«Бешбармақ» деп жүргеніңіз қай ет тамақ?

Нарын жеудің жалпыласуы
Албан елінде Үсен деген бір жігіт бала кезінен бастап домбырамен өлең айтып, той-думандар да үнемі айтыстарға түсіп, ел көзіне түсіңкіреп жүреді
екен.
Бір жылы жайлау кезінде, қасына өзі сияқты ән-күй, өлең мен сауық-сайранға құмар бір жігітті ертіп, қолда домбыра, тақымда сайгүлік дегендей, серілік құрып, той-тойлай жүріп қызды-қыздымен көршілес жатқан Дулат еліне барып қалады. Көшпелі елдің осы жадыраған жаз кезінде әйтеуір бір нәрсенің сылтауын тауып той-тойлап думандататын әдеті емес пе, тойды-тойға жалғап жүріп біраз күн еру болған жігіттер домбырамен ән салып, реті келеген жерлерде әріптес тауып айтысып, жұрт көзіне түсіңкіреп, Албан елінен келген ақын жігіттер атанып қалады.
Әр айтыста елді, жерді, өз ауылынан шаққан игі жақсыларды мақтан етіп айтатын сол дәуірдегі сарын болғандықтан, елге де, жерге де сөз салып, ой өрбітіп жүрген Үсен, осы елдің жер жағдайына, ел тіршілігіне біраз назар салады. Бұл елдің жері жазық, топырағы сортаңдау, шалғыны аз, күні ыстық, отыны тапшы, егіншілігі жоқтың қасы, жеріне көбінде арпа, тары сияқты дақылдар егеді екен. Тарыны торғайдан қорғау үшін таң атқаннан күн батқанға дейін бала-шаға, қыз келіншектер тыным алмай тарының қасында болып, түс кезінде қара сора қурайының басына шапандарын жауып көлеңкелеп, сусындайды екен. Отын үшін малдың тезегін жайып кептіріп, жинап алатын көрінеді. Төрт түлік мал ішінде түйені көп өсіреді екен. Той-томалаққа тайлақ сойып, қымыздан көрі түйе сүті – шұбатты көбірек пайдаланады екен. Қандай малдың етін асса да, қамырды жайып, жайманы ет астына салып, әуелі етті асықпай турап, сосын қамырмен араластырып жейтін салты да бар екен.
Бір күні той болған ауылдан аттанып екінші бір ауылды жанай өтіп бара
жатқан жігіттер бір байдың алты қанат ақ ордадай үйінің алдында кермеде
бір топ әсем әбзелдеген ер-тоқымды аттардың байлаулы тұрғанын көреді.
Түндегі тойдан қызған делебелері әлі басылмай алабұрып келе жатақан екі
жігіт, «зайыры осы үйде бір келелі кеңес немесе бір айтулы қуаныш болып
жатқан болар» деп топшылап аттарының басын бұрып, үй маңына таяғанда,
үй ішінде домбырамен шалқыта салған ән әуені естіліпті, аттарынан түсіп
үйге сәлем бере кірсе, үй толы адам уда-шу думанды күлкі үстінде отырған
екен. Төредей боп төрдің ортасында орталау жастағы бір ақын кісі күмістелген домбырасын жүкке енді ғана сүйеп қойып шалқалап отырса, құс
төсектің қасында, оң жақ қолтығына нән мамық жастықты қойып, шынтақтап
бір қария төбедей болып жатса керек. Кірген екеуіне ешкім де назар
аудармай, елеусіз қаралып, босаға жаққа барып ыңғайланып отырады.
Сәлден соң төрден төмендеу отырған бір қарияның бейтаныс екі жігітке көңілі ауып:
«Қай ауылдың балассыңдар?» – деп жөн сұрағанда, өрдегі Албан руынанбыз, ауылымыздан шыққанымызға бір талай күн болып қалды, Дулат
туысқандарды аралап тамашалап жұрміз» депті. Сонда әлгі сұңғыла қария
жігіттердің жүздерінен байқап қалса керек. «Өздерің де думаншыл, өнерлі
балалар көрінесіңдер. Қане қайсысың домбыра тартып, өлең айтасыңдар?»
депті. Қасындағы жігіт, сыпайылық танытып: «Мына жігіт аздап домбырамен
өлең айтатын өнерлі бала», – деп, Үсенді нұсқапты. Сонда барып құс төсекті
шиық еткізген қария қозғалақтап, «Әй, Майкөт (ақынның аты) құрығыңды
қолыңа алып, үйірінен адасқан Албанның мына екі тайын өз үйіріне қосып
қойсаң қайтеді», – деп Майкөтты шабыттандыра сөйлеп, екі жігітті жасытпақ болады. Онсыз да зорға шыдап, шиыршық атып отырған Майкөт ақын қолына домбырасын ала салып былай деп жүйтки жөнеледі:
Жасыма тай дегенге балаларым,
Бір анадан тарайды бабаларым.
Адаспай, үйіріңе барып қосыл,
Айтқанда ақылға көн ағалардың.
Жаңа талап екенсің жалының бар,
Жете ме айтысуға шамаларың?
Ей, бала Албан бай ма, Дулат бай ма?
Байлығы Албаныңның Дулаттай ма?
Жаппастан бес мың түйе боталайды,
Ауылыңды тайлақ тепсе шулатпай ма?!
Ей, бала неге мұнша күйіп келдің,
Көңілге бір пәлекет түйіп келдің.
Артыңда ала қоржын бөктерулі,
Байқұсқа арпа-сарпа құйып бергін.
Қазірше аз желдетіп тоқтатайын,
Ауылын алыстағы жоқтатайын.
