Бейсенбі, 27 Ақпан 2025
Абай.tv 166 0 пікір 27 Ақпан, 2025 сағат 14:08

Қазақстанда 76 млрд тонна мұнай қоры бар, бірақ...

Сурет: Jibek Joly телеарнасының баспасөз қызметінен алынды.

Jibek Joly телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджанның «УӘДЕ» авторлық жобасына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов сұхбат беріп, еліміздің мұнай барлау саласындағы қазіргі жағдай мен өзекті мәселелер туралы баяндады.

Сұхбат барысында Асхат Хасенов Қазақстандағы ірі геологтардың шөгінді бассейндер бойынша ауқымды зерттеулер жүргізгенін атап өтті. «Біздің ірі геологтарымыз шөгінді бассейндер бойынша ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде мамандар Қазақстанда мұнай ресурстарының көлемі 76 млрд тоннаға жетуі мүмкін деген тұжырымға келді. Алайда бұл көрсеткішті дәлелдеу қажет. Ол үшін геологиялық барлау және бұрғылау жұмыстарын белсенді жүргізу керек», – деді ол.

Соңғы жылдары барлау жұмыстарының қарқыны бәсеңдегенін айтқан Хасенов бұл процестің негізгі себептерін түсіндірді. «Бұған негізгі себеп бар. Біріншіден, мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді, Геологиялық барлау комитеті зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл – мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыс. Екіншіден, әрбір компания өз қаражаты есебінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, біз зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда бұрғылау жұмыстарын бастап кеттік», – деді басқарма төрағасы.

Сондай-ақ, Хасенов кеңес заманындағы жоспарлы экономика кезеңінде бұрғылау жұмыстары метропроходка әдісімен есептелгенін атап өтті. «Кеңес заманында жоспарлы экономика болғандықтан, бұрғылау жұмыстары метропроходка әдісімен есептелетін. Ал қазіргі таңда бұған басқа көзқарас қалыптасқан, өйткені бұл капиталдық тұрғыдан өте қымбат процесс. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, геологиялық барлау жұмыстарының, оның ішінде бұрғылау нәтижесінде оң нәтиже беретіндері тек 25%-ды құрайды. Яғни, 10 ұңғыма қазылса, оның тек 2-3-еуі ғана нәтижелі болып шығады. Ал бұл процестерге қыруар қаржы жұмсалады», – деп мәлімдеді Хасенов.

Сұхбатқа сілтеме: 

Abai.kz

0 пікір