Сейсенбі, 4 Наурыз 2025
Мәдениет 97 0 пікір 4 Наурыз, 2025 сағат 13:30

«Турандот» спектаклінің заманауи үлгісі

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының қазақ труппасында Карло Гоццидің «Турандот» пьесасы бойынша заманауи режиссураның жарқын өкілі, постдрамалық театрдың ізденімпаз тұлғасы Әлібек Өмірбекұлының премьерасы өтті. Постдрамалық бағыттағы спектакль авторлық мәтіннен алыстап, метафоралар мен символизм арқылы сахнаны адамзаттық мәселелерді зерттеу алаңына айналдырған.

Режиссер әйел табиғаты мен оның қоғамдағы орнына ерекше назар аударып, психоаналитикалық тәсілдер арқылы әйел мен ер адам, ата-ана мен бала қарым-қатынастарын зерттеген. Спектакль билік, саясат және әлеуметтік теңсіздік тақырыптарын да қозғап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жарақаттарды көрсетуге тырысқан.

Гротеск, фарс, ирония мен цирк элементтерін қолдана отырып, режиссер көрермендермен тікелей диалог орнатып, интерактивті театр үлгісін ұсынған. Қойылымдағы әр көрініс тек оқиғаны баяндап қоймай, терең мағыналық жүктемеге ие.

Ә.Өмірбекұлының «Турандот» спектаклінде бұған дейін қойған «Қораз», «Триптих», «Дон Кихот», «Қыз Жібек», «Құйын» сынды қойылымдарындағы тәсілдер мен шешімдер қайта өріс алды. Режиссердің өз өзіне сілтеме жасауының жиілігі – оның әдістерінің дәйектілігін көрсетсе де, көрерменде жаңалыққа деген сұраныс тудырады. Өз стилін толық меңгерген режиссерлер бірте-бірте сол әдістердің шеңберінде қалып қоюы мүмкін. Бұл спектакльде де солай болғаны анық. Гротеск, фарс және ирониялық тәсілдер бұл жолы да ерекше әсер қалдырғанымен, күтпеген жаңашыл элементтер аз байқалғаны шындық.

Қойылымның алғашқы бөлімінде көрермен залына ерлі-зайыптылардың (Марс Әбілхасанов пен Жарқынай Жалғасова) ұрсысып кіріп келеді. Олардың арасындағы кикілжің арқылы режиссер қазіргі отбасылық қарым-қатынастың қиындықтарын, оның тамырына үңілу қажеттігін айқын көрсетеді. Ал, екінші бөлімде дорбасына ескі заттар салған, оларды жүз теңгеге сатып алуды өтінген кейуананың (Фатима Бердібекова) залға кіруі – әлеуметтік теңсіздіктің өткір метафорасына айналып, өткен мен қазіргі заман арасындағы байланысты білдіретін символ ретінде де көрініс табады. Оның дорбасындағы ескі заттар тарихтың, ұмыт болған армандар мен үміттердің салмағы. Әлеуметтік теңсіздік пен қоғамның әділетсіз құрылымы әйелдердің ішкі әлемін жаралап, оларды өз орнын іздеуге мәжбүрлейтіні спектакльде әсерлі бейнеленген.

Қойылымның бас кейіпкерлерінің бірі, Қытай императоры Альтаум қатігездігімен, тек билікке деген шексіз құмарлығын ғана емес, сонымен бірге, өзінің отбасының тағдырына ауыр із қалдырғанын айғақтайды. Альтаум – тек диктатор емес, өзінің қатыгездігін сезініп, соған төзе алмайтын қайшылықты тұлға екенін Бағдат Телеуғалиев жақсы түсінген. Актердің Альтаумның жауыздығын жеңілтек, тіпті ойсыз мінезбен жеткізуі ерекше назар аудартты. Оның бұл рольдегі жеңіл иронияны үйлестіре білуі қойылымдағы жалпы ойнақылық атмосферасына сәйкес келді.

Турандотқа әкесі Альтаумның анасын өлтіргеніне куә болғаны бала кезінен терең психологиялық жарақат қалдырды. Бұл оқиға Турандоттың бүкіл өмірін қалыптастырып, оның ер адамдарға деген сенімсіздігі мен тұрмысқа шығуға деген қорқынышын түсіндіреді. Режиссер бала кезде басына түскен ауыртпалық адамның болашақ өміріне тигізетін ықпалын жеткізген. Жас қыздың өмірден махаббатты іздеуі мен оны қабылдауға қабілетсіздігі – жараланған жүрегінің трагедиясы.