Еліне есі болса ертең қайтар,
Деп тұрғам жоқ екеуін оттатайын.., – деп екпіндете барып, домбырасын
жүкке сүйеп, үй ішіндегілерді күлкіге бір көміп тастайды.
Дәл осы сәтте, бірталай тойды шулатқан екі жігіт келіп үй іші лықсып толып, ендігәрі ешкім отырар жерде жоқ болатын. Десе де сол ауылдың думанды естіген екі жігіті осы арада бір бұқаға мінгесіп келіп, ашық тұрған есік алдынан өтіп барып, бір қазыққа бұқаларын байлап, үйге кіріп келмесі бар ма, өлеңді қалай бастаудың қисынын таппай қиналып отырған Үсенге бұл таптырмайтын бір жақсы орай болып, «Ахау!» – деп бастап кеп жіберді:
Атасын қызыр шалған Дулатым-ай,
Өлеңді оңды-соңды зулату-ай.
Бұқаны қоңыр тоқал мініп алып,
Мұрынын жануардың шулату-ай.
Жерінде шалғын түгіл көде де жоқ,
Шаң қаптырып ел-жұртын құрату-ай.
«Жұтаған жұртын мақтар» деген рас,
Майкөттің мақтан айтып зулату-ай.
Шығандап даусым жақсы шықпай отыр,
Тамақты мына шаңның құрғату-ай, – деп бір қайырып тастап ары қарай
желдірмелетіп термелей жөнеледі:
Жеріне тары айдаған,
Желіге түйе байлаған.
Біздің жердей шұрайлы,
Жайлауың жоқ жайлаған.
Ертең ерте тұрысқан,
Торғайменен ұрысқан.
Түске таман болғанда,
Қара сора қурайдың.
Басын үй ғып буысқан,
Пана тапқан қуыстан.
Етін наны көбейткен,
Боғын үйіп шөмейткен.
Өтірік емес шындық қой,
Бай болса Дулат неге өйткен?
Отырмасаң алжасып,
Ел деп келдім дәл басып.
Өзі жейтін арпасын,
Бізге бермек жаны ашып.
Торғай деме біздерді,
Беретұғын дән шашып.
Біздің Албан биелі,
Сіздің Дулат түйелі.
Мақтан қылмай байлықты,
Аталы сөз айт жүйелі.
Еліңнен ертең аттансам,
Айтарсың жан деп киелі, – деп өлеңін тоқтатқанда, қышқылдау сөз қытығына тиіп, булығып зорға шыдап отырған Майкөт ақын домбырасының құлағын оңды-солды бұрап, шабытын шақырғандай тамағын бір-екі кенеп алып, домбыраны қағып-қағып жіберегенде, тырс етіп ішегі үзіліп қалады.
Осы орайды жібергісі келмеген Үсен қайтадан ахауға басып:
Байеке осы болса ақыныңыз,
Ұқсайды ел ішінде жақыныңыз.
Ақының өлең тауып, ішек тақсын,
Бар болса басқа ақын шақырыңыз.
Таныстық азда болса ел-жұртпенен,
Айтуға көз көргенді қақылымыз.
Бейтаныс сіздер үлкен, біздер бала,
Бармай тұр артық өзге батылымыз.
Болғанда түйе күшті, жылқы жүйрік,
Тай мініп, толған шығар тақымыңыз.
Хайуанға адамзатты теңемеңіз,
Біздағы рулы елдің ата-ұлымыз.
Айтыстың төрелігін сізге беріп,
Қалыстық күтіп отыр пақырыңыз, – деп тоқтайды.
«Абайсызда айтысты өзім бастап едім, өзім төрелігін істейін, әй, Майкөт өлеңді тоқтат, енді қанша айтқаныңмен дәмсіз болады. Аз сөзден көп мағана деген осы. Балам, жарайсың! Орынды жауап қайтардың. Бөтендігі жоқ алыстан келген ағайындарымызың балалары екенсіңдер, қонақ ретінде жоғары отырыңдар», – деп әлгі құс төсекке сүйенген қария айтысты тоқтатады. Ел тарап екі жігітті бай үйіне қондырып, қонақ қылып, жалындарың қайтпаған жас екенсіңдер, қарияларыңа сәлем айтыңдар. Ер жігітті еркін өсіруді білген екен деп шығарып салады.
Үсен ауылына келген соң, ауыл ақсақалдарына жоғардағы көрген-білгендерін айтып, той-нәзірден басқа уақытта Дулат елі етке нанды жайып салып, жақсылап турап жейді екен. Бұл біздің етті жапырақтап-жапырақтап жегенімізге қарағанда, әрі жағымды әрі сіңімді болады екен. Мен, Майкөт ақын салған жерден байлықты айтқан соң, сындыру үшін етін нанмен көбейткен деп мінеп тастадым. Егер мен Майкөт ақын босам былай деп қайырған болар едім:
Тамақтың таппай жүрсің жағымдысын,
Білмейсің еттің нанға бағындысын.
Нан қоспай нармайынан бір асатып,
Аузыңның ұшықтайын қағындысын.
Бай болсаң өз еліңде жүре бермей,
Қаңғырып біздің елде нағып жұрсің?, – деп өлеңді домбырасыз-ақ айтар
едім, – дегенде отырған топ ду күлісті, сөзінің шындығын дәлелдеу үшін
ақсақаларды үйіне шақырып ет асып, оған қамыр жайдырып салып, етті нан
үстіне турап, араластырып жегізіпті. Етті сүйіне жеген жұрт сонан бастап әр
той топта етке қамыр салдыратын болып, Албан елінде қамыр салып, ет жеу
жалпыласқан екен. Қазір бұны нарын деп те атап жүрміз. Ал Қазақстанда басқа ат таппағандай «Бшбармак» теп атап жүр.
Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би
Автордың «Мен таныған шындық» атты кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz