Сейсенбі, 11 Ақпан 2025
Билік 270 8 пікір 11 Ақпан, 2025 сағат 14:40

Берік Уәли: Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

– Берік Уәлиұлы, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет бас­шысы аталған жиында еліміздің даму мақсаттарына сай ке­летін көптеген міндетті белгіледі. Оның ішін­де қан­дай маңызды бастамаларды атап айтар едіңіз?

– Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін өте кең форматтағы басқосу. Жиында Үкімет мүше­лері­нің алдағы жылы атқаратын қызметінің негізгі бағыт-бағдарына басымдық беріледі. Сондықтан кеңейтілген отырыстағы Президенттің кез келген тап­сырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Қасым-Жомарт Кемелұлы саясат­та­ғы ұтқырлықты әлеуметтік-экономикалық да­му­дағы нақты қадамдармен үйлестіруді жөн са­найды. Яғни, түбегейлі өзгерістерге жол ашқан ре­­­формалардың орындалуы еліміздің әл-ау­қатынан да көрініс табуға тиіс. Осы ретте бір жыл бұрын жаңадан жасақталған Үкіметке өте үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені Пре­зи­ден­тіміз айтқандай, қазіргі кезең жаһан жұртшылығына жеңіл тиіп отырған жоқ. Ірі державалар арасындағы әр­түрлі текетірес, соның ішінде экономикалық санкциялар саясатын күшейту, әр жерде маздаған кикілжіңдер мен бейбіт тұрғындардың мазасын қа­шырған қарулы қақтығыстар бүгінде әлем ел­дерін қатты алаңдатады. Сондай-ақ соңғы жыл­дары климаттық өзгерістер де анық байқала бас­тады. Технологиялық жарыс нәтижелері бұрын-соңды болмаған бәсекелестік тудырды. Міне, осы іспетті сын-қатерлер елімізді барлық салада бет­пе-бет келетін күрделі күрмеулерді дер кезінде, тіп­ті алдын ала шешіп отыруға міндеттейді. Шиы­рып айтқанда, көрпеге қарай көсілетін уақыт кел­ді. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын оң­тайлы жұмсау, мемлекеттік құрылымның тиім­ділігін арттыру, артық шығынды болдырмауға баса мән беру керегін қадап айтты. Президент баян­да­ма­сының негізгі жүлгесі осыған саяды.

– Мемлекет басшысы биылғы баян­дамасында да экономикалық даму мәселел­еріне көп тоқталғанын байқадық...

– Экономика – мемлекеттік дамудың негізгі өзе­гі. Әлбетте, отандық экономика, жоғарыда айтқандай, күллі әлемде орын алып жатқан түрлі тартыстың салдарын сезініп отырғаны белгілі. Өйткені біздің басты қағидатымыз бойынша, Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі. Бұл экономикаға да тиесілі ұстаным. Сон­дықтан жаһандық сауда тізбегіне келтірілетін қандай да бір нұқсан біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайды. Осы жағдайда орнықты дамуды қалай қамтамасыз етеміз деген орынды сауал туады. Бұл жөнінде Президент бұған дейін де айтып келеді. Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында осы бағыттағы стра­тегияны тағы да пысықтап, Үкімет пен құзырлы органдар басшылары үшін не­гізгі мәселелерді қайтара еске салды. Мәселен, ел экономикасын әртараптан­дыру – өте маңызды бағыт. Соның ішінде осыған дейін оң өсім тіркеліп келе жатқан өңдеу өнеркәсібіне барынша жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Ерекше назар ау­даратын дүние, ірі өнеркәсіп жобаларының іске асырылуы баяу жүріп жатқанын сынға алды. Оны елден шы­ғар­ылған заңсыз активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажеттігін айтты. Үкіметке орта буындағы кәсіпорын­дар шоғырын қалыптастыру туралы тап­сырма берді. Қазір әлем­де көптеген ел тиімді пайдаланып отырған туризм са­ла­сынан да қаржы табуды жөн санайты­нын жет­кізді. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арт­тыру бағытындағы маңызды бастамалар бар. Екін­ші деңгейлі банктердің экономиканы қаржы­ландыруы тұрғысынан нақты міндеттер жүктеді. Игерілуі күрделі кен орындарын эконо­ми­калық ай­налымға қосу туралы ойымен бөлісті.