Ажар Жарденбекованың Турандоты қатал мінезді, суыққанды ханшайым, ал соңғы сахнада әйелдік қулық пен өмір сүру үшін күресетін адам. Дегенмен, жас актрисаның бұл рольдегі ойыны кей тұстарда Турандоттың күрделілігі мен тереңдігін жеткізуде жеткіліксіз болды. Ажар рольге режиссерлік концепцияға сәйкес келсе де, кейіпкердің психологиялық және драматургиялық тереңдігін толық аша алмағаны сезілді. Бұл тұрғыда актрисаның тәжірибесі мен сахналық еркіндігі әлі де шыңдалуды қажет етеді.

Калаф – Асылан Төлентайдың тағдыры да оның бала кездегі трагедиямен тығыз байланысты. Анасының бір баланы таңдау туралы шешімі және сол шешімнің салдары – бауырының көз алдында өлтірілуі Калафтың психологиясына ауыр соққы болды. Анасының өзін кінәлап, осы қайғыны өмір бойы арқалап жүруі оның тұлғасына да кері әсерін тигізді.

Турандоттың жұмбақтарын шешіп, оны сүйіп қосылған Калаф үшін бұл қарым-қатынас құтқарушы күшке ие бола алмады. Турандот пен Калафтың арасындағы байланыс тек махаббат емес, сонымен бірге, әрқайсысының өткен жарақаттарымен күресінің көрінісі. Калафтың Турандотты өлтіруге мәжбүр болуы оның өз тағдырынан, жараланған психологиясынан және биліктің ауыртпалығынан қашып құтыла алмағанының символы. Ол да таққа отырғаннан кейін қолын қанға бояйды. Осылайша режиссер адамның бейсаналық әлеміне және оның шешілмеген жарақаттарының билік пен махаббаттағы әрекеттеріне қалай ықпал ететінін көркем түрде жеткізген.

Баскесер жендеттің «Бұл менің жұмысым ғой» деп ыңғайсыздана айта тұрып адам өлтіруі, содан кейін рахаттанып билеп, артынша жылауы – адамның моральдық арбау мен ішкі жан азабының көрінісі. Актер Бекжан Қайроллин шынайы трагедия мен гротесктің қосындысынан туындаған әсерді көрерменге дәл жеткізеді.

Бұлардан басқа қойылымдағы Нұрпейіс Қазымбетов, Нұрсұлтан Айтқалиев, Ерсін Сәрсенбек, Рамазан Отарбаев, Нұрсұлтан Есет, Наргиз Күнғали, Аружан Базарбаева, Әділет Мұхтар, Айбар Жақып, Дамир Сейсенбек режиссердің талаптарын орындап, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгергендерін көрсетті. Олардың сахналық әрекеттері тұтастық пен үйлесімділіктің арқасында біртұтас ансамбль ретінде көріне алды. Бір актердің бірнеше рольді сомдауы, әйел актерлердің ер адамдар ролін орындауы – бұл тек сахналық мүмкіндіктерді емес, режиссердің ойын, театрлық көрініс екенін көрсетудегі ұстанымын айқындады.

Актерлердің тренингтер мен этюдтік жұмыстар арқылы рольдерін меңгеруге көп күш салғаны көрініп тұр. Режиссердің әрбір мизансценаны этюд деңгейінде ойластырғаны заманауи жас көрерменнің клипік ой-санасына түсінікті болды. Астанадағы қазақ ұлттық өнер университетінен келіп дуалды біліммен оқып жатқан студеттердің қатысуы қойылымға жастық леп бергенін де айта кету керек. Актерлердің өз дауыстарымен сөйлеп, пафостан алшақ болғанымен, кейіпкерлердің мінездерін сыртқы ойын тәсілдері арқылы жеткізуге басымдық берді. Академиялық мектепке үйренген актерлер үшін жаңа әрі тың әдіс болды. Олар сыртқы бейнелеу тәсілдерін, гротеск пен иронияны шебер қолданғанымен, кей тұстарда бұндай ойын бойларына толық сіңбей жатқанын байқауға болады. Ойындарындағы сахналық жеңілдік пен еркіндік әлі де толық қалыптаспай жатқаны көрінді.

