Жұма, 28 Ақпан 2025
Анық-қанығы 213 5 пікір 28 Ақпан, 2025 сағат 15:38

Трамп Украинаның сирек металл қорына неге қызықты?

Сурет: Tumba.kz тен алынды

Мемлекет мүддесі үшін...

АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, сирек металдар қоры – АҚШ-тың энергетикалық технологиялары үшін аса маңызды отын емес заттар болып табылады. Сондай-ақ қамтамасыз ету қаупі аса жоғары салаға жатады. Олар дүние жүзінінің әр елінен кездеседі. Нақты айтқанда Чили мен Аргентинада, Қытайдың Тибет үстіртінде және Конго Демократиялық Республикасында мол қоры бар. Бұқаралық салада болсын (электр автомобиль батареялары), кәсіби салада болсын (зымыран жүйесі) кем болса болмайтын маңызды бөлшекке айналған. 2022 жылы АҚШ-тың Геологиялық қызметі алюминийден цирконийге дейінгі 50 маңызды минералдың тізімін жариялады.

Қытаймен арадағы бәсекелестікке байланысты, балама сирек металдар қорын табу – АҚШ-тың алдағы он жылдағы негізгі міндеті болып белгіленді.

Көптеген жылдар бойы Қытай негізгі пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуде жетекші ел болуға барын салып келеді. Сәйкесінше, Америка Құрама Штаттары қажеті үшін коммерциялық және әскери мақсаттағы маңызды пайдалы қазбалардың көп мөлшерін импорттауға мәжбүр.

АҚШ Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының мәліметі бойынша АҚШ-тың Геологиялық қызметі тізіміне енгізілген 50 маңызды пайдалы қазбалардың ішінде Америка Құрама Штаттары олардың 41-ін 50% -дан 100% -на дейін шетелден импорттайды. Қытай оның 29 түрінің басты өндірушісі болып табылады.

Баяндамада «Қытайдың пайдалы қазбаларды саяси қаруға айналдырып отырғаны», соның ішінде соңғы екі жыл ішінде бірқатар шикізатқа экспорттық бақылау орнатқаны мен экспорттауға тыйым салғаны жазылған. Қытай қазіргі уақытта сирек жер элементтерінің, графиттің, литийдің, кобальттың және мыстың әлемдік нарығының 40% -дан 90% -ына дейін иеленіп отыр.

Байденнің президент ретіндегі шетелге соңғы сапары Анголадағы АҚШ қаржыландыратын теміржолды аралауды қамтыды, ол жоба маңызды пайдалы қазбаларды орталық Африкадан теңіз жағалауына жеткізу, экспорттауға қолайлы болу үшін қолға алынған.

Байден әкімшілігіндегі Мемлекеттік департаменттің шенеуніктері Қытайдан бөлек маңызды минералды жеткізу тізбегін құру немесе нығайтуды талқылау үшін одақтастар тобын құрған.

Оның мүшелерінің қатарында Украина, Гренландия және Канада бар. Шын мәнінде, өткен жылдың күзінде Украина мен Америка Құрама Штаттары келісімге қол қоюға жақын қалған еді

Достарының пайдасы үшін...

Трамп өзге елдің минералды ресурстарын иемдену туралы ойын бірінші президенттік мерзімінде-ақ айтқан. Ол кезінде Гренландия мен Канададағы пайдалы қазбаларды сатып алу туралы мәселе көтерген.

Украина шенеуніктері бірқатар шетелдік бизнесмендерге, соның ішінде Трамптың досы және косметикалық холднигтің мұрагері Рональд Лаудерге Украинаның минералдық секторына инвестиция салу мүмкіндіктерін талқылау үшін өздері хабарласқан.

Іс жүзінде Украина да, Гренландия да көп жылдан бері сирек металдарын игеруге инвестиция іздеп келген.

Трамп алдынғы жолы президент болып тұрғанда оған досы жоғарыда аты аталған Лаудер Гренландиянының сирек металдар қорын сатып алуға кеңес берген.

Трамптың тағы бір бизнестегі одақтасы, Сауда министрі Ховард Лутник өзінің «Кантор Фицджералд» компаниясы арқылы бас штабы Нью-Йоркте орналасқан «Critical Metals» компаниясына инвестиция салған. Сол арқылы Гренландиядағы бір тау-кен жобасымен ілік-шатыс болып тұр.

Алдымен бастама көтерген кім?

Өткен қыркүйекте Украина президенті Владимир Зеленский одақтас ел басшыларына және сол кездегі президенттікке кандидат Трампқа Ресейге қарсы өзінің «жеңіс жоспарын» ұсынды, оған маңызды минералдар бойынша серіктестік кіреді.

Украина премьер-министрінің орынбасары Юлия Свириденко АҚШ тарабымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы керек еді. Бірақ 29 қазанда, қол қоятын күні, ол Вашингтонға келмеді.

Свириденко екінші жолы келісімге 13 қарашада Варшавада өтетін Украинаны қайта құру конференциясында қол қоюы керек еді, бірақ ол кезде де келмеген.

АҚШ-тың екі бұрынғы шенеунігі мен осы мәселемен таныс украиналық шенеуніктің айтуынша, Трамп президентік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Украина тарап АҚШ-тың дипломатия өкілдеріне Жаңа үкіметпен келісім жасайтынын айтқан.

Abai.kz

5 пікір