Жұма, 21 Ақпан 2025
Әне, көрдің бе? 1281 2 пікір 17 Ақпан, 2025 сағат 14:03

TEMU мәжбүрлі еңбекпен жасалған тауарларды сата ма?

Суреттер: atr.kz, ileeline.com сайттарынан алынды.

Соңғы бірнеше жылда электронды сауда нарығында қытайлық компаниялардың өзара бәсекесі жаңа кезеңге шықты. «Pinduoduo», «Shein» компаниялары «Taobao», «126» қосымшаларын ығыстырып, алдынғы орынға жеткен. «Pinduoduo-ның» шетелдік нарыққа арналған «TEMU» қосымшасы арзан тауарлармен әлемдік нарыққа ұмтылуда. Алайда бұған АҚШ бастап, күллі әлем алаңдай бастады.

АҚШ АГРЕССИВТІ МАРКЕТИНГКЕ АЛАҢДАЙДЫ 

Былтыр Америкада өткен, 123 миллион адам тамашалаған «Super Bowl» сайысында: «Трамп президент болса, мен Америкадан кетемін», - деген әйгілі әнші Тейлор Свифттің жарысты тамашалағанынан бөлек, «TEMU-дың» жарты минуттық 6 жарнамасы ел есінде қалған. Сонда әр жарнаманың құны 7 миллион болғанда, ұзын-саны 42 миллион жұмсалған. Бірақ «TEMU» оны еселеп қайтарып алған. Жарыстан кейін оны пайдаланушылар саны 25 пайызға өссе, Amazon мен eBay-ға кірушілер саны жеке-жеке 5.2 пайызға азайған.

Америка нарығына 2022 жылы кірген, қазір айына 152 миллион америкалық оған тапсырыс беретін қытайлық бұл қосымшаның құпиясы неде дегенгі зерттеген мамандар заңсыздық толы, дегенді айтады. АҚШ-тағы бөлшек сауда сарапшысы Нейл Сандерс TEMU-ді «допинг қолданған Amazon» деп сипаттаған.

Аталмыш сала сарапшылары «TEMU-дың» осынша тыбысқа жетуінің сырын былай түсіндіреді: Олар ерекше технология қолданады, түтынушылардың қажеті туралы сандық мәліметтерді тауар өндірушілерге тегін ұсынады екен. Ал Amazon болса мұндай сауда құпияларын әріптес өндіруші компанияларға жоғары бағада сатады екен. Одан бөлек жазылушысы 10 мың адамнан аспайтын блогерлерді өз өнімдерін жарнамалауға шақырып, қыруар қаржы ұсынады екен.

ВВС өткен жазда: «Американың құзырлы органдары арнайы тексеріс жүргізіп: «TEMU – мәжбүрлі еңбекпен өндірілетін тауарларды сатуы мүмкін», деп қауіптенгені туралы жазған. Атап айтқанда, АҚШ Конгресі TEMU-да  сатылатын кейбір тауарлардың, әсіресе Қытайда қуғын-сүргінге ұшыраған ұйғыр азшылығының мәжбүрлі еңбегі арқылы өндірілу қаупі жоғары екендігін ескерткен. Ал Қытай тарабы мұны жоққа шығарып, мәжбүрлі еңбекті пайдаланатын, еңбек заңын, балалар құқын бұзатын тауар өндірушілермен істес болмағанын айтып ақталған. Алайда мұның анығына жеткен ешкім жоқ.

«Кейбір қытайлық платформалар осындай жолмен жасалған өнімдердің сатылған-салмағанын үнемі ашып отырса да, TEMU әлі мұндай қадамға бармады», деп хабарлайды CNBC.

CzechCrunch-тің бұл мәселеге қатысты сауалына жауап берген Temu өкілі платформадағы әрбір сатушы балалар немесе құл еңбегін пайдаланбайтындығы туралы мәлімдемеге алдын ала қол қоюы керек екенін және мұндай жұмыс түрлеріне өз ережелерімен тыйым салынғанын айтты.

«TEMU» ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ДЕНДЕП ЕНІП ЖАТЫР...

«TEMU-дың» жер шарының арғы жағындағы дақпыртын бекер жазып отырған жоқпыз. Біздің де нарығымызға дендеп кіріп алғаны ақиқат. Таяқтың екі ұшы сынды, мұның да екі жағы бар.

Кейбір блогерлер Қытайдың онлайн сауда қосымшасын ашық жарнамалай бастады. Базарда нәпақасын тауып отырған заңды кәсіпкерлер тауар алушылардың күрт азайып, шығынға кіріп отырғандарын айтып дабыл қағуда.

Кеден салығынсыз кіріп жатқан қытайлық арзан тауарлардың отандық өндірісті, бизнесті күйретіп тынбасына кім кепіл?

Англия мен Америка тарабы саяси себептерден бөлек, химиялық есірткімен заңсыз қарулардың шекарасына енуі мүмкін екенінен қауіптенеді. Осы ретте Қытайдың іргесінде тұрған біздің ерекше бейғамдық танытуымыз ақылға сыймайды.

Ақ үйдің жаңа басшысы Трамптың сауда соғысынан кейін «TEMU»  басшылығы өндіруші компанияларға тауарларын АҚШ-тағы қоймаларға жеткізуді міндеттеді. Бізде де америкадағыдай форматтағы жұмысты талап етуіміз керек-ақ!

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше: 2024 жылы қазақстандықтар онлайн-сауда жасауға 3,2 трлн теңге жұмсапты. 2020 жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Демек, осынша қаражат онлайн айналымда. Оның неше пайызы Қытайға қарай ағылып жатыр? TEMU Қазақстанға салық төлемейді. Сәйкесінше, ел бюджетіне соқыр тиын пайдасы жоқ. Ал көп мақталған «арзан тауардың» ақшасы – Қазақстан ақшасы Қытайдың қалтасын толтырып жатыр деген сөз!

Abai.kz

2 пікір