Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5680 0 пікір 30 Қыркүйек, 2009 сағат 05:45

Инернет-конференция (Жалғасы)

Қазақ болу енді модаға айналады

Қазақ болу енді модаға айналады

- Мені сіздің елімізде ендігі 20-30 жыл ішіндегі ұлттық саясаттың негізгі ерекшеліктері қандай болуы мүмкін деген сауалға беретін жауабыңыз қызықтырады. 
Екіншіден, біздің қоғамдағы қазіргі интеграциялық үрдістерге әсер етіп отырған этникалық мәдениеттің ролі туралы не айтасыз?
Үшінші сұрағым. Білім жүйесіндегі ұлттық құндылықтардың дамуы және ұлттық идеяның дамуы контекстіндегі көзқарасыңыз қандай?

Мақсым Бірғали.

- Мәке, сұрағыңыз мықты екен. Саясаттанушысыз ғой деймін. 
Соңғы 20-30 жылдардағы саяси процесстерді бірнеше кезеңге бөлген жөн.
Желтоқсан және Ұлтсыздық кінараттарынан арылу кезеңі деп. Және «Перстройка -Қайта құру кезеңі» деп. Сол жылдары ұлттық Жаңығыру басталды. Бұрын айтылмаған ойлар және ащы шындық ашық талқыға салына бастады. Қоғамдық пікір алаңына Шерхан Мұртаза, Сәбетқазы Ақатаев, Сағат Әшімбаев сияқты ағаларымыз шықты жарқылдап.
Ш. Мұртаза өзінің өткір мақалаларымен, Сәбетқазы Ақатай өзінің саяси ұстанымымен, Сағатхан Әшімбаев «Қазақтың парызы мен қарызы» атты өзінің авторлық бағдарламаларымен қазақы ортаның серпілуіне, сілкінуіне ықпал етті. 

Екініші кезең Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-1991-1998 жж. Бұл жылдары мемлекетті құру және оны сақтап қалу қиынның қиыны еді..Бұл кезеңнің бас лидері Нұрсұлтан Назарбаев болды. 

Бүгінгі таңда қоғамда Елбасының тарихтағы ролі, қазақ ұлты алдындағы ролі жөнінде пікірталас өрбіп жатыр. Ең бірінші Қазақстанда бүгінгі әлем тенденцияларына сәйкес келетін билік институттары қалыптасты. Қазақ мәдениеті кең ауқымда дами бастады. «Мәдени Мұра» ұлттық бағдарламасы қазақ ұлтының қайта өрлеуінің негізгі элементтерінің біріне айналды.
Ұлт, мемлекет деген саясаттану ұғымы бар, қазақтар саяси ұлтқа айнала бастады, яғни англо-саксон, классикалық неміс, француз тәрізді «ұлық» ұлттарымен терезесі тең жағдайға жетіп қалды. Болашақ бағдарламасының арқасында қазақтың балғын жас жеткіншектері шет елге барып қана қоймай, қазақ ұлтының интеллектуалды ұлт екендігін көрсете бастады. Егер осыдан жиырма жыл бұрын қазақ деген ұлттың бар екендігін ешкім білмесе, бүгін Кембридж, Оксфорт, Сорбонна тәрізді оқу орындарында біздің жастар оқып жатыр және алдыңғы санатта. Бұл ұлт болашағының жарқындығына кепіл жайттардың бірі. Тарихтан бір мысал келтірейін. Жиырмасыншы ғасырдың басында қытайлар өздерінің өркениеттен көш-керуен қалып қойғандығын сезе отырып, балаларын Европаға жібере бастайды. Олар өз кезегінде сол елдерге барып, үйреніп Қытайға көптеген технология енгізеді. Солардың қатарына Вань Минь, Дэн Сяопин, Цзянь Цземинь тәрізді болашақ мемлекет қайртаткерлері болды. Қытайдың қарыштап дамуының фундаменті сол кездері жасалған. Сондықтан Болашақ бағдарламасының потенциалы келешекте ашылатын болады.
Ең негізгісі қазақ ұлты барлық жағынан халықаралық гуманитарлық алаңдарға еркін шыға алатын, өзі идеялар трансфертін қалыптастыра алатын ұлт дәрежесіне көтеріле білді. 
Әрине проблема жоқ емес. Бірақ бізге барлығы жаман деп жылай бергенді қою керек.

Футурология деген ғылым бар, болашақты болжамдайтын. Әсіресе Рим клубының осы бағыттағы еңбектері өте қызықты.

