«Халқы сүйген қаламгер» атты әдеби сайыс өтті

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №32 кітапхана бөлімшесінде Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған «Халқы сүйген қаламгер» атты әдеби сайыс өтті.
Бұл шараға Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясының (директоры Лариса Уатайқызы) 9 «Б» сынып оқушылары белсенді қатысып, жазушы шығармашылығы бойынша өз білімдерін сынға салды.
Әдеби сайыс «Әдебиет вагоны» деп аталып, қатысушыларды бес түрлі «станциядан» тұратын танымдық саяхатқа жетеледі. Әр станцияда оқушыларға Мұхтар Мағауиннің өмірі, шығармалары, әдебиеттегі орны, көркемдік шеберлігі және тарихи танымы жөнінде сұрақтар қойылып, шығармашылық тапсырмалар берілді. Бұл сыннан сүрінбей өту үшін терең білім, тапқырлық пен ой ұшқырлығы қажет болды.
Сайыстың әділ бағасын әдебиеттану саласының беделді мамандары берді:
Бақыт Оразайқызы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әдебиеттанушы, профессор, психология ғылымдарының кандидаты.
Омарәлі Әлібекұлы – әдебиеттанушы, сыншы, Дүниежүзі қазақ қауымдастығы бірлестігінің Алматы қаласы бойынша бастығы.
Олар қатысушылардың жауаптарын мұқият тыңдап, әрқайсысының ой-өресін, әдебиетке деген сүйіспеншілігін, шығармашылық қабілетін бағалады.
Бұл сайысқа қатысқан оқушылар – болашақтың талантты әдебиетшілері мен сөз өнеріне жаны жақын жандар екенін көрсетті. Олардың дайындығы мен ынтасына сынып жетекшісі Джайкбаева Арай Болатхановна ерекше мақтанышпен қарады. «Сен тұр, мен атайын» дейтін білімді де алғыр шәкірттер сайыс барысында өздерінің жан-жақты ізденісі мен әдеби талғамының жоғары екенін дәлелдеді.
Бәйгеге түскен барлық оқушылар мықты дайындықпен келгендіктен, жеңімпаздарды анықтау оңай болмады. Дегенмен, жүлделі орындарға төмендегі оқушылар ие болды:
I орын – Жармұхан Тамерлан.
II орын – Сейдахмет Арсен, Арыстанбек Алан.
III орын – Нұрлан Әмина, Ұлаш Інжу, Аманбай Алия.
Олардың әрқайсысы әдеби білімдерін, талдау қабілеттерін, көркем ойлау деңгейлерін жоғары дәрежеде көрсете білді.
Сайыс барысында оқушылар Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік қуатын, тарихи танымын, ұлттық рухты дәріптеуін тереңірек түсініп, әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін одан әрі арттырды. Бұл шара жас ұрпақты әдебиетке баулып, қазақ руханиятының асыл мұраларын дәріптеуге жаңа серпін берді. Осындай мән-маңызы жоғары сайыстар оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың болашақта қазақ әдебиетінің жанашырлары болуына ықпал етері сөзсіз.
Айжамал Жолдасқызы,
Қаламгер, кітапханашы
Abai.kz