Бейсенбі, 27 Ақпан 2025
Күбіртке 160 0 пікір 27 Ақпан, 2025 сағат 15:13

«Ақ жол» дабыл қақты: Шетелдiк маркетплейстер салық төлеуі тиіс!

Суреттер: abai.kz, akzhol.kz, eec.eaeunion.org сайттарынан алынды.

Қазір әлем елдері Қытайдың арзан тауар жеткізетін онлайн сауда қосымшаларына күманмен қарап, тексерісті күшейтуде.

Еуроодақ 30 пайыздық баж салығын енгізуді және қытайлық маркетплейстерді ҚҚС төлеушілер ретінде міндетті тіркеуді талқылап жатыр. Бұл жергілікті және шетелдік компаниялар үшін бәсекелестік жағдайын теңестіреді.

Ал Үндістан шетелдік маркетплейстерге жергілікті компаниялармен серіктес болу және салық пен баж төлеу талаптарын енгізді.

Біз осыған дейін «Abai.kz» ақпараттық порталында «TEMU мәжбүрлі еңбекпен жасалған тауарларды сата ма?» атты мақала жариялаған едік. Онда соңғы жылдары елімізде ерекше қарқын алған Қытаймен онлайн сауда мәселесін көтеріп, Кеден салығынсыз кіріп жатқан қытайлық арзан тауарлардың отандық өндірісті, бизнесті күйретіп жатқанын айттық. Қытайдың көлеңкедегі бизнесінің һәм осындай онлайн платформалардың ел бюджетіне тигізіп жатқан кері әсері мен қаржылай шығындары туралы сөз қозғадық.

Сурет: Abai.kz скрині.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше: 2024 жылы қазақстандықтар онлайн-сауда жасауға 3,2 трлн теңге жұмсапты. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 5 есе көп!

Біз: «Демек, осынша қаражат онлайн айналымда. Оның неше пайызы Қытайға қарай ағылып жатыр? Онлайн сауда платформалары Қазақстанға салық төлемейді. Сәйкесінше, ел бюджетіне соқыр тиын пайдасы жоқ. Ал көп мақталған «арзан тауардың» ақшасы – Қазақстан ақшасы Қытайдың қалтасын толтырып жатыр деген сөз!» деп жазғандық.

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

«АҚ ЖОЛ» ДАБЫЛ ҚАҒУДА: МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ...

Кеше бұл мәселеге Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы да назар аударып, ҚР Сауда министрі Серік Жұманғаринге сауал қойды. Аталған депутаттық сауалда мәселенің өзектілігі нақты фактілермен дәлелденген.

«Ақ жол» депутаттарының дабыл қаққан депутаттық сауалынан бірқатар тезистер ұсынайық:

Бірінші: Шетелдік маркетплейстер (Temu, Amazon, AliExpress және т.б.) Қазақстанда орналаспағандықтан, біздің заңнамаға сәйкес салықтар мен алымдарды төлеуден жалтарады. Мұндай жағдай қазақстандық өндірушілерге қарсы әділетсіз бәсекелестік артықшылықтарына ие болуға мүмкіндік беретін, импортқа салық салудағы үлкен олқылық деп санаймыз.

ФАКТ: 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 миллиард теңгенің тауарын жеткізіп, бюджетке 24 миллиард теңге төледі, яғни, бұл айналымының 4,8%-ы ғана емес, кедендік баж салықтарын төлеуден толық жалтару, оған қоса, ҚҚС-тан 2,5 есе аз! Ал, ҚҚС жалпы алғанда әрқашан тауар жеткізілетін елде төленіп, бюджетті толтырудың маңызды факторы ретінде қызмет етеді.

Екінші: Шетелдік маркетплейстер операциялары бойынша ҚҚС төлеуден жалтару арқылы 2023 жылы бюджет 60 миллиард теңгеден астам қаржыдан құр қалған, бұған өндірістегі жұмыс орындарынан түспей қалған жеке табыс салығын қосыңыз.

ФАКТ: Сарапшылардың мәліметтері бойынша, дәл сол импортталатын тауарлар үшін қазақстандық маркетплейстерге түсер фискалды жүктеме 16,3%-ды құрайды, яғни, 4 есеге жуық жоғары.

Үшінші: Жергілікті платформалар арқылы жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлер 62%-ға дейін жететін әртүрлі алымдар (ҚҚС, корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, кедендік баждар, сертификаттау және т.б.) төлеуге міндетті.

ФАКТ: Сарапшылардың бағалауынша, егер дәл осындай сомаға (505 млрд теңге) тауар қазақстандық алаңдар арқылы сатылса, бюджетке 24 емес, 136 млрд теңге түсер еді, оның 82 млрд теңгесі ҚҚС + осы тауарларды өндірудегі 46 мың жұмысшыдан 54 млрд жеке табыс салығы болар еді.

ҰСЫНЫС: Көріп отырғанымыздай бақылаусыз онлайн сауданың кесірінен отандық өндірушілер зардап шегіп, ел бюджеті табыстан қағылып отыр. Бұл олқылықтың орынын толтыру үшін «Ақ жол» партиясы Сауда министрлігіне мынандай ұсыныстар қойып отыр:

1) Шетелдiк маркетплейстердің Қазақстанның салық органдарында мiндеттi тiркелуі туралы талапты енгiзу керек!

2) Үндістан үлгісіне сүйене отырып, шетелдік маркетплейстер үшін қазақстандық платформалармен және өндірушілермен ынтымақтасу міндеттемесін енгізу мәселесін қарастыру керек!

3) Қазақстандық тұтынушылардан алынған табысқа ҚҚС және басқа да салықтарды міндетті түрде төлеуді енгізу керек!

4) Шетелдік сауда желілері арқылы жүзеге асырылатын бажсыз сауданың параметрлерін төмендету не жою мәселесін қарастыру керек!

5) Отандық Е-коммерцияны және оның қатысушыларын мемлекеттік қолдаудың шараларын әзірлеу, оның ішінде халықаралық төлем жүйелерімен интеграциялау, қызметтер мен логистиканы ұйымдастыруға жәрдемдесу керек!

Abai.kz

0 пікір