Мен Қазақстанда үлкен қазақ ұлтының пайда болатынына сенімдімін.Ұсақ этностар қазақпен интеграцияға кіреді аккультурация және жұмсақ ассимиляцияның арқасында Қазақстандағы түркі тілдес халықтар, белгілі бір мәдени автономия ала тұра өздерін қазақ деп сезіне бастайды. Сонымен бірге Қазақстанға башқұртстаннан, татарстаннан, ноғайлыдан біздің ағайындар көшіп келе отырып, қазақ халқының санын көбейтеді. Қазақстан тек Орталық Азияның емес, Еуразия аумағының мәдени рухани диалог алаңына айналып, ғылылми-интеллектуалдық трансферттер орталығы болады. Дәл осы уақытта қазақтың белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері Нобель силығын алып қана қоймай дүниежүзі мәдениетінің асыл мұрасына кіретін туындыларды бірінен соң бірін бере бастайды. Халықаралық дәрежеде қазақ туралы түсінік табысты, салмақты, ақылды, парасатты, ойлы мазмұнды деген сөздердің синониміне айналатын болады.
Осындай алғышрттардан кейін қазақ болудың өзі модаға айналады, қазақтың саны күрт өседі. 30 млнға жетеміз. 

Ұлттық құндылықтар дегеніміз қазақтың дәстүрлі мәдениетіне негізделуі керек. Бүгін ұлттық құндылықтар жаһандық процесстерге байланысты тарылып келеді. Жаһандану жақсы жақтарымен қатар ұлттық мәдениетке өзінің залалын тигізіп қана қоймай, біздің ұлттық мәдени кодмызға кері әсерін де тигізіп отыр. Бүгін біздің балаларымын «Спанч Бобты» көреді, «Нарутоны» пір тұтады, Жетикс пен Никелодеоннан өзінің рухани азығын алады. Осының барлығы мәдени кодқа әсер етеді. Бір үйде тұрып әкесі мен баласы екі әлемнің өкілі. Бүгінгі күннің шындығы осы. Жаһандаудың арқасында шекара, алыс-жақын деген ұғымдардың бәрі түп тамырымен жойылды. Енді осындай жағдайда не істеу керек. Мектеп бағдарламаларына қазақтың дәстүрлі мәдениеті деген пән енгізу керек. Ол бала бақшадан бастап, орта, жоғары оқу орындарында міндетті пәнге айналуы керек. Сонда бізде тек қазақ емес, барлық жастар қазақи тәрбие алады. Бархытты ассимиляция дегеніміз осы.
Біздің мемлекет, біздің ұлт объективті түрде «алтын миллиард» елдерінің даму сатысынан өтеді, бұл объективті нәрсе, сондықтан ұлттық мәдениет, ұлттық құндылықтар деген әр-бір қазақтың бойында болуы керек. Біз аз халықпыз, егер 21 ғасырдың сахнасына шығамыз десек, ұлттық рухты арттыратын жобаларды іс-жүзіне асыруымыз керек. Әр-бір қазақстандық осы қазақи рухпен білім алып, ер жетуі керек. Түркияда біздегі тәрізді пәленбай ұлт өкілдері тұрады. Қолмен санайтын болсақ құмық, ноғай, черкес, өзбек, әзірбайжан, армян, еврей тт. Бірақ барлығы өздерін түрікпіз дейді, екіншіден бәрі шетінен Түркияның патриоты. Олар осыны қандай жолмен жасап отыр осыны зерттеуіміз керек.

Орыстырдың өзі Федерация бола тұра бүкіл мектептерден ұлттық компонентті алып тастады. Ол деген не мектепте татар, башқұрт, якут басқа да тілдер оқытылмайды тек орыс тілі болады деген сөз. Ал унитарлы мемлекет бола тұрып біздегі жағдай қалай? Ойлану керек.

 

 

Президенттер тек Президент қана бола алады...

- Газеттегі бір мақалалардан Сіздің Оксфортдта болып қайтқаныңыз туралы оқып қалғаным бар еді. Ал, не көріп қайттыңыз? Не білдіңіз?
Елдос Арсылан

Оксфорт емес, Кембридж. Әлемдегі ең әйгілі оқу орнында қазақтың мәдениеті жөнінде ТМД елдері ішінде бірінші болып біз конференция өткіздік. Мәдени саясат және өнертану Институты үшін бұл бір баянды белес болды. Өйткені Институтты халықаралық алаңға шығардық, өркениеттер диалогына қатыстырдық. Кембриджге біз бір топ адам бір ұжым болып бардық. Қатарымызда М. Әбусейтова, Л. Ерекешова сияқты білікті ғалымдар болды. 

