«Адамзаттың қателігі – қантөгісті ақтауға тырысу»

Ада Риццо – 1960 жылы туған италиялық жазушы, ақын, дәрігер. 30 жыл медицина саласында қызмет еткен. Әдебиетке үлкен дайындықпен келіп, алғашқы кітабы 2021 жылы жарық көрген. Ол – 4 романның авторы. Ал өлеңдері көптеген халықаралық антологияға енген. 2021, 2022, 2023, 2024 жылдары қатарынан шыққан 4 романы үшін бірнеше халықаралық марапат алған. Яғни, «Le Nove Muse», «Cygnus Aureus 2024», «La Via dei Libri» халықаралық сыйлықтарының, Халықаралық Лорд Байрон сыйлығының т.б. атақтардың лауреаты.
– Құрметті Ада, 2021 жылы сіздің «Он екі тақаны қаладым ба?» («Volevo il tacco dodici») деген алғашқы автобиографиялық романыңыз басылып шықты. Бұл еңбегіңіз үшін құрлықаралық «Le Nove Muse» әдеби сыйлығын алдыңыз. Романдағы бас кейіпкер Перланың тағдыры арқылы оқырмандарға қандай ой салғыңыз келді?
– Аталған шығарма 4 буынның дәуірін қамтиды. Яғни, 1900 жылдардан бастап, 2020 жылғы COVID індетіне дейінгі аралықта болған оқиғаларды суреттейді. Әжесі – София, қызы – Омбретта, немересі – Перла, және шөбересі – Люче. Романдағы негізгі қаһармандар – осылар. Бірақ бас кейіпкер – Перла. Айтылған сөздер, бейнеленген жәйттар Перланың аузымен баяндалады. Шығарма желісі бойынша, Перла кішкентай кезінде анасы Омбреттамен, Италияның әжесі София тұратын солтүстік аймағына көшіп келеді. Өйткені, қыздың денсаулығында кінәрат бар еді. Оның туа бітті кемістігін қоғам үрке қабылдап, мүмкіндігі шектеулі жан ретінде шетқақпайлайды. Мұндай қарым-қатынасты Перла ауыр қабылдап, «эмоционалдық цунамиді» бастан өткереді. Бірақ жігерленіп, қайраттанып, ішкі қайғы-мұңын жеңе біледі. Махаббат, өзіне сенім және өзгелерде деген сенімнің арқасында ең әлсіз тұсын мықтылыққа, кемшілігін артықшылыққа айналдырады. Бұл роман гүлдей нәзік әйел жанының емендей берік бола алатынын да көрсетеді. Басқа түскен сынақ пен қиындық адамды ширықтырып, ширататынын дәлелдейді. Аталған туындымды оқыған оқырмандар Перланың жазмышы, болмысы оларға да жігер, рух бергені жайлы пікір білдіріп жатты. Мен үшін ең ұлы марапат – осы. Сонымен қатар, кітабымның оқырмандарға оң әсер етуінен өзіме көңілім толып, жаным жайланады.
– Ал 2022 жылы «Ирис, шыны қанат» («Iris Ali di Vetro») деген екінші романыңыз жарық көрді. Онда тамақтану мінез-құлқының бұзылуы дерті жайлы қаузайсыз. Бұрын-соңды көп кездеспеген ерекше тақырып. Неге бұл жайлы роман жазуға бел байладыңыз?
– Менің мамандығым – дәрігер. Медицина саласында ұзақ жыл жұмыс істегенмін. Булимия және анорексия деген аурулар бар. Екеуі де психикалық ауытқу есептеледі. Булимия – тойғанын білмей, тамақ жей беру. Науқастар шектен тыс жеген азығын кейін лоқсып, шығаруға мәжбүр болады. Ал анорексия деген, керісінше – қарын ашып, ағза әлсіреп тұрса да, науқастың ештеңе жеуге тәбеті болмайды. 3-4 жыл бұрын пандемия кезінде бұл дерттерге шалдыққан қыз-келіншектер саны күрт өсіп кетті. Менің бір жақын құрбым да біраз уақыттан бері анорексиямен ауырады. Осы сырқаттан тағы бір әріптесім қайтыс болып кетті. Айналамда болып жатқан осындай жайсыз дүниелер маған бір белгі секілді көрінді. Бұл тақырыпта роман жазамын деп ойлаған жоқпын, өмірдің өзі осыған алып келгендей. Сіз атаған туындымда бас кейіпкер Иристің прототипі – менің құрбым. Бұл кітабымды жазу барысында науқастармен, олардың ата-аналарымен, психологтармен және психотерапевтермен сөйлесіп, әбден зерттеп, көркем туындыға айналдырдым. Анорексияға шалдыққан құрбым – жүзі жылы жан. Саған қарағанда, күн күліп тұрғандай әсер қалдырады. Оның бейнесі ретінде бас кейіпкерге «Ирис» деген ат бердім. «Ирис» грек тілінен аударғанда, «кемпірқосақ» деген мағынаны білдіреді.
– «Минутына 90 лүпіл» («Novanta battiti al minuto») деген үшінші романыңыз оқырмандарға 2023 жылы жол тартты. Жүрек трансплантациясы мәселесі көтерілген бұл шығармаңыз үшін Cygnus Aureus 2024 Халықаралық әдеби сыйлығының арнайы жүлдесін алдыңыз. Бұл тақырыпқа қалай келдіңіз?
– Бірде 120 мың көрермен болған бір концертке мен де бардым. Сонда «Ирис, шыны қанат» («Iris Ali di vetro») деген романымды ұстаған бір әйел менің қасымда отырды. Танысып, аз-кем тіл қатыстық. Қолындағы кітаптың авторы мен екенімді білген соң, «Мен туралы да роман жазыңызшы» – деп маған қолқа салды. Сөйтсем, 2017 жылы оған басқа адамның жүрегі салынған екен. Өзінің бастан өткергендері жайлы әдеби шығарма жазғысы келген. Бірақ қаламгер болмағандықтан, қолынан келмейтінін түсінген. Сөйтіп жүргенде, кездейсоқ мені кездестірген. Концерт аяқталып, қоштасарда, «Ада, менің хикаям туралы кітап жазасыз ба?» – деп қайталап сұрады. Бірден уәде бере алмай, «Ойланып көрейін» – дедім. Осылайша, ойлануға екі апта кетті. Себебі бұл ауыр тақырып еді. Жүрегі ауыстырылған адам ажалмен бетпе-бет келеді. Ота кезінде де, операциядан кейін де өліп кетуі ықтимал. Маған осындай психологиямен жүрген науқастың ішкі жай-күйін сезіну керек болды. Оңай емес қой. Психологтарға және кардиохирургтарға барып, ақыл-кеңесін тыңдадым. Жүрек трансплантациясы үдерісімен таныстым. Ақырында романды жазамын деп шешіп, әлгі әйелге хабарластым. «Маған бәрін егжей-тегжейлі айтып беруіңіз керек. Психологиялық-моральдық тұрғыдан өте ауыр сол кезеңдерге қайта оралуға өзіңіз дайынсыз ба?» – деп сұрадым. Ол «Дайынмын!» – деді сенімді үнмен. Бір жағынан, 120 мың көрерменнің арасынан екеуміздің қатар отырып, бір-бірімізді табуымыздың өзі кездейсоқтық деп ойламаймын. Тағдыр шығар.
Ересек адамның жүрегі әдетте минутына 60-80 рет соғады. Ал трансплантация жасалған жүрек минутына одан жиірек соғады. Себебі өзге адамның жүрегі науқастың тек жүрек-қан тамырларына жалғанады. Ал жүйке талшықтарымен байланыспайды. Романның «Минутына 90 лүпіл» деген атауы содан шыққан.
Оқиға желісі Италияда өрбиді. Бас кейіпкер Виола өзгелерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ адам, бірсарынды ғұмыр кешіп жатады. Бірақ кенеттен қайғылы оқиғаға тап болады. Салдарынан дәрігерлер жүрегін ауыстыру керектігін айтады. Виола туыстары мен достарының қолдауының арқасында, қорқынышын жеңіп, бойын ертеңге деген аппақ үміт кернейді. Сөйтіп, жүрек трансплантациясынан өтеді. Ауыр операциядан кейін ұзақ уақыт ем-дом қабылдайды. Виоланы өзіне беймәлім донор жайлы ойлар мазалайды. Марқұмның отбасымен кездесіп, алғыс айтқысы келеді. Алайда заң бойынша донордың кім болғаны құпия сақталатын еді. Сол себепті, бастан өткергенін кітап қылып жазып, донорға баршаға жария түрде рахметі мен ризашылығын білдіруді жөн санайды. Романның жазылу тарихы осындай. Бұл – батылдық, үміт, сенім және махаббатқа толы туынды. Тағы бір айтқым келетіні – жүрегі ауыстырылған адамның мінез-құлқы, болмысы өзгеретіні ғылымда дәлелденбеген. Алайда менің романымның кейіпкері жүрек трансплантациясынан кейін бойында батылдық, сенімділік, ерік-жігер күшейгенін жеткізді. Мұны өзі донордан «сыйға» келген қасиеттер деп санайды.

Сурет: Жазушының жеке албомынан алынды.
