Жексенбі, 9 Наурыз 2025
Әдебиет 917 0 пікір 7 Наурыз, 2025 сағат 15:03

Кең даланың кері тарланы

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Немесе Әбділ ақын Арынұлы туралы эссе

ӘБДІЛ: Орта бойлы, белі түп түзу, отырғанда да, жүргенде де тіп тік жүретін, ат үстінде де алға қарап тұп тура отыратын кісі еді. Ауылға келіп аттан түсіп ат ағашқа атын байлап үйге қарай жүргенде де асығыс тез жүріп келетін адам.

Мен Әбділ ақынды жастайымнан үлгі тұттым. Ол кісі таза киініп қайда да орырған ортасын ойын күлкіге бөлеп отыратын ерекше сері адам болатын. Қандай бір жиында сұлу мұртын сипай түсіп шарықтата кеп өлең айтатын ән емес жай қазақтың қара әуезінің өзін соза түсіп орташа дауыспен қоңырлата шырқағанда тыңдаушысын амалсыз ұйытып тастайтын әрі артынан ерген жастарды үнемі тыңдап сүйтіп айт, бүйтіп айт –деп үйретіп отыратын.

ЕСТЕЛІК АЙТАДЫ: Менің бала күнім шамасы он жастардағы кезім ғой деймін. Немене жиын екенін білмеймін қыстауға енді қонған біздің ауылда әйтеу бір думан болып сол думанның нағыз қызып келе жатқан шағында салаң етіп Әбағаң келіп түсе қалды. Үйге кіріп отырар отырмастан:

«Ал Әбділ өлең айт, өлең айт» - деп қолқа салған жұрт ол кісіні мазалай берген. Әрі оның замандастары мен жеңгелері сол жылдан бастап жаңа қойған мұртын сөз қып мазақтай отырған. Осыдан кейін Әбағам өлеңін құтықтаудан бастап және үйден кеше шығып бүркіт салғанын, аңдаусызда қаракер құсынан айрылып қалғанын сөз ғып көп өлең айтты. Сол көп өлеңінің арасында:

«...Бұл өзі биыл қойылған балапан мұрт,
Болғанмен елге жаман өзіме құт.
Айрылдым аяқбаулы қаракерден,
Жамағат сұраулас бол жиналған жұрт», - деп шырқаған еді. Орынын тауып айтқан осы бір ауыз өлең әлі күнге дейін ұмытылмай келеді.

Әбділ суырып салма айтыс ақыны. Ол кісі сұмындық және аймақтың ұлы додаларда талай рет айтысты. Сол айтыстарының қаншасы сақталып қалғанын білмеймін, қалмаған болуы да мүмкін. Бірақ ол кісінің ақындығы шынында да керемет еді. Алладан берілген асқақ дарын, оның үстіне ол кісі де әкем сықылды жырау көп жырды жатқа білетін. Әрі кітәпті да көп оқыған, сол оқығанынан табатынын тауып алып шыдайтын. Сондықтан да білімі бір басына жетерлік болатын.

Оның сыртында аса шешен тілді, түзу де тік мінезді еді. Көпшілік жерде ойына келіп қалған келелі әрі келеңсіз іс біткенді бетің жүзің демей айтып салып қарап отыратын бір беткей де болатын.

БІР ҚАРИЯНЫҢ АЙТҚАНЫ: «Соноу жетпісінші жылдардың орта шені. Барлық мал өкіметтікі. Атақты бес бес жылмен жоспар құрып өкімет көлемінде мал басын өсіреміз деп партияның саясатымен ерекше науқан жүріліп жатқан заман.

Бірде біздің үйге партияның бір үлкен бастығы келе қалды. Жас отау едік, ана бастық та жас жігіт екен. Бірақ үлкен бастық. Енді қазақпыз ғой үйге сый қонақ келген соң дәтім шыдамай азғана меншік малымнан бір еркек қойды сүйреп әкеліп бата тілеп едім, қонағым:

- Ойбай, мал соймай-ақ қойыңыз, осылай шәй ішіп жата салайық - деді. Оған енді атадан келе жатқан салт бар, әрі мал ішінде отырған адамбыз сый қонақты қалай аш жатқызасың... осы ойымды айтып қайта бата тіледім. Қонағым да сәл отырып барып бата істеді. Қойды сойып бір жілігін асып артық-ауыс мәселе жоқ кәдімгідей әңгімелесіп сыйлап қондырдық. Қонағым да риза болып тәңертең кетерінде маған қарап:

