Депутат: Халықты кітап оқуға ынталандыратын шаралар қабылдау керек...

Бүгін Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдап, еліміздегі кітапханалар желілерін жаңғыртып, заманауи инфрақұрылым қалыптастырып, халықты кітап оқуға ынталандыратын бірқатар шаралар қабылдауды ұсыныпты.
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ:
Құрметті Ермек Беделбайұлы !
Адами капиталды дамыту жолында кітап оқу мәдениетін ілгерілету — стратегиялық басымдық. Бұл бағытта тиімді саясат жүргізіп келе жатқан, 2024 жылы ең көп кітап оқитын мемлекеттер қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Италия бар. Азияда қытайлықтар жылына 154 сағат, жапондар 135 сағат, корейлер 125 сағат кітап оқуға арнайды екен. Қазақстанда бұл көрсеткіш — небәрі 65 сағат.
PIRLS-2021 халықаралық зерттеуінде қазақстандық оқушылардың оқу сауаттылығы орташа деңгейде болғанымен, 2016 жылмен салыстырғанда 32 балға төмендеген. Мұның себептері – қызығушылық іс-шаралардың аз ұйымдастырылуы және цифрлық дәуірдің ықпалы. Қысқаша форматтағы контентке үйренген көпшілік интернетте орта есеппен небәрі 55 секунд қана оқуға уақыт бөледі. Бұл терең ойлау мен білімді дамытуға жеткіліксіз.
Сонымен қатар, еліміздегі кітапханалардың жай-күйі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Материалдық-техникалық база мен кітап қорлары жаңартуды қажет етеді, ал заманауи форматтағы кітапханалар — санаулы. Көп жерде оқырмандар үшін жайлы орта, коворкинг аймақтары мен цифрлық қызметтер жеткіліксіз.
Өткен жылы жолданған депутаттық сауалымда осы саланың жұмысын үйлестіруге, дамытуға жауапты орталық органның құрылымдық функцияларын қайта қарауды ұсынған едім, бірақ бүгінгі таңда тиісті өзгерістер байқалмайды.
Осы орайда, бірқатар дамыған елдердің тәжірибесін айта кеткен жөн:
Түркия мен Финляндияда «Халықтық кітапханалар» (Halk Kütüphanesi) желісін жаңғыртып, тәулік бойы жұмыс істейтін, оқу, пікірталас, шығармашылық үшін заманауи кеңістіктер ұсынатын орталықтар құрылған. Бұл тек кітап алу орны емес, мәдени іс-шаралар, көрмелер мен шеберлік сабақтары өтетін интеллектуалды хаб.
Одан бөлек, Жапонияда мектеп бағдарламасына «Таңғы оқу» дәстүрін енгізген. Әр күннің басында 15-20 минут бойы бүкіл мектеп ұжымымен бірге кітап оқу міндетті. Бұл оқушылардың концентрациясын арттырып, оқу дағдысын нығайтуға ықпал етеді.
Халықаралық деңгейде танымал тәжірибелердің бірі мектеп пен кітапханаларда аптасына бірнеше рет 20-30 минуттық ұжымдық үнсіз оқу. Бұл сыныптағы сабақтың бір бөлігі ретінде және кітапханадағы тиімді бағдарламаның бөлігі ретінде өткізілетін сабақ.
Немесе отбасыларға оқудың өмірде басымдық болуы керек екенін еске салуға арналған ұлттық мереке күнін тағайындауға немесе дәстүр ретінде қалыптастыруға болады.
Қазақстанда да ұқсас форматтағы сабақтар мен дәстүрлерді енгізу қажет.
Аталған мәселелерді ескере отырып, Елімізде кітапқа қызығушылық мәдениетін дамыту мақсатында келесі шараларды ұсынғым келеді:
Біріншіден, барлық оқу орындарында ғылыми негізделген оқу әдістерін енгізіп, тиімді кітап оқу тәсілдерін насихаттайтын ресурстарды дамыту.
Екіншіден, Кітапханалар желісін жаңғыртып, заманауи инфрақұрылым қалыптастырып, тұрақты түрде «Кітап апталығы», «Бір ел – бір кітап» сияқты жобаларды өткізу арқылы елдің назарын кітап оқуға аудару керек.
Үшіншіден, Жергілікті деңгейінде тұрғындар арасында оқу сайыстарын, әдеби байқаулар ұйымдастырып, оқушылар мен ересектердің қызығушылығын арттыру қажет деп санаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген сөзін ескере отырып, кітап оқу мәдениетін ұлттық деңгейде қолдаудың жаңа моделін қалыптастыру керек деп есептеймін.
Осы ұсыныстарды қарастырып, кітап оқу мәдениетін көтеру бойынша нақты шаралар қабылдауды сұраймын.
Құрметпен, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі, депутат Н.Байтілесов
Abai.kz