– Сіздің «Жиырма төрт карат» («Ventiquattro Carati») деген романыңыз былтыр жарық көрді. Небәрі бір-ақ жылдың ішінде оқырманын тауып, тіпті сізге үлкен марапаттар мен атақтар әкелді. Олардың арасында Халықаралық «La Via dei Libri» әдеби сыйлығы, Халықаралық Лорд Байрон сыйлығы т.б. бар. Аталған туындыңызда гендерлік теңдік мәселесін көтерген едіңіз. Қазір әйелдердің құқығы тиісті деңгейде қорғала ма, қалай ойлайсыз?
– Бүгінде «әйелдерді оларды танымайтын, кездейсоқ жолыққан айуан «құбыжықтар» зорлайды» – деген түсінік бар. Негізінде, әсте олай емес. Мысалы, Италияда ар-намысы қорланған әйелдердің 70%-ын бейтаныс емес, оларға жақын таныс кісілер зорлаған. Қылмыскерлердің арасында, тіпті, отбасы мүшелері де болуы мүмкін. Өкінішке қарай, «ағасы қарындасын, нағашысы жиенін, бір жігіт бөлесін зорлапты» деген сияқты сұмдық хабарларды жиі еститін болдық. Гендерлік теңдік мақсатында Италияда жылдар бойы жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Тарихқа қарасақ, сан мәрте арнайы заңдар да қабылданған. Мәселен, 1945 жылдан бастап, әйелдер дауыс беруге құқылы. 1963 жылы тұрмыс құрғаны немесе бала көтергені үшін әйелді жұмыстан шығаруға тыйым салынды. Осы секілді мысалдарды жалғастыра беруге болады. Алайда өзгеге қиянат жасамайтын қоғам құру үшін әлі талай шаруа атқарылуы тиіс. Соның ең бастысы – әр балаға отбасында «өз құқығыңды қорғай біл, өзгеге зорлық-зомбылық жасаудан аулақ бол» деген тәрбие берілуі керек.
– Былтыр бейбітшілікті насихаттау және адам құқығын қорғау мақсатында ұйымдастырылған халықаралық мәдени жобаға қатыстыңыз. Соның аясында әртүрлі елдерден шыққан 36 ақын мен суретшінің еңбектері топтастырылған антология да жарыққа шықты. Онда сіздің «Тыныш әлем» («Nel silenzio del mondo») деген жырыңыз да енді. Қалай ойлайсыз, әдебиет жаһанда бейбітшілік орната ала ма?
– Жер бетінде бейбітшілік орнатуға әрқайсымыз үлес қоса алатынымызға кәміл сенемін. Тыныштықты, азаттықты, адам құқығын қорғауды насихаттауда әдебиеттің рөлі орасан. Бұл құндылықтарды ақын-жазушылар жалынды жырымен немесе сұлу сөзімен оқырманның жүрегіне жеткізе алады. Қаламгерлердің шығармалары үшін сызылған шекара жоқ. Яғни, сөз зергерлерінің кітаптары әртүрлі мәдениетпен өмір сүретін әрқилы мемлекеттерге жетіп, жақсылыққа шақыратын біртұтас үн, ортақ дауысқа айналады. Әдебиет өзімшілдіктің қамалын қақыратып, құлатады.
– Сіздіңше, адамзаттың қателігі неде?
– Бұл сұраққа нақты әрі соңғы жауапты беретіндей мен саясаткер немесе философ емеспін. Дегенмен, бақылап, ой түюші әрі жазушы ретінде өз пікірімді білдіре аламын. Адамзаттың басты қателіктері – өткеннің қателіктерінен сабақ алмайтындығы, жақынын қадірлемейтіні, өмірдің мәнін байлықтан көретіні, табиғатты ластайтыны, соғысты насихаттап, қантөгісті ақтауға тырысатыны. Ғаламға махаббат пен мейірімді жаймасақ, қоршаған ортаны аяламасақ, балаларымызға жарқын болашақты да қамтамасыз ете алмаймыз.
– Сүйікті қаламгерлеріңіз кімдер?
– Италия ақын-жазушыларынан Сальваторе Квазимодо, Эудженио Монтале, Альда Мерини, Умберто Эко, Наталия Гинзбург және Андреа Камиллерилердің шығармашылығы жаныма жақын. Ал шетелдік авторлардан Пабло Неруда, Эмили Дикинсон, Уолт Уитмен. Герман Гессе, Милан Кундера, Халиль Джебран, Назым Хикмет тәрізді сөз зергерлері ұнайды. Олардың қай-қайсысы да өзіндік стилі, өрнегі, қозғаған тақырыптары арқылы әдебиеттің ұлылығын арттыра түсті.
– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?
– Оқырмандар оқыған әр шығармасынан не мақаласынан адам ретінде кемелденуге және маман ретінде өсуге қажетті пайдалы мәлімет һәм рухани азық табады деп үміттенемін. Өзге жұрттардың мәдениеттері жөнінде тың дүниелер үйреніп, әлемді зерттей бергейсіздер.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла
Abai.kz