- Кәзір Жалғыз ағаштың Қара шымында партияның жиналысы болады, соған барып қатысыңыз - деді. Әрине партияның жиналысына бармай қалатын бас жоқ, айтқандай бардым. Біздің жақтың барлық адамдары жан-жақтан жиналып көк майсаң үстіне дөңгелене отырып жиналыс басталды. Бастық ана мынаның бәрін айтып біраз сөйлегеннен кейін:

- Партияның мал басын өсіру барысындағы үлкен мақсаты орындалмай келе жатыр, мал өспей қойды. Оның себептері көп, мысалы мен өткен түнде мына отырған жігіттің үйіне қонып шықтым. Сойма дегеніме қарамай бір еркек қойды сойып тастады. Келген қонақтың бәріне мал соя берсең малдың басы қалай өседі... - демесі бар ма.

Үстімнен суық су құйып жібергендей болды. Ештеме демедім, бірдеме айтуға үнім шықпады. Сөйтіп жиналыс та бітіп адамдар орынынан көтеріліп енді тарай бастаған кезде мен де орнымнан тұрып темекі шегіп тұр едім анадайдан Әбділ жүгіріп келіп сол маңайдағы барлық адамдарға естірте көтеріңкі дауыспен:

- Әттең ақкөңіл, жарқын асыл ағам-ай, атасынан түк көрмеген бұралқы ит сықылды ана сүмелек немеге иттің итаяғына жуынды құйып беріп неге жатқызбадыңыз. «Сиыр сипағанды білмейді, жаман сыйлағанды білмейді» - деген бар ғой. Өмірінде ақ баталы ақсарбас қой жемек тұр ғой ауызына ақ тимеген тексіз ит  сіздің азаматтық адал пейіл мен көрсеткен үлкен сыйыңызға сідігін шашты ғой әкесінің ауызын... - деді, күйіп пісіп. Елдің бәрі жалт жалт қарасты, айналама қарасам әлгі партияның бастығы менің тақ жанымда тұр екен, ана сөзді ести сала үн-түнсіз теріс қарап тұра қалды.

Ол заман деген партияның бастығына мұндай сөз айту өзің тілеп басыңды кестіргенмен бірдей. Дереу қылмыскер болып ұсталып атылып кететін кез. Жүрегім тас төбеме шықты. Ешкім ештеме демеді адамдардың бәрі аттарына мініп жан жаққа тарасып кетті. Әбділ де ештеме болмағандай атына мініп сыңсып өлең айтып жүре берді.

Үйге келгеннен кейін де жүрегім ауырып тыныш бола алмадым. Әбділ қашан ұсталады екен деп қорықтым. Бірақ ештеме болмады, есесіне бір неше күннен кейін сол жерде отырғанда әлгі партияның бастығы қасында бір қариясы бар біздің үйге тағы келді.   Қасындағы қариясы әкесі екен. Қария бәрін баяндап:

- Анада біздің бала үлкен қателік жіберіпті, сол үшін әдейі сенен кешірім сұрап ат, шапан айыбыңды алып келіп отырмыз. Кешір бауырым мына бауырыңның қателігін - деп кешірім сұрады...

Әбділ аман қалды...» - деген еді.

Міне Әбділ ақын осындай өткір адам болатын. Ақиқаттың алдында ол ештемеден тартынбайтын. Осы сықылды мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ енді оның қежеті болмас деп ойладым.

*   *   *

Ал енді артынан ерген өнерлі жастарға өз білгенін аямай үйретіп, балапан құс баптағандай баптайтын бапкер азамат болатын. Оны сол кезде өнер жолында өлең жолында жүрген біздің жақтың азаматтары әбден біледі.

Ол кезде бүгінгі сықылды тойды сұмынға немесе аймаққа барып үлкен тойханаларға істемейтін. Онда бүгінгіден ойлағанда ел ежелгі қалпынан айрыла қоймаған, кәдімгідей ат мініп, түйе қомдап көшіп жүрген кез ғой. Сондықтан той деген адамдар үшін ән тыңдайтын, жаңа ән үйренетін сөйтіп рухани азық табатын мәдени орта болатын. Міне сондақтан да Әбділ сықылды өнер адамдары жаңа әндерін халыққа жеткізіп, артынан ерген жас жеткіншектерін осы жерде ел алдына шығарып өнер жолын бастатын еді. Сосын өнер адамы қандай болатынын айдан анық етіп түсіндіріп те беретін.

