Жұма, 28 Ақпан 2025
Ел іші... 167 0 пікір 28 Ақпан, 2025 сағат 13:30

Жигули Дайрабаев қызметінен босатылды

Сурет: Facebook / Жигули Дайрабаев желісінен алынды.

Ауыл" партиясы саяси кеңесі төралқасының отырысында Жигули Дайрабаевты партия төрағасының орынбасары қызметінен босату туралы бірауыздан шешім қабылданды.

Сондай-ақ партия саяси кеңесінің төралқа отырысында Ақтөбе өңірлік филиалының партия Жарғысын бұзғаны талқыланып, облыстық филиал басшысына қатаң сөгіс жарияланды.

Жигули Дайрабаев – ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарған, Мәжіліс депутаты болған тәжірибелі саясаткер. Оның еңбек жолы ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызметтің әртүрлі салаларында өткен.

Партия тарапынан оның қызметтен босатылу себебі толық ашып көрсетілмесе де, бұл шешім бірауыздан қабылданғаны атап өтілді.

Айта кетейік, 26 ақпан күні Мәжілістің отырысында  Жигули Дайрабаев Солтүстік Қазақстанға барып, басқа мемлекетте жүргендей сезінгенін айтқан еді. Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат  тіл мәселесін көтерді.

“Идеологияға жауапты азаматтарға сұрақ: бізде солтүстік өңірлерде елдімекендердің, көшелердің атауы қашан мемлекеттік тілімізге ауысады? Масқара ғой, айналайындар, 34 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Солтүстік аймаққа сенбіде барып қайттым. Кірсем, басқа бір мемлекетте жүрген сияқты сезінесің. Біздің ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ біз қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтпыз. Неге бізде қазақша болмайды? Кім кедергі? Қай жаққа сіздер қарап отырсыздар? Жан ауырады көргенде”, – деді Жигули Дайрабаев.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бұдан бұрын мемлекет басшысының тапсырмасымен табиғи апаттар мен басқа да факторларға байланысты атауды өзгерту процесі тоқтатылғанын айтқан болатын. Бірақ  2024–2025 жылдарға арналған жол картасында бұл мәселе басымдыққа ие болып, елді мекендерге жаңа атаулар беру жоспарлануда.

Жигули Дайрабаев 2015 жылдан бастап – Қазақстан фермерлер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, 2019 жылдан бастап – Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы, 2021 жылы – жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2023 жылдан бастап – «Ауыл» партиясы атынан мәжілістің VIII шақырылымының депутаты, 2022 жылы – Қазақстан президенттігіне кандидат болды. 

Сондай-ақ, ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені комитетін басқарған.

Дайрабаев ауыл шаруашылығы мен жер реформасы саласындағы қызметімен де танымал.

Еске салайық, 2023 жылдың сәуірінде Жигули Дайрабаевтың ұлдары - Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық мемлекеттік субсидияларды ұрлаумен байланысты алаяқтық үшін сотталған болатын.

Тараз соты оларды «Альбион» сортының құлпынай көшеттерін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқырды деп айыпты. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 550 миллион теңгеден астамды құрады. Екеуі де мүлкі тәркіленіп, шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Депутаттың ұлдарымен бірге Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқарма бастығының бұрынғы орынбасары Ерлан Құлкеев пен кәсіпкер Елжан Елібай да тергеуге алынды. Құлкеев өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, алты жылға, ал Елібай мүлкі тәркіленіп, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Adyrna.kz дереккөзі

Abai.kz

0 пікір