Дүйсенбі, 3 Наурыз 2025
Әдебиет 237 0 пікір 3 Наурыз, 2025 сағат 13:52

Әлемдегі саяси зұлымдықтарға әдебиет қалай қарсы тұрды?

Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан алынды.

Славика Гадзова Свидерска – ақын, зерттеуші, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, университет лекторы. 1984 жылы Солтүстік Македонияның Битола қаласында туған. 2001 жылы «Шексіздік» («Infinity»), 2012 жылы «Хаттар» («Letters»),  2015 жылы «Махаббат саясаты» («Politics of Love»), 2017 жылы «Тәндер» («Bodies»), 2021 жылы «Үрей саясаты» («Politics of fear») деген жыр жинақтары жарық көрген. Аталған өлең кітаптары үшін бірқатар халықаралық әдеби сыйлықтарға ие болған. Сондай-ақ, ол – бірнеше монографияның авторы: 2013 жылы «Әдебиет және билік дискурстары» («Literature and the discourses of power»), 2016 жылы «Мағына және абсурд» («Sense and Absurdity»), 2018 жылы «Әдебиет және саяси зұлымдық» («Literature and political violence»). Славиканың жырлары «Заманауи македон поэзиясы» антологияларына енген және ағылшын, қытай, италия, чех, словак, серб, хорват, босния, албан тілдеріне аударылған. Сонымен бірге, ол – «Восток» баспасының негізін қалаушы әрі редакторы. Қазір Албаниядағы Тирана университетінің Шет тілдер факультетінде Македон тілі пәнінен дәріс оқиды.


– Құрметті Славика, сіз «Ішкі картографиям» («Self cartography») деген өлеңіңізде былай жырлайсыз: «Орындалмай, Өлі теңіздің тұзына айналған өлген армандарды, Жұлынған қанаттардың қансыраған орнын – қарашығымда сақтаймын» (жолма-жол аударма – А. Ф.). Бірақ армандар неге өлді, қанаттар неге жұлынды?..

– Ерте ме, кеш пе, ғұмыр барлығымыздың қанатымызды қырқатыны не жұлып алатыны, өкінішке қарай, ақиқат. Қатыгез өмір бізді ұшырғысы келмейді, табанымыз жерден ажырап, әуеге көтерілгенімізді қаламайды. Біздің міндетіміз – қандай болсын кедергіге қарамастан, ұшудың жолын табуымыз керек. Рухымызбен, эмоциямызбен ұшуға тиіспіз. Тіпті, бүкіл әлем бірігіп қарсы тұрса да, бізді қалықтаудан тоқтата алмауы қажет. Жоғарыда сіз айтқан жырда айтқым келгені – осы. Яғни, тағдыр тауқіметтері мен түрлі сынақтар біздің «көкке ұшуымызға» тосқауыл бола алмауы керек. Сонымен қатар, адам баласы фотоальбом сияқты екенін ұмытпағанымыз жөн. Яки, күнделікті көрген көріністер, сезген иістер мен дәмдер, сезімдер, естіген тілдер – бәрі де осы альбомды үздіксіз қалыңдата береді.

– «Әлем, олар сенің тәніңе жарақат салды!» деген өлеңіңіздің де мағынасы терең екен:

Әлем, олар сенің тәніңе жарақат салды,
Бомба тастап, кеудеңді қансыратты,
Ядролық сынақтармен
Мұхиттарыңның жүрегін паршалады.
Улы газдармен
Ормандарыңды тұншықтырды.
Динозаврдан да кәрі денеңдегі жарақаттарға, күйіктерге
Енді кім дәрі жағып, кім емдейді?! (жолма-жол аударма – А. Ф.) – дейсіз аталған жырыңызда. Әдебиет дүниеде бейбітшілік орнатуға ықпал ете ала ма, қалай ойлайсыз?

–  Әдебиет, ең алдымен, адамзат жаратылысының ұлы архиві іспетті. Яғни, адамзат тарихы, адамдар істеген жақсы-жаман істердің бәрі кітаптарда қатталып, әдеби шығармаларда сақталып отырады. Алайда әдебиет тыныштық пен бейбітшілік орнататындай құдірет-қауқарға ие деп ойламаймын. Дегенмен, сөз өнері өткеннің сұмдықтарын паш ету арқылы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ескертеді. Есті адам һәм ойлы қоғам содан сабақ алғаны абзал. Сонымен бірге, әдебиет бізді ішкі мұңнан, жан күйзелісінен емдеп, болаттай берік әрі күрескер болуға тәрбиелейді.

– Соғыс зардаптары жөнінде көптеген өлеңіңізде жаздыңыз. Мысалы, «Фаррах» деген жырыңызда шаһарды бомбалау сәтін бейнелейсіз: «Қала күлге айналды, Үйлер опырылып, домино тастарындай бір-бірін қиратты» (жолма-жол аударма – А. Ф.). Адамзаттың қантөгістен көз ашатын күні бола ма келешекте?

– Соғыстың басты себебі – жерге талас. Өйткені, кей елдер өз аумағын қорғау үшін шайқасады, ал кей мемлекеттер, керісінше, жерін кеңейту үшін өзгеге майдан ашады. Мұны адамзаттың табиғатынан алып тастау мүмкін емес шығар. Сондықтан ғаламшарымызда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ешқашан орнамайды. Адамзаттың маңдайына жазылғаны – осы. Мәңгі-бақи бір-бірімен қырық пышақ болып, соғысып өтеді. Бір өлкеде майдан аяқталып, бейбітшілік орнаса, онда басқа бір аймақта жаңа соғыс басталып жатады. Кейбір елдің халқы бақуатты, бай, бақытты, тыныш өмір сүрсе, ал кей жұрттар қантөгіс пен қасірет-қайғыдан көз ашпайды. Өйткені, өмір таразысы әділетсіз. Әйтсе де, көп азап шеккен адамның рухани кемелдікке жетуге мүмкіндігі еш қиындық көрмегендерден анағұрлым артық.

