Жұма, 21 Ақпан 2025
Билік 787 7 пікір 19 Ақпан, 2025 сағат 16:24

«Ақ жол» партиясы Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдығын жоғары деңгейде атап өткізуді ұсынды

Суреттер: adebiportal.kz және akzhol.kz сайттарынан алынды.

Биылғы жылы елімізде ұлы Абайдың 180 жылдығымен қатар ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бірнеше көрнекті тұлғалардың мерейтойлары өтетіні мәлім. Еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктер аз емес. Осы жылдар ішінде Қазақстан Халықаралық аренада әлем мойындаған елге айналды.

Саяси тұлғаларымыздан бөлек, мәдениет пен өнерде, спорт пен ғылымда жеткен жетістіктерімізді насихаттау, осы арқылы балауса ұрпақ санасына отаншылдық тәрбие сіңіру – өзекті мәселе. 2025 жыл Қазақстан үшін мерейтойлар жылы десек қателеспейміз. Себебі биыл: Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл; Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл; Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл; Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жыл; Нартай Бекежановтың туғанына 135 жыл; Нығмет Нұрмақовтың туғанына 130 жыл; Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл; Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 120 жыл; Ілияс Есенберлиннің туғанына 120 жыл; Асқар Тоқмағамбетовтың туғанына 120 жыл т.б.

Соның ішінде, әл-Фарабидың әдеби образын сомдаған Әнуар Әлімжановтың 95 жылдығы, әйгілі ақын Тұманбай Молдағалиевтың 90 жылдығы бар. Ұлт қайраткерлерінің мерейтойларын тыңғылықты атап өтуге жауапты органдар дайындықты бастап кетті.

Осы ретте «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Мәжіліс мінберінен қазақтың тағы бір көрнекті тұлғасы, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің де 90 жасы ұмыт қалмауы керектігін айтып, депутаттық сауал жолдапты.

Депутаттық сауал: «Ұлт тағдырына үлес қосқан қайраткердің жолына адал болайық!»

«Ақ жол» Демократиялық партиясы да алға қарап, келесі жылға өз ұсынысын қосайын деп отыр. Халық жазушысы, қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділ тірі болғанда 2026 жылы 90 жасқа толар еді. Алда артына мол әдеби мұра қалдырған айтулы қаламгердің мерейтойы келе жатыр», - деген Азат Перуашев депутаттық сауалын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған.

Депутаттық сауал:

«Қабдеш Жүмаділовтың артында 10 роман, 20-дан астам повесть, 70-тен астам шығарма қалды. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Қаздар кайтып барады» сынды мол мұра қазақ  әдебиетінің алтын қорына енді.

Жазушы, өз еңбектерінде қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін шынайы бейнелеп, ұлт бостандығы үшін жанын қиған ерлер, оның ішінде Бөгенбай, Қабанбай, Оспан батырлардың азаттық жолындағы күресін терең зерттеп, оларды тек сарбаздар ретінде ғана емес, тұтас халықтың тағдыры үшін күрескен тұлғалар ретінде сипаттайды.

Қабдеш Жұмаділ барлық шығармаларында ұлтын ұлықтап, тіліміз бен дініміз үшін басын бәйгеге тігіп, тарихымызды қара күйеден тазартып, елдік рухымызды көтеру жолында жасаған жанкешті еңбегін мойындағанымыз жөн.

Сонымен қатар ол тек жазушы ғана емес, сондай-ақ ұлт тағдырына ерекше үлес қосқан қайраткер еді.

Ашаршылық кезінде тоталитарлы жүйеден қашып арғы бет асқан қаракөз қандастарымыздың тағдырына бейжай қарамай, олардың көші-қоны, тіл және мәдениет мәселелерін ашық көтеріп, ұлттық мүддені қорғау  жолында атсалысты.

Алпысыншы жылдары Қытайда саяси жағдай күрделене бастағанда, Қабдеш Жұмаділ қазақ бауырларының ауыр болашағына араша түсті. Мәскеуге дейін барып, бауырларымыздың көші-қонын ұйымдастыру мәселесін көтерді. Нәтижесінде, 1962 жылы 200 мыңнан астам қандасымыздың тарихи отанына оралуына себепкер болды.

Бұл оқиға ел тарихынан айрықша орын алды. Сол кезден өз жерінде ұлттық азшылыққа айналған халқымызға бас қосып, санымызды көбейтіп, оралған қандастарымыздың ұрпақтары өсіп-өніп, еліміздің лайықты азаматтары боп, Қазақстан дамуына өз үлестерін қосуда.

Қабдеш ағамыздың көзін көрген замандастары ретінде, ерлігін есте сақтау және оны лайықты түрде құрметтеу - біздер үшін борыш пен абырой.

Оның мерейін - той ретінде емес, ел бірлігі мен, ерлік пен адалдықты ұлықтайтын шара ретінде ұйымдастыру орынды. Бұл тек өткенді құрметтеу емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа рухани бағыт беру, кім екеніміздің терең мағынасын түсіндіру үшін де мүмкіндік.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын». Осындай тұлғаларды мақтан тұтып, олардың аманатына адал болу - біздің парызымыз. Осыған байланысты, «Ақ жол» Демпартиясы қазақ халқының біртуар қаламгері, әрі жанашыры Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдығын жоғары деңгейде атап өткізуді ұсынамыз.

Сонымен қатар, оның есімін ұлықтау мақсатында елді-мекендердің көшелер мен нысандарға атын беру мәселесін қарастыруды жөн деп санаймыз!

«Ақ жол» партиясының депутаттары: А.Перуашев, С.Ерубаев, Е.Барлыбаев, Д.Еспаева, Қ.Иса, Е.Бейсенбаев.

;t=4s

Түйін: «Ақ жол» партиясының ұсынысына алып-қосарымыз жоқ. Қабдеш Жұмаділов қалам қуатымен, қайраткерлігімен халықтың құрметіне бөленген ірі тұлға. Қандай құрметке де лайық!

Қызыл империяның қаны тамып тұрған кезінде де екі айырылған елдің басын қосып, қазақ көшінің ауыр жүгін қара нардай көтерген тұлға. Тәуелсіз кезеңде де ақиқатшыл тұлғасынан айнымай, үнемі шындықты айтқан күрескер.

Қаламгердің әдеби мұрасы да өзінің өршіл өмірінен өрілген. Ұлт тағдырымен біте қайнасқан. Шығарма кейіпкерлері келер ұрпаққа жарқын үлгі. Өнегелік, тәрбиелік қуаты өте зор. Өзі өлсе де сөзі өлмейтін жазушының мерейтойын өз деңгейінде атап өту, есімін елеулі нысандарға беріп құрмет көрсету керек бастама!

Abai.kz

7 пікір