Жексенбі, 23 Ақпан 2025
Пікір 237 0 пікір 22 Ақпан, 2025 сағат 21:17

Еңбек қауіпсіздігі дабылы: «Қазахмыс» трагедиясы қандай сабақ береді?

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Ұлытау облысындағы «Қазахмыс» кенішінде орын алған қайғылы оқиға еліміздегі еңбек қауіпсіздігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Қазақстанда соңғы жылдары өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалар саны азаймай отырғаны белгілі. Тек 2023 жылы өндірістік жарақаттардан 1200-ден астам жұмысшы зардап шеккен, олардың ішінде жүзден астам адам қаза тапқан. Бұл жағдай қауіпсіздік талаптарының сақталмауы мен тиісті бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатаң сын айтып, үкіметке қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы барлық өндіріс нысандарын толық тексеріп, қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін цифрландыруды енгізу, инвестиция көлемін арттыру және бақылауды күшейту қажеттігін баса айтты. Мұндай қадамдар дамыған елдерде әлдеқашан жүзеге асырылған тәжірибе екенін ескерсек, Қазақстан үшін де еңбек қауіпсіздігі саласын жаңа деңгейге көтеру маңызды. 

Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, заңдардың орындалуын қамтамасыз ету және Қазақстанды өркениетті мемлекеттер қатарына қосу – қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелердің бірі. Еңбек қауіпсіздігіне салғырт қарау – тек жұмысшылар үшін емес, тұтас ел экономикасы үшін де ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Осы мәселеге қатысты өз пікірін қоғам белсендісі Қайрат Дәуітқұлов та білдірді. Ол еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың құқығына қатысты өз көзқарасын сұхбат барысында ортаға салды. 

Президенттің қауіпті кәсіпорындарға қатысты бастамасы туралы пікіріңіз қандай? Бұл шешім қаншалықты уақытылы және маңызды деп ойлайсыз? 

Бүкіл қауіпті кәсіпорындардың бәрінде президенттің нұсқауымен осындай ауқымды істер тікелей жүргізілуі керек. Меніңше, бұл – өте дұрыс әрі дер кезінде қабылданған шешім, өйткені осыған дейін көптеген ауыр жағдайлар мен осындай трагедиялар біздің мемлекетімізде орын алды. Енді соның бәрін орнына қойып, түзеп, қателіктер мен кемшіліктерді жою мәселесі қазіргі таңда өзекті деп ойлаймын, уақыты келді. Мен президенттің бұл бастамасын жүз пайыз қолдаймын, бұл – өте дұрыс қадам. 

Жұмысшылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?  

Тек қана қауіпсіздік мәселесі емес, бүкіл мәселелерді қарастыру керек ол жерде. Ең бірінші, қазір біздің мемлекетте мүлде жоқ десем болады – адам құқығы, қарапайым жұмысшы құқығы мәселесі бірінші орында тұр деп ойлаймын. Өте өркениетті дамыған елдерді біз, мысалы, білеміз. Ол мемлекеттерде өте мықты тәуелсіз кәсіподақтар бар. Жұмысшылардың, жұмысшы қауымының құқығын қорғайтын, жоғын жоқтайтын, қамқор болатын бізде де осындай мықты кәсіподақтың болуының уақыты келді деп ойлаймын. Өйткені көбіне бұл техникалық қауіпсіздік шараларының ақсап тұрғаны, меніңше, осы мәселеге де тікелей байланысты. Өйткені жұмысшылардың құқығын ешкім қорғамағандықтан, олардың қамқоры, олардың жоқтаушысы болмағандықтан, кәсіпорын басшылары бұл мәселеге немқұрайлы қарауы мүмкін. Көп шығын шығармауға тырысып, осы мәселе төңірегінде үнемдеуге бейім болуы мүмкін деп ойлаймын. Бұл – менің жеке басымның көзқарасы. Сондықтан болашақта мен үміттенемін, біздің президент осы мәселелерге де үлкен көңіл бөледі. 

Қазақстанның қалыптасуында қарапайым жұмысшылардың құқықтары мен қауіпсіздігі қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?  

Мен шын көңілден қазір айтайын деп отырған ойыма сенгім келеді, үлкен үміт артамын. Жалпы, жаңа Қазақстанды құрамыз десек, ең алдымен, қарапайым жұмысшылардың құқығы мен олардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек деп ойлаймын. Меніңше, біздің президентіміз осы мәселеге үлкен көңіл бөле бастады. Өйткені кез келген мемлекеттің өркениетті болуы, жаңа Қазақстан, жаңа мемлекет ретінде қалыптасуы, әлемдік деңгейде өз орнын алуы үшін ең бірінші мәселе – сол мемлекетте өмір сүретін азаматтардың қауіпсіздігі. Осы мәселеге көңіл бөлініп отырғаны мені қуантады. Бұл – өте маңызды, үлкен қадам деп ойлаймын. 