– Маған сіздің зерттеуші екеніңіз де мәлім. 2013 жылы «Әдебиет және билік дискурстары» («Literature and the discourses of power»), 2016 жылы «Мағына және абсурд» («Sense and Absurdity»), 2018 жылы «Әдебиет және саяси зұлымдық» («Literature and political violence») деген монографияларыңыз жарық көрді. Зерттеу нысаны ретінде неге бұл бағытты таңдадыңыз?

– Жоғарыда айтқанымдай, әдебиет – адамзаттың ұлы архиві. Сондай-ақ, әдебиет – адамзаттың ары. Мен тарихта ғаламның әр пұшпағында орын алған саяси зұлымдықтарға әдебиеттің қалай қарсы тұрғанын зерделеп, қарастырамын. Латын Америкасы елдерінің сөз өнері үлгілерін және өзімді туған халық македонның әдеби шығармаларын зерттеймін. Меніңше, адамзаттың басты мәселесі зұлымдық ешқашан ұмытылмауы тиіс. Зұлымдықтың кесірінен бұқара қалай жапа шеккенін әрдайым жас ұрпақтың есіне салып отыруымыз керек. Бәлкім, сонда қатігездікті түбегейлі жоя алмасақ та, азайтуға септігіміз тиер.

– Қазір Албаниядағы Тирана университеті Шет тілдер факультетінде Македон тілі пәнінен ұстаздық етесіз. Менің білуімше, македонша – 1,6 миллион адамның ана тілі. Бұл соншалықты көп сан емес. Македониялықтар ана тілінде сөйлей ме? Македон тілін сақтап қалу үшін ел үкіметі қандай жұмыстар атқаруда?

– Иә, македон тілінде сөйлейтіндер саны аз. Менің ойымша, тілдің ұлылығы мен тереңдігі сөйлейтін адам санымен ғана өлшенбейді. Сонымен қатар, мәдени мұра, фольклор, әдебиет сияқты факторлар да тілдің маңызын көрсетеді. Бұл тұрғыда македон әдебиеті македон тілінің мерейін көтеріп, алапасын асырып тұр. Болашақта да осылай жалғаса беретініне сенемін. Құзырлы институттар македон тілін насихаттау үшін бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – ана тілімізді шетелдерде оқыту. Албания астанасында менің македон тілінен дәріс оқып жүргендегі академиялық миссиям да – осы.

– Әдебиетке қалай келдіңіз? Қаламгерлік қабілетіңіз қалай оянды?

– Жаһандағы ең көне көлдердің бірі Преспа көлінің жағасында туып-өстім. Өлкеміздің табиғаты өте әсем. Туған өңірімнің терең тарихы мен сұлу табиғаты сөз зергері болуыма әсер еткен шығар. Македония астанасы Скопьеде оқығанмен, мен өзімді білім-ғылым жолында бір орында тұрақтамай, көшіп-қонып жүретін академиялық көшпелі санаймын. Бұрын көрмеген жаңа аймақтарға саяхаттап, ел көріп, жер аралаған сайын танымым кеңейе түседі. Ал шығармашылық үдеріс жайлы айтар болсам, мен өлең жазғанда, жыр жүрегіме көктен құйылатынын сеземін. Сондықтан шабытты шақты қалт жібермей, жаңа жыр жазуға талпынамын. Кей өлеңдер әлдебір тақырыпта ұзақ уақыт бойы толғанып жүргеннен туады. Яғни, іштей әбден пісіп-жетілген түйін жауһар жыр болып ақтарылады.

– Қазақ әдебиеті туралы не білесіз?

– Сіздер де кириллицамен жазатындарыңыздан хабардармын. Бірдей жазу әліпбиін қолданатынымыз біздің халықтарды байланыстыратын нәрсе. Қазақ әдебиетінде ұлттық мәселелер көрініс табатыны маған мәлім. Мұхтар Әуезовтың эпикалық романын білемін.

– Сүйікті қаламгерлеріңіз кімдер?

– Маған Латын Америкасы елдерінің сөз өнері мен орыс әдебиеті айрықша ұнайды. Аталған екі аймақтың әдеби дәстүрлері ерекше. Қанша сүңгісең де, інжу-маржандары таусылмайды. Сүйікті жазушыларым ретінде Маркес, Льоса, Кортасар, Набоков, Булгаков, Достоевский, Гоголь т.б. атар едім.

– Қазақта «Жеті жұрттың тілін біл» деген сөз бар. Маған жеткен ақпарат бойынша сіз одан да көп тіл білесіз...

– Иә, тіл үйренуге тума дарыным бар. Ағылшын, испан, француз, чех, словак, серб, босния, болгар, поляк, албан тілдерінде сөйлей аламын және бұл тілдерді жиі қолданамын.

– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?

– Адамзатқа махаббатпен, өмірге құлшыныспен қараңыз дер едім. Сәтсіздіктер мен сынақтардан қорықпаңыз. Себебі қиындықтар адамды ширатады, рухани тұрғыда өсіреді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла

Abai.kz

0 пікір