ЕСТЕЛІК АЙТАДЫ: Мен оналты-ақ жастамын. Өлең қуып, той кезіп кез келген ақынмен сөз сайысына түсіп арманымның кержайдағы арындап тұрған өркөкірек шағым. Өзімді өзгеден артық ақынға балап өрт болып өртеніп жүргем. Менің асып бара жатқан осы келеңсіз мінезімді байқап қалған Әбділ ақын бірде жолыға кетті де:

- Байыт сен осы ақынсың ба, егер ақын болсаң қандай ақынсың - деп сұрады. Мен сол баяғы асқақ мінезімнен қайтпай:

- Иә ақынмын. Мен ақындық, әдебиет әлеміне кейбіреулер секілді таңырқап ойнау үшін, ермек ету үшін келгем жоқ. Дүниежүзінің әдебиет әлеміндегі қаңырап бос тұрған менен басқа ешкім толтыра алмас өз орнымды толтыруға, сөйтіп өзгені өлеңмен ағарту үшін Аллатағаланың қатал жарлығымен келдім. Уақытқа қажет болдым, тудым. Жауап, мақсатымды орындауым керек - дедім іркілместен. Сосын тауып айтым-ау дегендей аспанды тіреген Алтайдың асқақ бастарына қарадым. Осы сөзімді үнсіз тыңдаған ұстазым мырс етіп бір күлгендей болды да болымсыз басын шайқап:

- Қандай аттың нағыз жүйрік екенін айдалардың алдында емес бәйгеден озып келгеннен кейін білесің. Халыққа қажет қызмет атқаратын адамды істемес бұрын емес, іс бітіргеннен кейін білесің. Асқақ ақыл, дана дарын иелері құр кеуде, сұйық айқаймен танылмайды. Оларға салмақтылық керек. Әрі бес летирлік ыдысқа алты летир сүт сиған мүмкіндік әлі естілген жоқ. Осыны ұқпайтын бос өктемдіктің иесі болған біреулер көбінде дарынсыз келеді.

Балам, түк те бітірмей тұрып кеудеңді соғып, кеңірдегіңді созғаныңа қарағанда сен де сол дарынсыздардың біреуі болармысың. Өтірік мақтауға құл болған адам өрге шыға алмайтын заң бар. Сен тіпті де ақын емес болуың әбден ықтимал - деді де жирен атының басын бұрып желе жөнелді.

Өрекпіп тұрған көңілім су сепкендей басылды. Әкемдей құрметтейтін адамымнан мынандай сөз естігеннен кейін тұп-тура «МЕН АҚЫН ЕМЕС ЕКЕМ» - деген түйінге келдім. Албаты өлең айтып, кез келген адамға өлеңдерімді оқығанды да қойдым. Ақындармен сөз сайысына да түспедім. Менің осы қылығымды байқап жүрген Әбағам біраз уақыт өткеннен кейін қой жайып жүргенімде тау басына әдейі іздеп келіп:

- Байыт сен ақынсың ба, егер ақын болсаң қандай ақынсың - деп алдыңғы сұрағын қайта қайталады. Мен ешбір ойланбастан:

- Жоқ мен ақын емеспін, менде ондай дарын жоқ көрінеді - дедім жерге қарап. Ол кісі тағы да мырс етіп күліп:

- Сонда әлгі сенен басқа ешкім толтыра алмайтын әдебиет әлеміндегі бос орынды кім толтырады. Сенен өлең дәметкен мына қаймана халық не болады - деді. Үндемедім, арқамнан қақты. Сосын арнасына симай асып-тасып, тасты тасқа ұрап таудан құлап ағып жатқан асау тау өзенін көрсетіп:

- Мынау тау өзені кіп-кішкентай бола тұра қандай асау. Бірақ таудан түскеннен кейін үлкен дарияға қосылады да асаулығын қойып үлкен арнамен жәй ағады. Сонда мына таудағысынан да артық көп адам, малды сусындатады. Таусылып толастамай ұзақ ағады, теңізге құяды. Қатері де арта түседі.

