Шартты түрде сотталғандарға казинода ойнауға тыйым салынады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданғаннан кейін депутат Нартай Сәрсенғалиев журналистерге заңға қатысты түсініктеме берді. Депутаттың айтуынша, қазірдің өзінде нақтылау мен жетілдіруді қажет ететін нормалар бар. Бұл мәселе депутат басқаратын AMANAT партиясы жанындағы Жастар кеңесінде де кеңінен талқыланған.
Депутаттар ұсынған жаңа нормаларға сәйкес, спорт нысандарында букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың және кез келген құмар ойындарының жарнамасына тыйым салынады. Бұл шектеу ғимараттың ішінде де, сыртында да қолданылады.
«Бұрын спорт нысандарында осындай жарнамалар жиі кездесетін. Енді олар тек спорттық іс-шаралар кезінде ғана рұқсат етіледі. Қалған уақытта мұндай жарнама болмауы керек, өйткені бұл нысандарда балалар мен жастарға арналған түрлі үйірмелер мен секциялар бар. Олар мұндай жарнаманы көрмеуі тиіс», – деп атап өтті депутат.
Өткен жылы депутаттар қабылдаған тағы бір норма – букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың SMS-хабарламалар арқылы жарнамалануына тыйым салу. Алайда Сәрсенғалиевтің айтуынша, ойын бизнесінің өкілдері жаңа тәсілдерді пайдаланып, жасанды интеллект көмегімен адамдарға қоңырау шалуда.
«Бұл туралы мен желтоқсан айының соңында депутаттық сауалымда айттым. Нәтижесінде, біз ойын бизнесінің жарнамасын барлық байланыс арналары арқылы таратуға тыйым салатын норманы енгіздік. Енді олар адамдарды қоңыраулармен де, WhatsApp немесе Telegram хабарламалары арқылы да мазалай алмайды», – деп түсіндірді Нартай Сәрсенғалиев.
Сондай-ақ бұл түзетулер Әкімшілік кодекске енгізілетінін айтты.
Ойын бизнесі туралы заң құмар ойын ойнауға тыйым салынған азаматтардың санаттарын анықтайды. Олардың қатарына түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар, айыппұл мен алимент төлемеген борышкерлер кіреді. Енді депутаттардың бастамасымен бұл тізімге бас бостандығынан айырмай жазаланған азаматтар да енгізілді. Осыған байланысты мәжілісмендер прокуратура, ІІМ және басқа да құрылымдардың дерекқорларын біріктіру қажеттілігі туралы мәселені бірнеше рет көтерген.
«Азамат бәс тікпес бұрын жеке куәлігін көрсетуі керек. Жүйе оның борышкерлер базасында бар-жоғын көруі тиіс. Ал әскери қызметшілер мен мемлекеттік қызметкерлерге келсек, бұл норма өткен жылы енгізілген», – деп қосты депутат.
Нартай Сәрсенғалиев өткен жылдан бастап ойын бизнесінің жарнамасына қоғамдық көліктерде, баннерлерде, билбордтарда және ғимараттардың қасбеттерінде толық тыйым салынғанын еске салды.
«Тағы бір маңызды мәселе – букмекерлік кеңселердің жарнамасын тек спорттық бағыттағы БАҚ орналастыра алады. Бірақ кейбір сайттар мен онлайн платформалар осы норманы айналып өтудің амалын тауып, өзін әлеуметтік-экономикалық бағыттағы ресурс ретінде көрсетуде. Осылайша, уәкілетті органдар оларға шара қолдана алмай отыр. Сондықтан әріптесім, депутат Ельнұр Бейсенбаевпен бірге бұл норманы нақтылауды ұсындық: тотализаторлардың жарнамасын тек спорттық сайттар бере алады. Әйтпесе, олар мемлекеттік тіркеуден өтпейді», – деп түсіндірді депутат.
Оның пікірінше, ойын бизнесіне қойылатын лицензиялық талаптарды қатаңдату қажет.
«Көп жағдайда бір компания бірнеше лицензия алады. Ал мемлекеттік органдар тексеріп үлгергенше, олар басқа лицензиялар арқылы жұмысын жалғастыра береді. Бұдан бөлек, барлық әкімдіктер салалық министрлікке деректерді уақтылы бермейді. Кейбір өңірлер мұндай жарнама мүлдем жоқ деп есеп берген. Бірақ барлығымыз бәрін көріп отырмыз. Кейбір жағдайларда ойын бизнесінің жарнамасы заң күшіне енгеннен кейін бес-алты айдан соң ғана алынып тасталды. Яғни, заңның орындалуы бойынша сұрақтар бар.
Әр өңірде Туризм және спорт министрлігінің салалық комитетінің өкілі болуы тиіс. Себебі қазір әкімдіктерде қажетті өкілеттіктер жоқ. Біз бұл мәселені де қарастырып, Әкімшілік кодекске түзетулер енгіземіз. Барлық осы шаралар азаматтарымызды құмар ойындардан қорғауға көмектеседі деп есептеймін», – деп қорытындылады Нартай Сәрсенғалиев.
Abai.kz