отырмын" делінген жазбада.
Abai.kz