Тағы бір мән беретін мәселе бар: Үкі­­мет­тің кеңейтілген отырысында қос­ымша құн салығын көтеруге қатысты ұс­ы­н­ыс айтылғаны баршаға аян. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланды. Қарапай­ым жұртшылықтан бастап сарапшыларға дейін осыған қатысты ойларымен бөлісті. Президент те аталған мәселеге жіті көңіл бөліп, өткен аптада отандық бизнес өкіл­дерімен кездесуде өзінің пікірін жеткізді. Мемлекет басшысы кез келген реформаны жан-жақты сараптап, бай­ып­пен жүргізген жөн екенін атап өтті. Пре­зидент бұл тарапта түрлі нұсқаны қарастырып, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екеніне ерекше мән берді. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, сарап­шылар мен депутаттардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керегін қадап айтты.

Сурет: aikyn.kz

Осылайша, Мемлекет басшысы стра­те­гиялық бағыттарды белгілеп, желдің қай жақтан соғатынын, оған қарсы амал­дарды санамалап айтып берді. Енді Үкі­мет мүшелері мен басқа да тиісті ор­гандар осы міндеттерді орындауға жан-тәнімен кірісіп, бүкіл күш-жігерін жұ­мыл­дыр­уы керек. Бұл ретте Президент эко­номиканың барлық саласына ин­вес­тиция тартудың өте өзекті екенін атап көрсетті.

– Шынында, Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден инвестиция тарту жөнінде жиі айтты. Жалпы, елімізде қазіргі инвестиция­лық климат қандай?

– Мемлекет басшысының бастама­сымен елімізде Инвестициялық штаб құ­ры­л­ғанын жақсы білесіздер. Бұл бюро­кратиялық кедергілерге, топтық мүдделерге қарсы тұратын, құқықтық тұрғыдан ин­вес­торды қорғай алатын қабілетке ие институтқа айналуға тиіс. Штабтың тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдай жасалып, оның орындалуын Қасым-Жомарт Кемелұлы тікелей бақылауында ұстап отыр. Дегенмен Президент Үкіметтің міндеті инвесторлар­дың жекелеген мәселелерін шұғыл шешу ғана емес, еліміздегі жалпы инвестициялық ахуалды жақсарту екенін ерекшелеп айтты. Былтыр жыл соңында республика­лық басылымдарға жазған мақаламызда да атап өткенбіз, Президент 2024 жылы жиырмадан астам мемлекетке сапармен барды. Көптеген халықаралық жиынға қатысты. Соның бәрінде ең әуелі мемле­кеттер басшыларымен және шетелдік бизнес өкілдерімен кездесіп, еліміздегі шешімін таппай жатқан салаларға қаражат тартуға тікелей бастамашы болып келеді. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан экономикаға инвестиция тарту көрсет­кіштері бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бірақ Президент оған тоқ­мейілсуге болмайтынын жеткізді. Өйткені біріншіден, елімізде бюджет тапшылығы орын алып отыр. Инвестицияның азаюын бюджет есебінен өтеу қысқамерзімді ғана нәтиже беретінін тілге тиек етті. Сол себепті өңірлерге, Алматы қаласына құйылатын шетел инвестициясын арттыру міндеті қойылды. Үкіметтен барлық деңгейде, яғни орталық болсын, ірі қалаларымыз болсын, өңірлеріміз болсын, инвестор әкелуге қолайлы жағдай жасай­тын біртұтас экожүйе құру талап етіледі. Екіншіден, қазір әлемде сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеуге артып келе жатқан сұранысты тиімді пайдалану керек. Осы мақсатта еліміздің әлеуетін дұрыс іске асырған жөн. Мәселен, Үкімет басшысы елімізде аталған бағытта 17 кен орны ашылғанын айтты. Оның ішінде литийдің орны ерекше. Міне, осы салаға инвестиция тартылса, озық технологиялар келсе, шетелдік және отандық инвестор­ларға бірдей жағдай жасалса, еліміздегі инвестициялық климатты айтарлықтай жақсарта түсетіні анық. Қазір бұл тарапта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін инвесторларға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Яғни, олар өз шығындары есебінен әрі барлау жүргізеді, әрі жер қой­нау­ын пайдалану құқығына ие болады. Осы ретте елімізде Жер қойнауын пайда­лану бойынша реформа жүргізіліп, оның заң­намалық платформасы әзірленіп жа­тыр. Жалпы былтырғы құйылған қар­жы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда шетелдік инвестицияның біршама кемі­генін көрсетеді. Бұл – түсінікті. Себебі қазір дүниежүзі бойынша инвестицияға талас жүріп жатыр. Елдің орнықты даму­ын қамтамасыз етуде инвестицияның рөлі өте үлкен. Мемлекет басшысы эко­номикаға инвестиция тарту еліміздің әлемдік картадағы орнын анықтайтынын айтып, бұл істің мәні зор екенін жеткізді.

