Жұма, 24 Сәуір 2026
Жаһан жаңғырығы 96 0 пікір 24 Сәуір, 2026 сағат 13:59

Муракамидың жаңа романы жарыққа шықпақ

Сурет: rbc.ru сайтынан алынды.

Жапонның әйгілі жазушысы Харуки Мураками үш жылдық үзілістен кейін жаңа романын оқырманға ұсынбақ.

Әлем әдебиетінде өзіндік үнімен танылған қаламгердің жаңа туындысы шілде айында жарық көреді деп хабарлады оның баспасы.

«The Tale of KAHO» деп аталатын роман 26 жастағы суретті кітаптардың авторы Кахо есімді бойжеткеннің тағдырын баян етеді. Баспаның айтуынша, бұл – Мураками шығармашылығында алғаш рет әйел кейіпкердің дара, басты тұлға ретінде бейнеленуі.

352 беттен тұратын бұл туынды жазушының 2024 жылдың маусымынан 2026 жылдың наурызына дейін Shincho журналында жарияланған төрт бөлімнен құралған «Kaho» циклін қайта өңдеп, бір арнаға тоғыстыру арқылы дүниеге келген. Аталған циклдің алғашқы бөлігінің бірі ағылшын тіліне аударылып, 2024 жылы The New Yorker бетінде жарық көрген еді.

Жаңа роман 3 шілде күні кітап дүкендерінің сөресіне қойылады. Сонымен қатар, сол күні оның электронды нұсқасы да оқырманға жол тартады.

Харуки Мураками – Norwegian Wood, Kafka on the Shore, 1Q84 секілді әлемге әйгілі шығармалардың авторы. Оның кітаптары ондаған тілге аударылып, түрлі елдерде экрандалған. Жазушының соңғы романы – The City and Its Uncertain Walls – 2023 жылы жарық көрген болатын.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір