Су ресурстары: 18 кәсіпорында тексеріс жүргізілді
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/image-15-10-24-10-15-2-e1729058418591.jpeg)
2024-жылы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті 18 кәсіпорында тексеріс жүргізген.
Тексеріс қорытындысы бойынша 30 дан астам жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, бірнеше лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Жамбыл облысы бойынша "Қазсушар" филиалына жүргізілген тексеріс барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі мен шаруалармен суармалы су беру келісімшарттарын жасау барысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықтаған болатын. Аудит қорытындысы бойынша мекеме басшысы мен Аса өндірістік аймағының басшысы қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
- Аудит барысында азаматтарды ауыз сумен және суармалы сумен қамтамасыз ету сапасын жақсарту үшін қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігі анықталды. Барлық заң бұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Сондай-ақ министрліктің құзыретті құрылымдары мен ведомстволарына ұсыныстар мен тапсырмалар берілді, - деді Ішкі аудит департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.
Бұдан бөлек, "Қазсушар" мекемесінің Алатау филиалында бұрын жұмыстан босатылған қызметкерлердің алаяқтық фактілермен айналысқаны анықталды.
Abai.kz