Жұма, 21 Ақпан 2025
Мәдениет 845 11 пікір 18 Ақпан, 2025 сағат 13:36

Қазақ биі «Қамажай» ғана ма?

Суретте Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры / Сурет мақала авторының мұрағатынан алынды.

Қазақтың ұлттық биі туралы әр өлкенің азаматтары мен әр буынның ұғымы бөлек. Олай дейтін себебіміз, ХХ ғасырда, «кемелденген социализм» тұсында Кеңес Одағы аясында өмір сүрген адамдар тек «Қамажай» билеген қыздарды ғана көрді, солардың өнеріне қол соқты.

Ал, Кеңес Одағынан тыс елдерде тұрып жатқан қазақтар арасында би туралы ұғым кеңірек болды. Олар «Қара жорға», «Айжарық», «Аю  биі» секілді билерді жақсы білетін. Соның арқасында ХХІ ғасырдағы барлық өлкедегі қазаққа «Қара жорға» биі таныс болып кетті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Отанға оралған шығыстағы қандастарымызбен бірге «Буын» биі де оралды. Оны көпшілік құшақ жая қарсы алса, енді  бір бөлігінің  жатырқай қарағаны да жасырын емес. Той-томалақта өзге ұлттардың биіне қызыға қарап өскен екі-үш буын өкілдерінің жатырқап қарауы  заңды құбылыс болатын. Өйткені олардың: «Біздің ұлттық биіміз жоқ», – деген ұғыммен саналары қалыптасқан еді. БАҚ өкілдері мен телеарналарда да осы тақырып аясында дау-дамайлардың көп болғанын көзіміз көріп жүр. Өнер адамы болғаныммен қатар,  «Наз» би театрында қызмет атқарғандықтан, тарихи кітаптарды ақтарып жүріп, осы сұрақтың жауабын тапқандай болдым.

ХХ ғасырдың басында Қ.Байсейітов «Құштар көңіл» кітабында қазақтың түрлі өнерін теріп, хатқа түсіру үшін жәрмеңке  жариялағанын жазады. Жәрмеңке барысында басқа өнер түрлерімен қатар,  тек би өнерінің өзі Қанабек ағамыздың ауызын аштырыпты. «Ойпырмай, қазақтың би өнері осынша сан алуан екен ғой», – деп таңданысын жасырмай,  кітапқа түсіріпті. Бір қызығы, сол билердің барлығын дерлік ер адамдар билегенін жазады. Соның ішінде аңшының, бүркіт пен түлкінің әрекеттерін этюдтық қимылмен көрсеткен бишіге ерекше тоқталады.  Бұл  – ХХ ғасырдың басы. ХVIIІ-XIX ғасырларда қазақ жерін алғаш аттаған орыс зерттеушілері: «Наурыз мерекесінде күн менен түн теңеліп қана қоймай, хан менен қара, жарлы менен байы тең тұратын күн екен. Тіпті хан мен қара ортаға шығып, бірге билеуге құқы бар», – деп жазған.

Енді жыл санауымыздың басына келейік. Бұл дәуірдің тереңіне бойласақ, Батыста тарих атасы Геродотқа немесе ежелгі Қытай тарихшыларына жүгінетініміз белгілі. Қытайдың Таң династиясы билеп тұрған дәуірдің жылнамашылары арғы бабаларымыздың өнерін өте жоғары бағалайды.  Терістігі мен батысын тұтас жайлап жатқан Үйсін, Ғұн, Қаңлы мемлекеттерінен түрлі музыканттар мен музыкалық аспаптарды, бишілерді арнайы алдырып отырғанын тасқа басқандай жазып қалдырған. Қаңлы қыздарының «Арыстан биіне» арнап қытайдың Таң дәуіріндегі классик ақыны Бай Жуйнің жазған «Биші бикеш» деген өлеңі мынандай:

«Биші бикеш ойқастап,
Оңға-солға бой тастап,
Жауған қардай қалықтап,
Құйындай құйғып шарықтап.
Мүдіруді білмеген,
Бұрала, толқып билеген.
Келіпті бикеш Қаңлыдан,
Алты айшылық арыдан,
Жарыса зырлап күйменен.
Көңілі толқып күйменен,
Бидің биік сарасы.
Әлемде жоқ бағасы,
Қол жеткісіз асылға,
Әркімнің бар таласы.
Алқа-қотан айналды...