– Инфрақұрылымды дамыту мәселе­лерінде айтылған жобалар қаншалықты орындалады?

– Кейінгі жылдары еліміздің бірқатар қаласының жылу жүйелері қыстың көзі қырауда апатқа ұшырағаны қоғамға мәлім. Мұндай оқиғалардың елдің бе­деліне нұқсан келтіретіні де күмәнсіз. Осы орайда Президент нарық талабына сай тариф саясатын қайта қарауды тапсырды. Өйткені ТМД елдеріндегі баға біздің нарықтан әлдеқайда жоғары. Бұл – контрабандалық қылмысты өрші­тетін жағдай. Тіпті, шекара бағандарының астынан тоннель қазып, жанар-жағармай тасыған оқиғалар орын алғанын құзырлы органдарымыз анықтады. Сондықтан энергияға, жылуға, суға қатысты тұтыну бағаларын өзгерту коммуналдық нысан­дарды дер кезінде жаңа стандарттарға бейімдеуге мүмкіндік беретінін ұмытпаған ләзім. Президент айтқандай, ескірген энергетикалық нысандарды инновация­лық стансалармен алмастыру керек. Қуат көзі тапшылығы артқан сайын атом энергиясын пайдалануға сұраныс күшейеді. Бұл тұрғыда Қазақстан атом өнер­кәсібіне қажетті отын көзінің үлкен қорына ие екені белгілі. Яғни, уранға бай елміз. Сонымен қатар электр желілерін біріктіру, газ-бу қондырғылары мен құбыр желілерінің құрылысын аяқ­тау туралы нақты тапсырмалар жүктелді.

Сурет: aikyn.kz

Қазақстан соңғы жылдары көлік-транзит инфрақұрылымы бойынша өте ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қытайдан Еуропаға жеткізілетін жүк тасымалының Қазақстан аумағы арқылы өтуін қамтамасыз ету үшін авто­көлік жолдарымен бірге темір жол­дар, теңіз арқылы тасымалдау ісі жолға қойылып, көптеген нысан пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Транскаспий бағдарын дамыту аясында «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды, Қызылжар беке­тінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың көптеген учаскесін жаңғыртуды тапсыр­ды. Сонымен қатар «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын кеңейту міндетін жүктеді. Мұның бәрі Қытай мен Орталық Азияның арасындағы көлік дәлізін да­мы­туға септігін тигізбек. Былтыр елі­міздің бірқатар қаласының әуе терминал­дары жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Осы орайда ел аумағында халық­аралық әуе хабын құру ісі қолға алынғанын атап айту керек. Пре­зидент жүк және жолаушылар терминал­дарын, логистикалық орталықтарын, заманауи қызмет көрсету орындарымен қамтылған толық экожүйені құруды мін­деттеп отыр. Бұл салаларда да Қазақстан өзінің экономикасына тиесілі пайдадан қағылмауы қажет. Қауіпсіздік Кеңесінің алдағы отырысы осы көлік-тран­зит, логис­тикалық әлеуетті дамыту тақырыбына арналады.

– Цифрландыру саласында жетекші рөлге ие бола аламыз ба?

– Қазір әлемдік сауда электронды жүйеге көшкені белгілі. Еліміз мемлекеттік қыз­мет көрсету саласын цифрландыру бағытында үлкен жетістікке жетіп отыр. Бұл тарапта көптеген дамыған елдердің цифрлы жүйесінен озық екенімізді мақтанышпен айтуға болады. Дегенмен бұл сәт сайын дамитын сала болғандықтан, ақпараттарды қорғау, аталған экожүйені ұдайы дамыту ісі өте өзекті. Ақпарат құрал­дарынан америкалық және қытайлық платформалардың өзара бәсекесі туралы оқып, біліп отырмыз. Айталық, Қытай тарапы бар-жоғы 6,5 миллион долларға DeepSeek платформасын жасады. Оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түсті. Міне, осындай қазіргі заманның сұранысын жетік біліп қана қоймай, оны Қазақстан қоғамына дендеп енгізу мақсатында Мемлекет басшысы жасанды интеллекті саласындағы озық ойлы тұлғалармен жиі кездеседі. Жуырда ғана осы саладағы қытайлық кәс­іп­кер Ли Кай Фуды қабылдаған болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөз­ін­де де қытай тәжірибесін кеңінен зер­де­леу жөнінде тапсырма беруі бекер емес. Бұл салада біз бағындыратын биіктер әлі алда. Жалпы, цифрландыру саласына мыңдаған маман даярлаудан бастап, елордада Al-Sana жасанды интеллектіні оқыту орталығын ашуға дейін бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр деуге болады. Сонымен қатар жаңа қауіп-қатерлер де бар. Қазіргі кезде кибералаяқ­тық­тан қорғану мәселесі өте маңызды. Осы қыл­мыстық істердің 80 пайызының әшкерелен­бей қалуы арнайы құзырлы органдарымыз­дың цифрлы әлеуетін әлі де жетілдіруін қажет етеді. Өйткені мемлекет үшін азаматтардың қауіпсіздігі ең басты орында болуы керек.