Кембридж дүниежүзі универсиеттерінің ішінде бірінші рейтингте тұрған бірден-бір университет. Университетте біз «Қазақстанның тарихи ретроспективадағы қоғамы, тарихы, мәдениеті» атты конференция өткіздік. Конференция барысында ағылшынның сақал мұртын ақ басып селкілдеген қарт ғалымына дейін Қазақстанға қатысты әңгімені қағыс жібермейтіндерін байқадым. Мәуілжіп біткен қарт ғалымдар мінберге шығып сөйлемесе де өздеріне тиесілі құрметті орындарына келіп отырып алып ұзаққа созылып кететін әңгімелерді тыңдаудан шаршаған жоқ. Қазақтың мәдениеті мен тарихына қатысты қарт адамдарының өзі әлгіндей ынта білдіріп жатқан соң жастары туралы айтпай-ақ қойсақта болатын шығар...
Қазақ мәдениеті бәсекелестікке қабілетті, Европаны қызықтыра алатын модернистік мәдениет бола алады. Меніңше, ағылшын ғалымдары, мәдениеттанушылары мен саясаткерлері осы мүмкіндікті ескеріп отыр.
Ешқандайда бөстекі сөз емес, ағылшын ғалымдары Шыңғыс хан империясының мұрагері қазақтар деп біледі.
Енді уақытты текке сарп етпей біздің гуманитарлық саланы да халықаралық деңгейге шығаратын жолдарды қарастыруымыз керек. Осы жолдағы алғашқы адымдарымыз басталып та кеткен сияқты.

- Ерлан Биахметұлы, интернет-конференция барысында кеше сіз өз ұлтын сүйген саясаттағы ұлы тұлғалардың есімін атап, оларды нағыз ұлтшылдар дедіңіз. Тарихты тұлғалар жасайды ғой. Осы ретте Батыс және Шығыс қайраткерлерінен тағы кімдердің есімін атар едіңіз?
Қайрат Молқы.

- Уинстон Спенсер Черчилль «ағылшынның мәңгі достары жоқ, мәңгі мүддесі ғана бар» деган әйгілі сөзін білетін шығарсыз. Екінің бірі алайда, бұл кісінің оқу бітіре алмағандығын, оқуға түсе алмағандығын, оны әкесінің «осы балам әумесер ме, әлде көтеріліп кететін жыны бар ма?» деп дәрігерге көрсеткендігін біле бермейді. Ал сол Черчилль 22 жасында үлкен кітап жазып, мансабын жазушылықтан бастаған екен.

Л.Лойд Джордж. Черчилль екеуі екі таптан шыға отырып, бір-біріне бәсекелесе отырып, мемлекет мүддесі тұрғысында әрқашан ортақ пікірге келе білген.

Махатма Ганди. Ол кісіні әлем халқы ұлы гуманист ретінде біледі. Ал ол барып тұрған ұлтшыл болған адам. Бірақ барлығын «ақылмен» істеген. Д.Неру мен М.Гандидің ұлтшылдығы шектен шығып кеткендігі сонша, «Британ Үндістанын» мұсылмандармен ортақтастырғысы келмей, Үндістан мен Пәкстанға бөлуге дейін барған.
Бұл жөнінде біздің коспомолиттер айтпайды. 

Дэн Сяопин «мен өмірімде социализмен бұрын капитализммен кездестім, бірақ социализм түбінде жеңеді» деп айтқан. Ол Францияда, Пэжо зауытында құрастырушы болып еңбек еткен. Сяопиннің болжамын бүгінгі саяси тенденциялар жанама түрде болса да дәлелдейтін тәрізді, тарихтың маятнигі сол жаққа, әлеуметтік жаққа ауып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, дүниежүзі саясатының заңғар биігіне шыға білген бірден бір қазақи тұлға. Ұлттық лидер, басқа Президенттер тек Президент қана бола алады. Ал Назарбаев қазақтың ұлттық лидері, мәдени құндылықтарды өзгертіп қана қоймай, қазақтың бүгінгі таңдағы саяси мәдениетін қалыптастырған бірден-бір тұлға. Бұл ақиқатпен қазір дауласатындар бар шығар, бірақ оны алдағы уақыт әлі-ақ әйгілейтін болады.

 

 

ЕҚЫҰ-ға мұнайымызды емес, елдігімізді көрсетуіміз керек

-Сіздің ойыңызша 2010 ж ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның хатшылық етуінің біздің елімізге, мәдениетіне тигізер әсері, маңызы қандай?
Асылбек.