Міне, қазіргі қазақтың тікелей бабасы саналатын халықтың бірі Қаңлы бишілері Қытай ақындарын тебірентпей қоймапты.

Суретте Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры / Сурет мақала авторының мұрағатынан алынды.

Бұл аз десеңіз, одан да көне дәуірге өтейік. Ол дәуірдегі тарих – тек тасқа түскен петроглифтер. Адамдар  мен аңдар бейнеленген сол таңбалы тастарда би өнері де бейнеленген. Одан да мысал келтірейін. «Ұзақ жылдар бойы петроглифтерді зерттеп келген көрнекті ғалым А.П.Окладниковтің айтуы бойынша, ежелгі адамдар жылына бір рет жиналып, әрбір аңшы қанжығасының қандануын, яғни, аң аулау сапарының сәтті аяқталуын Көк Тәңірінен жалбарынып сұрайтын болған. Ол үшін аңшылар үстеріне бұғының терісін жамылып, бастарына мүйіз байлайтын болған. «Сиқыршы» биін жанын салып билеген. Мұндай ғажайып билерге дала кезіп жүрген түрлі андар таңырқап, іштерінен өздерінің жеңілгендерін мойындауы тиіс екен. Қолдарын аспанға көтеріп, бар дауыстарымен айқай салған аңшылар Көк Тәңірінен көмек сұраған. Осындай ежелгі әдет-ғұрыпты мүлтіксіз орындаған жағдайда Тәңірінің ықылас-рақымы түсіп, аң аулау сәтті аяқталатынына адамдар мүлтіксіз иланған. Жартастағы суреттер осы бір тарихи шындықты тағы да растай түсетін сияқты» (Бекболат Тасболатұлы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының  корреспондент-мүшесі, «Ана тілі» газеті, 19 қыркүйек, 2013 жыл.).

Осы тұста «...Егер бізде бұрын би өнері бар болса, неге біз аталмыш биді көрмей, білмей өстік?..» деген сұрақтың тууы заңды. Оған да жауап бере кетейік. Өткен ғасырдағы өнер түгілі, ұлтымыздың өзі жойылып кете жаздаған ауыр кезеңді бәріміз білеміз. Қазақ 1916 жылдан бастап, 1953 жылға дейін тек жоқтау айтумен болды. Ертеңгі күнді тірі көрудің өзі күмәнді болған қаралы кезеңде би билеу түгілі, көңілді әннің өзі айтылуы мүмкін емес еді. Көңіл көтерер басқа да өнер түрлері жоғалып кеткені анық нәрсе. Әрине, екі-үш буын бірдей көзімен көрмегендіктен, би өнерін жалғастыра алмады. Менің бұл пайымымды белгілі дипломат Сайлау Батыршаұлы айқындай түседі. «Барлық халықтарда ән мен би қатар жүреді. «Қазақ халқында мүлде би болмаған» деген пікір  дұрыс емес. Біресе жоңғар, біресе қытай, біресе орыс, 250 жыл патшаның отары, 70 жыл Кеңес Одағының езгісінде болғанда, қайдағы би? Мысалы, ән-күй, жыраулық өнер үнемі дамып, алға жылжып отырды.  Би өнері үлкен сахнаны қажет еткендіктен және үлкен қалаларда мүмкіндіктер болмағандықтан, басқа өнер салалары алға кетті. Би болған, ол өзінің деңгейінде дамыған», –  деп бидің жоғалу себебін аша түседі. Сол себепті, би өнерін сақтай алмадық. Ал, Қытай, Монғолия қазақтары Кеңес Одағы құрамында болмағандықтан, би өнерін сақтап қалды.

Толқын Сұлтанова,

радиожурналист, Қазақстан театр қайраткерлері Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері

Abai.kz

11 пікір