– Әлеуметтік салада мемлекет қолдауы­мен іске асырылып жатқан жобалар туралы нақты не айтар едіңіз?

– Президент мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындауына баса мән береді. Бұдан бұрынғы несиелердің белгілі бір бөлігін өтеу, атаулы әлеуметтік көмек беру, жәрдемақы беруді жүйелеу сынды халық көңілінен орын алған бастама­ларынан бөлек, қазіргі кезде денсаулық сақтау мен білім және ғылым салаларын­дағы жобаларды әділ қаржыландыруға назар аударып отырғанын атап айту керек. Оның барлығы заңнамалық тұр­ғыдан негізделді. Ауылдарда алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 200-ге жуық нысан жыл соңына дейін беріледі. Биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілмек. Президент осы ауқымды жұмысты ширатуға тапсырма берді. Сонымен қатар келесі жылы барлық аудандық аурухана­ларға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осыған дейін ел көңілінен орын алған «Жайлы мектеп» жобасы биыл аяқталады. Оның басым бөлігіне сыбайлас жемқорлық фактілерінен өндірілген қаржы пайдалан­ылғаны белгілі. Үш жыл ішінде Президент тапсырмасымен тағы 1 300 мектеп жаң­ғыртылады. Ең бастысы, биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Атаулы жыл аясында сұранысқа ие кадр­лар даярлауға, еңбек адамының абыройын арттыруға үлкен мән беріледі. Мемлекет басшысы азамат­тардың өті­нішіне құлақ асу қажеттігін айтты. Өйткені әр өтініштің артында адам тағдыры бар. Бұл ретте мемлекеттік аппараттың тиімділігін арт­тыру міндеті қойылып отыр.

– Президент баяндамасында көпшіліктің назарын аударғаны – елімізді лақап атпен атаушыларға қатысты сөзі. Мемлекет бас­шы­сы елдің бет-бейнесін қалыптастыруда қоғамдағы барлық үдерісті қадағалайтынын байқадық...

– Әлбетте. Қазір адамдар әлеуметтік желілердегі қажетті-қажетсіз ақпарат тасқынынан өзін қорғай алмай, сана сүз­гісінен өткізбей, әртүрлі ойдың жетегіне оңай ілесетінін байқауға болады. Бұл, өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыздың алтын уақытын тиімді пайдалана алмай­тынын, жеңіл-желпі бөстекі сөзге үйір екен­ін меңзегеннен айтылған пікір бола­­тын. Мемлекет азаматтардың қалауын шектемейді. Бірақ әлеуметтік желіні де тиімді пайдаланып, табыс табуға, қоғамдық ой-сананы озық ету үшін үлес қосуға болады. Сондықтан әлдекімдердің қарау ниетінен, тіпті қоғамдық пікірді манипуля­циялаудан туатын, мемлекет беделіне нұқсан келтіретін арзан сөздерді қоғам болып тыйған ләзім. Президент осыған үндеді. Еліміздің жақсы атын ел азаматтары шығарады. «Заң мен тәртіп» қағидаты да осыған негізделген. Біз өзіміздің құ­қығы­мызды қалай қорғасақ, мемлекетіміз­дің де беделін солай сыйлауға әрі қорғауға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің еңсесі кө­тер­­іледі. Сол үшін бір-бірімізді бекер жәбірлемей, ортақ игі іске жұмылып, мем­­лекетшілдік сананы орнықтыра бер­геніміз жөн. Қадыр Мырза Әлінің «Тәу­ел­сіздікті сәт сайын қорғау керек» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің ар-намысы әр азаматының ұяты мен ожданына ай­на­луы керек.

Сұхбаттасқан Гүлзина Бектас

Дереккөзі: aikyn.kz

Abai.kz

8 пікір