Қойылымда қолданылған дель арте маскалары спектакльдің театрлық ойынға негізделгенін көрсеткенімен, сол маскалардың тарихи миссиясы – импровизациялық еркіндік пен жеңілдікті толыққанды жеткізе алмады. Егер актерлер маскалармен жұмыс істеу барысында импровизациялық еркіндік пен шынайы ойын енгізсе, спектакльдің «театрдағы театр» концепциясы нақтырақ көрінер еді.

Турандоттың қолындағы планшет-қуыршақ режиссердің басты метафораларының бірі. Қуыршақ бейнесі арқылы ханшайым қаншалықты күшті және тәкаппар көрінгенімен, шын мәнінде, әкесінің империясындағы марионетка екенін айғақтайды. Бұл шешім Турандоттың тағдырға бағынуы мен өзін-өзі танудағы дәрменсіздігін көрсетеді.

Спектакльдің ерекше қыры – жантүршігерлік сахналарды ойнақы, гротеск пен фарс арқылы шешілуінде. Бұл тәсіл ауыр тақырыптарды көрерменге жеткізуді жеңілдетіп, оқиғаның драмалық әсерін күшейтеді. Режиссер шынайылық пен театрлық ойынды ұштастыра отырып, көрерменді өзіне тартатын және ойландыратын көріністер жасайды.

«Пьеса қайда? Гоцци қайда?» деп бірдей киім мен Эйнштейннің маскасын киген бес актердің сахнаға шығуы қойылымның ирониялық және өткір көріністерінің бірі. Олар «мәтіннің сақталмауына» наразылығын білдіре отырып, шығармашылық еркіндікті шектейтін көзқарастарды білдіреді. Бұл көрініс театр өнеріндегі ескі дәстүрлер мен жаңашылдықтың қақтығысын, бүгінгі күнгі сахна өнеріне айтылған сынды аша отырып, театрдың өзіндік табиғатын, оның өнер ретінде үнемі өзгеруі керек екенін алға тартады.

«Игорь патша», «Тоска» операларынан алынған арияларды заманауи поп және рок әуендерімен үйлестіруі спектакльдің атмосферасын тереңдете түсіп, оқиғаларға эмоционалдық реңк қосты. Жеңіс Ноғайбаевтың музыканы көркемдеу жұмысы мен режиссердің идеяларын сахнаға енгізу шеберлігі әрбір сәттің айқын және әсерлі жеткізілуіне ықпал етті. Әр музыкалық үзінді тек фондық элемент қана емес, кейіпкерлердің эмоциясын, ішкі жан дүниесін толықтыратын дербес тіл болды.

Әлібек Өмірбекұлының сахнаның сценографиясы мен костюмдерін де өзі ойластырыпты. Кейіпкерлердің маскамен шығуы итальяндық дель арте комедиясының элементтерін еске түсірсе, кимононы иыққа іле салу арқылы оқиғалардың Қытай империясында өтіп жатқанын көрсетеді.

Сахнаның арты мен екі жақтың шыны қабырғалармен қоршалуы – сахналық кеңістікті тек қорап ретінде көрсетіп қана қоймай, театр өнерінің табиғатына метафоралық сілтеме жасайды. Олар көрермен мен актер арасындағы «төртінші қабырғаны» бұзып, сахнаның шынайы өмір мен өнер арасындағы өтпелі кеңістік екенін меңзеп, көрерменді оқиғаға ғана емес, оның қалай жасалып жатқанына да үңілуге шақырады. Сахна кеңістігін театр қорабы ретінде көрсету идеясы көрерменді оқиғаға сырттай бақылаушы ретінде емес, оның бір бөлігі ретінде тартуға бағытталған. Калаф осы шыны қабырғаның ар жағынан тұрған Турандотты алғаш рет көріп ғашық болуы да махаббат сезімінің өзі қиял мен шындықтың аралығында екенін көрсетеді.

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының сахнасында дүниеге келген жаңа үлгідегі «Турандот» спектаклі ұлттық өнеріміздің әлемдік театр үдерісіне етене кірігуінің айқын дәлелі. Постдрамалық заңдылықтарға сүйенген бұл қойылым дәстүрлі театр шешімдеріне батыл альтернатива ұсынды. Қойылым Ақтөбе театрының актерлік ұжымына жаңа серпін беріп қана қоймай, театрдың жаңашыл әдістерін іздеудегі маңызды қадам болды. Мұндай заманауи қойылымдар отандық театрларымыздың көркемдік көкжиегін кеңейтіп, жаңа шығармашылық ізденістерге шабыттандыратыны сөзсіз.

Анар Екебай,

театртанушы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры

Abai.kz

0 пікір