Сәкен Сейфуллин: Қазақ есуас халық емес!

Жолдастар, мен алғашқы баяндамалардың бірі бойынша сөйлейін деп ем, бірақ Москвада тұратын және осындай үлкен жиындарда онсыз да жиі сөйлеп жүретін ақын-жазушылар жарыссөзге бірінен кейін бірі шығып, маған сөз кезегін тигізбей қойды. Және де бұл ақын-жазушылардың баяндамашылар көтерген проблемаларды жан-жақты талқылаудың орнына, көбінесе декларация айтқаны өкінішті болды. Меніңше, бұл декларациялар құр жылтыр сөз болып шықты.
Мен бір ғана мәселеге тоқталамын.
Осында съезде орыс тілінде жазатын жолдастар басқа ұлттардың өмірінен шығарма жазу ісімен аз шұғылданады. Көпшілігі бұл тақырыпқа қалам тартпай да келеді деген пікірлер айтылды. Қызыл Армияның съезге келген делегациясы өзінің құттықтау сөзінде біздің совет әдебиетінде және орыс тіліндегі поэзияда Қызыл Армияның ұлттық бөлімшелері бейнеленбей отыр деді. Жаңадан жаза бастаған жас жазушылар мұны қатты ескеруі керек, өйткені орыс тілінде жазатын аға ақын-жазушылар ұлттар өмірін суреттеуге әлі күнге дейін шұғыл бет бұра алмай келеді.
Ал ұлт тұрмысын көрсетпек болған орыс ақындары мен жазушылары СССР халықтарының тұрмысын зерттемейтіні байқалады. СССР халықтарының тұрмысын зерттемей, білмей тұрып, олар өздерінің ойша долбарлағанын шындық деп, жанынан шығарған жалған типтерін жаңа заман адамдарының шын кейпі деп ұсынады.
Мұның айғағы ретінде талай әдеби деректі келтіруіме болар еді. Бірақ сөзімді шұбалтпай-ақ Вс.Иванов, Шкловский, Афиногенов және «От ортасында» атты пьесаның авторы секілді жазушылар СССР халықтарының өкілі ретінде кейбір типтер мен қаһармандарды суреттегенде, ойларына не келсе соны жазатынын атап қана өтейін.
Вс.Иванов Азия халықтарының өмірі жайында көп жазып жүр. Алайда оның сөз саптасында, әсіресе, ертеректе жазған шығармаларының әуенінде ұсақ халықтарға паңдана қараушылық бар. Ол ұсақ ұлттардың өкілдерін мақау, кеще етіп, кейде тіпті, есуас етіп суреттейді. Вс.Ивановтың кей жағдайда, тіпті, географияны білмейтіні, Қазақстанның қайда екенін, қазақтардың қандай жұрт екенін, қырғыздардың қандай жұрт екенін білмейтіні аңғарылып қалады. «Пақырдың басынан кешкені» атты соңғы шығармасы – бұл үлкен жазушының ұсақ ұлттардың өкілдерін көрсетуге әлі де болса салдыр-салақ қарап келе жатқанына айғақ.
Шкловский Түркісіб туралы жазған очеркінде: «Қазақтар өздерін қырғызбыз деп атайды» – деп тұжырымдайды.
Ал Афиногенов «Үрей» атты пьесасында студент қазақты көрсетеді. Осы қазақ студенті аз уақыттың ішінде ойда жоқта ғылыми қызметкер болып шыға келеді. Тіпті, профессор атанып кете жаздайды. Афиногенов оны сайқымазаққа айналдырып, есер етіп суреттеген.
«От ортасында» атты пьесаның авторы қызыл гвардеец қазақты жарымес, делқұлы қылып бейнелеген.
«Комсомольская правда» газетінде басылған бір мақалада автор қырғыздардың ұлт ойынын сипаттай келіп: «Қырғыздар шапшаң және епті халық» деп жазыпты. Көкпар тартуды суреттегенде ол былай депті: «Көкпар тарту – ажалмен ойнау... Қан, айқай-шу, пышақ. Ондаған салт атты адам бір теке үшін таласады. Қолдарында – пышақ. Жеткені текені жұлып әкетіп, басын кесіп алып, киіз үйге қарай құйғытып кеп, той иесінің аяғының астына лақтырып тастауы керек. Осы тағылық ойын үстінде сайыскерлер текенің ғана емес, бір-бірінің де қарнын жарып жүре береді...»
«Комсомольская правда» газетінде дәл осылай жазылған. Ал, шындығында, мұның бәрі – автордың кіл ойдан шығарғаны. Оның суреттеп отырғанындай тағылықты, біз, қазақтар мен қырғыздар өз халықтарымыздың бұрынғы-соңғы тарихынан естіген емеспіз...
Совет Одағы халықтарының өмірін суреттеуге арналған шығармаларда осындай кемшіліктердің болуы өкінішті-ақ.
Міне, мұның бәрі біздің ұлттардың тілін білмейтін ақын-жазушылардың сол халықтар туралы шығарма жазуға жауапсыз қарайтынын көрсетеді. Және де олар өздерінің осы сүйкейсалдысын орыс оқырмандарына өмірді шынайы суреттеген реалистік көркем шығарма ретінде ұсынады. Біз өмір шындығын әдебиетте мұншама бұрмалап көрсетушілерге қарсы аянбай күресуіміз керек. Біз социализм орнатып жатқан барлық ұлттардың өмірі терең зерттеліп, шынайы бейнеленуін тілейміз.
Жаңадан жаза бастаған жас жазушылар СССР халықтарының өмірі мен тұрмысын жете білуге міндетті. Ұсақ ұлттар өмірі туралы осы уақытқа дейін жазып келген аға суреткерлер біздің нағыз, шынайы тұрмысымызды суреттеп бере алған жоқ.
Партиямыз бен Совет Үкіметінің басшылығымен социализм орнатып жатқан Совет Одағы халықтарының шынайы өмірін терең зерттеп жазу керек.
Біздің жас жазушыларға айтар тілегіміз -- осы.
1934 жыл.
Сәкен Сейфуллин.
Москва.
СССР Жазушыларының 1-ші съезінде сөйлеген сөзі.
Жазушы Құлтөлеу Мұқаштың мұрағатынан алынды.
Abai.kz