Үкіметтің қабылдаған заңдары жақсы болғанымен, олардың орындалуы ақсап тұр деп айттыңыз. Сіздің ойыңызша, бұл мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасау қажет? 

Үкімет, былайша алғанда, президенттің өзінің тікелей қарауында отырған ұйым ғой. Ұйым дейміз енді, басқару жүйесі. Сондықтан, меніңше, президенттің тікелей нұсқаулары болды. Тек оларға осы нұсқауларды орындаса екен деп ойлаймын. Өйткені бізде, шын мәнінде, соңғы біраз жылдары үлкен, жақсы өзгерістер бар, және мынау өзімнің қоғамдық жұмыстарға байланысты көбіне мына заңдарды қараймын – біздің Ата Заңнан бастап, түгел мемлекетте қандай заңдар бар, қалай жұмыс істейді – соны бақылап, қарап жүргенде, өкінішке қарай, айтатыным: бізде жақсы заңдар бар, бірақ олардың орындалуы ақсап тұр. Енді солай, ары қарай ақсап қалмаса екен. Қазіргі енді мынау жақсы осындай бір дұрыс нұсқаулар орындалса екен деп ойлаймын. Ол үшін, меніңше, қазір мына кадр мәселесіне де көп көңіл бөлу керек шығар. Кадр мәселесін қайта қарау керек шығар, өйткені соңғы кезде, иә, жақсы бір үрдіс пайда болды. Жас мамандарға, жас кәсіпкерлерге, қызметкерлерге мүмкіндіктер берілуде, бірақ осы үрдіс тоқтамаса екен және көбіне олардың кәсіптік шеберліктеріне көбірек көңіл бөлсе екен деп ойлаймын. Жаңағы туыстық, таныстық деген мәселелер бізді 30 жыл ақсатып келді, оны бәріміз білеміз. Сондықтан қазіргі кезде бірінші мәселе – ол адамның мықты, шебер кәсіпкер болуы, екіншіден, ол азаматтың мемлекетіміздің заңдарын, жалпы мемлекеттілігімізді құрметтейтін, сыйлайтын адам болуы деп ойлаймын. 

Қазіргі таңда Қазақстан қандай басты қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр деп ойлайсыз? Осы қиындықтарды еңсеру үшін қандай мүмкіндіктер мен нақты қадамдар қажет? 

Шын мәнінде, қазір біздің мемлекетіміздің алдында үлкен қиындықтар тұр. Біз бұл туралы көп айтып жүрміз ғой, былайша айтқанда, бүкіл әлеуметтік желіде негативті ақпарат өте көп. Бірақ соған қарамастан, мен айтар едім, біздің мемлекетімізде үлкен мүмкіндіктер бар. Өркендеп, дамыған өркениетті мемлекеттер қатарына қосылуға үлкен мүмкіндік бар. 

Ал енді өркениет дегеніміз не? Өркениетті мемлекетте ең бірінші технологияны жетік меңгеру қажет. Технологияны жетік меңгерген жерде, меніңше, техногендік апаттардың алдын алуға мүмкіндік туады. Сондықтан менің айтайын дегенім – осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ғылым мен технологияны дамыту қажет. Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында осы мәселеге үлкен көңіл бөлсек. Осы бағытта үлкен идеологиялық жұмыстар жүргізсек. Біз қоғамды біліп, зерттеп, қарап отырғандықтан, қазір осы үлкен дүние ақсап тұр, кемшіліктер бар. Идеология, былайша айтқанда, радикалды діни көзқарастардан немесе басқа да негативті дүниелерден ары аса алмай отыр. Сондықтан осы мәселеге үлкен көңіл бөлінсе екен. 

Сондай-ақ, өзіміздің басқару жүйесіне, мемлекетіміздің президентіне өтінішім ретінде айтатын ұсынысым – біздің мемлекетіміз технологияны, білім мен ғылымды меңгерген, өркениетті елдер қатарына қосылуға тырысса екен. Ең бірінші, қарапайым жұмысшылар мен қарапайым халықтың қауіпсіздігіне, олардың өмір сүру мүмкіндіктеріне, жағдай жасауға, еңбек етуіне үлкен көңіл бөлсек екен. 

Бұл жерде соңғы кезде аталып жүрген мәселелердің бірі – салық жүйесі. Фискалдық органдармен жұмыс жүргізу және мемлекетімізде адам құқығының бұзылмау мәселесіне көбірек көңіл бөлсек, менің ойымша, алдағы жылдары біз дамуға, өркендеуге қарай қадам басамыз деп ойлаймын. 

Гүлмира Сыздыққызы 

Abai.kz

0 пікір