- Біріншіден, Асылбек, сұрағыңа рахмет.
ЕҚЫҰ (ОБСЕ) беделді халықаралық ұйым. Жоғарыда Лондонда, Кембриджде болып қайтқанымызды айттым ғой. Сол сапарда европалықтардың Қазақстанда болып жатқан мәдени-гуманитарлық процеестерге қызығушылығының мол екендігіне көзім жетті.
Европаны біздегі саяси процесстер аса қызықтырмайды, олардың бізге деген экономикалық мүдделері басым. Ал біз ЕҚЫҰ-ға қазақты тек қана мұнайға бай ел емес, мәдениеті терең де тұңғиық, гуманитарлық салада көшбасшы ел ретінде көрсете білуіміз керек. Сондықтан сол 2010 жылы Европада қазақ мәдениетінің промоушнын жасау керек. Біздің ғылымды көрсете білу керек, Европаның ғылыми алаңдарына жас ғалымдарымызды шығару керек. Сонда қазақтар жөнінде заманауи ойлай білетін, Европа мәдениетінен сусындаған, интеллектуалды ұлт ретінде көзқарас қалыптасады. Осы тұрғыдан келгенде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудің мәні өте жоғары.


- Кунсткамерамен бірігіп керемет альбом шығардыңыздар. Сол туралы ойыңызды білсек.

Жұмат Қоблынады


- Бұл альбом негізінен Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық жоба ретінде жүзеге асырылған дүние. Қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихын, дәстүрлі мәдениеті мен этнографиясын зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жасақтау айрықша өзекті мәнге ие. Қазақ жәдігерлерін жүйелі түрде жинап зерттеу XIX ғасырдың екінші жартысында бастау алған. Қазіргі күнге дейін Ресейдің Ұлы Петр атындағы АЭМ қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қатысты аса құнды дүниелер жинақтамасымен қатар, көшпенді халықтың мәдениеті мен тұрмысына байланысты фотоиллюстрациялық деректемелердің бірегей қорына ие екенін жақсы білесіздер. Кунсткамераға ғылыми экспедицияға досым және әріптесім Б.Әбдіғалиев басқарған ғылыми экспедиция қомақты жұмыс атқара отырып, XVIII -ХІХ ғ. басындағы қазақтардың өміріне, тұрмысына, мәдениеті мен дәстүрлеріне қатысты бірегей фотокөшірмелер елімізге қайта оралды. Соның нәтижесінде Мәдени саясат және өнертану институты дайындап, үш тілде түсініктемелері берілген «Кунсткамера жинағындағы қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты көлемді альбом оқырманның қолына тиді. Ғылыми жо­баның іске асуына "ENRC-көмек Қа­зақ­стан" қайырымдылық қоры қаржылай көмек бергенін атап өткен жөн.
Қазіргі таңда ел тәуелсіздігінің бекіп, мемлекетіміздің әлеуметтік деңгейінің көтерілуі тарихи шындыққа айналған тұста, көптеген жылдар бойы Ресей елінде сақталып келген, тамыры тереңде жатқан асыл қазыналарымыздың, жәдігерлеріміздің қазақ жеріне оралуы, ең бастысы болашақ ұрпаққа үлгі боларлық дүние деп білемін. 
Мәдениет - қашанда халықтың ұлттық қазынасын байытып отыратын руани өмірдің қайнар көзі болғандықтан, кезінде белгілі сепбептермен сыртқа өтіп кеткен, сыртта қалған дүниелерімізді елге қайтару кезек күттірмейтін келелі іс деп ойлаймын. Қазіргі таңда тек қана Ресей емес, сондай-ақ өзге де шет мемлекеттермен мәдени-саяси қарым қатынаста болмақпыз. Қайталап айта берді ғой демеңіз, біз Лондонда болған сапарымызда осы мәселелердің төңірегінде көптеген ізгі бастамалардың жобасын жасап қайттық. 

- Мәдени саясат және өнертану институтының Мәдениет және ақпарат министрлігімен қарым-қатынасы қалай?
Әдина Байшалқызы.

Ұмытпаңыздар, біздің Институт Мәдениет және ақпарат министрлігіне тікелей бағынышты. Министр Құл-Мұхаммет қазақтың дәстүрлі мәдениетін терең түсінетін азамат. Батыста «мемлекеттің көзге көрінбейтін қолы» атты теория бар. Министрлік біздің ғылыми жобаларымызды қолдай отырып, творчестволық тұрғыдан еркін жұмыс істеуімізге барынша мүмкіндік береді.
Министрліктегі жауапты хатшы Жанна Кұрманғалиева Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, саясаттанушы, ақпарат кеңістігі, мәдениет саласын қазақ тілінде де орыс тілінде де «шағып»тастайтын маман. Талантты адамдармен жұмыс істеу оңай және ондай орта сенің шығармашылық қабілетіңнің артуына қолайлы орта. Біздің институт Мұхтар Құл-Мұхаммет мырзаның командасында белсене жұмыс істуге барынша мүдделі. Әдина, сіздің сауалыңызға орай мен осыны айтқым келеді. 

(Соңы)

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036