Сейсенбі, 4 Наурыз 2025
Билік 146 2 пікір 4 Наурыз, 2025 сағат 12:09

Мұғалім мәртебесі көтерілді ме? Депутаттар не дейді?

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Елімізде соңғы кезде оқушылардың кезекпен оқу жағдайын өзгерту үшін «100 мектеп», «100 бала бақша» бағдарламалары қолға алынып, мәселенің біртіндеп шешіліп келе жатқаны ақиқат. Соған сай педагог мамандығына сұраныстың артуы табиғи. Өңірлердегі мектептерде мұғалым тапшылығы бар ма, бар болса қандай деңгейде? Бұл сұрақтарға Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.

Олардың ресми мәліметі мынандай:

«2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарында 2 мыңнан астам бос орын бар. Атап айтсақ, математика, физика пәндері және бастауыш сынып мұғалімдері бойынша бос орындар тіркелген. Қалыптасқан бос орындарға уақытылы конкурс жарияланады, оның тәртібі тиісті қағидалармен айқындалған. Конкурс нәтижесі шыққанға дейін оқу жүктемесі пән мұғалімдері арасында бөлінеді. Педагогикалық кадрларға қажеттілік жоқ. Бос жұмыс орындарының негізгі себептері - тұрғылықты жерін ауыстыру, басқа жұмысқа ауысу, зейнеткерлік жасқа жету, декреттік демалысқа шығу, мерзімді әскери қызмет, оқу және шетелдік тағылымдамалар, магистратура мен доктарантураға оқуға түсу, жаңа мектептердің ашылуы»,- делінген министрліктің берген жауабында.

Соңғы бес жылда педагогикалық бағыттар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары түлектерінің саны жыл сайын шамамен 50 мың адам болып отыр. Еңбек нарығында педагогикалық мамандар жеткілікті ұсынылған. Сонымен қатар, педагогикалық мамандықтар бойынша гранттар саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2022 жылы — 15 273 грант, 2023 жылы — 15 923, ал 2024 жылы 15 973 грант бөлінген.

Мұнымен қоса, жергілікті атқарушы органдар тарапынан педагог мамандарды даярлауға арналған білім беру гранттары жыл сайын артып келеді.

«Қазіргі кезде дарынды жастар арасынан педагогикалық мамандықтарға түсетіндердің саны артып келеді. 2023 жылы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлеріне 1 528 грант, 2024 жылы 1 797 грант берілді. Сонымен қатар, педагогикалық білімі жоқ адамдар үшін жоғары оқу орындарында педагогикалық қайта даярлаудан курстар өтіп, білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасады. Жас мұғалімдерді білім беру ұйымдарына жұмысқа тарту үшін «Дипломмен ауылға» арнайы бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. 2021 жылдан бастап мұғалімдерді жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады», - деп толықтырды жауапты басқарма өкілдері.

Мұғалімнің мәртебесі мен жауапкершілігі туралы бұрынғы Оқу-ағарту министрі, депутат Асхат Аймағамбетов: «Мұғалімнің негізгі міндеті – білім беру және тәрбиелеу. Бірақ мұны тек педагогтің жауапкершілігіне артып қоюға болмайды. Егер бәрін ұстаздарға ысырып тастасақ, мұғалімсіз қалуымыз мүмкін.

Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Бала ең алдымен ата-анасының тәлімін алады. Сондықтан тәрбие мәселеде тек мектепті кінәлау дұрыс емес. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің де әсері зор. Яғни, буллингтің алдын алу үшін кешенді жұмыс қажет» десе, тағы бір аманаттық депутат Жанарбек Әшімжан бала құқын қорғау туралы заңдардың ата-анаға ғана емес мұғалімдерге де кері әсері барына назар аударған. Ол «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң әктілеріне толықтырулар енгізу жайы сөз болғанда:

«Бір кездері біз мұғалімнен қорқушы едік, қазір мұғалімдер балалардан қорқады. Өте ертеде мектепке апарған кезде аталарымыз ұстаздарына «еті сенікі, сүйегі менікі» деп беретін. Тиісті деңгейде ұлттық ұстаным мен тәрбие бар. Құқықтардың бәрін балаға беріп, жалаңаштанып жатқан жоқпыз ба?» деп өзекті сұрақ қойды.

Жасанды Ителектінң кең жалпыласуына байланысты болашақта мұғалім мамандығы қысқаруы мүмкін бе? Бұл мәселеге төңірегінде Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева: «Барлық операциялық мамандықтар – Call-орталық операторлары, курьерлер (пошта қызметкерлері – авт.), сондай-ақ мазмұндық деңгейде емес, тек келісімшарттар мен мәтіндерді талдау деңгейінде жұмыс істейтін заңгерлік қызметтер жасанды интеллектінің ықпалына ұшырауы мүмкін. Ал әлеуметтік салаларға келетін болсақ, мұнда айтарлықтай өзгерістер бола қоймайды. Мұғалімдер мен дәрігерлер кез келген жағдайда трендте қала береді. Сонымен қатар, бухгалтерлердің жұмысы да ішінара автоматтандырылғанымен, толықтай алмастыру екіталай», - деді.

Abai.kz

2 пікір