Саған мен: «Асаулығыңды азайтып, арнаңды кеңейт» - деп едім, сен құрып қалдың. Асаулық деген дарындылықтың бір белгісі. Әйтсе де құр асаулықтан түк те шықпайды. Енді сен бір нәрсені түсін.

Қасқырға «Сен қасқыр емессің» деп мың қайтара айтсаң да ол қой болып кетпейді. Қасқыр қасқыр қалпынша қалады. Білемін сенде дарын бар, дарын болғанда да жәй бір дарын емес, ауыспалы уақыттан анда-санда бір туатын жалғыз дана жарық дарын. Оны сен жасырсаң да жүрек сезімің жасырып шыдамайды. Енді сен бала емессің талпын - деді.

Мен ештеме демедім. Бірақ содан кейін жазба әдебиетімен нақтап айланыса бастадым. ҚОЛҒА ЖАРЫҚ ҰСТАП ЖАСЫРЫНБАҚ ОЙНАУҒА МҮМКІНДІК ЖОҚ екенін шын түсіндім. Дарын деген жанып тұрған жарық,  жарық қараңғыда көрінбей қалмайды. Міне осыны маған алғаш Әбағам ап-анық етіп түсіндіріп берген еді.

(Дәл осы ескертуді мен кейін қысқа әңгіме етіп, жеке эссе етіп жазып кітәптарыма кіргіздім)

Бұл бір-ақ реткі ескерту, мұндай ескертулердің талайын айтты ол кісі. Оның сыртында ұстаз ретінде өзіндік БАҒАСЫН да қойды.

*   *   *

Бірде әкем Әбағаммен кеңесіп отырып:

- Байыттың ақын болғаны бекер болды, бұл бала бүйте берсе араққа түсіп кететін түрі бар - деп реніш білдіріпті. Осы әңгімені естіген ол кісі екі күннен кейін мен туралы мынандай сөз жазып әкеме әкеп беріпті. Бір жағы ағасының көңілін аулағысы келген шығар, бір жағы басынан бастап өзі ұстаз ретінде қолдап қоршаған ақын ұлының шын бағасын айтып араққа түсіп кететіндей әлсіз адам емес дегенге өзі сенімді екенін айтқысы келген шығар. Не қылғанмен Әбағамның мен туралы айтқан төмендегідей бір лебізі бар.

Мен мақтауға құмар емеспін. Бірақ осы екі, үш аталарымның, ағаларымның қойған бағасын, айтқан лебіздерін жақсы көремін. Мейілі артықтау мақтаған болса да осы сөздерін оқыған сайын сол кісілердің жанында отырғандай күй кешемін. Сондықтан да сол лебіздерді жоғалтпай сақтап жүрем. Енді міне орыны келгенде оқырман қауымға да мақтанышпен оқытып отырмын.

ӘБАҒАМНЫҢ МАҒАН ҚОЙҒАН БАҒАСЫ: «Байыт деген ол  елдің маңдайына берген Алланың бір жарық жұлдызы. Дарадан дара жаралған теңдесі жоқ дана дарын, дарабоз толқын. Оны ешкім жоққа шығарып тоқтата алмайды. Әзірше жас, енді енді толып келеді, құдай амандыққа жазса отыздан асқаннан кейін қазақтың маңдайына жарқырап жанады әлі. Оның кеудесінде дүркіреп тұрған дүлей өрт бар, өртемей басылмайды. Әрі ұлтым деген ұлы сезім, қайтпас қайсарлығы, берілмес беттілігі оттан да судан да еш бөгетсіз өткізеді өзін. Бір өкініштісі оқымады, бірақ оның бойынан мен он жоғарғы мектеп бітірген біреулердің білімінен де асып түсерлік білімгерлік пен талап, талпынысты көремін. Тарлан талғам мен тазалық, көл көсір көрегендік пен көркемдікті көремін. Жаяудың жалғыз атындай қазағы үшін жанын да аямас өктемдік пен өлермендікті көремін.

Байыттың дарыны дархан даланың дауылындай тентек, Алтайдың асқар тауларының ұшарбасынан құлаған құламадай асау, теңдесі жоқ терең дарын. Оның қымбат қырағылығы мен сері сезімталдығы, тап басқан тапқырлығы, ой жетпес ойшылдығы мен озат оянғыштығы албаты кезіге бермейтін ерекше көрініс. Оның жырлау, баяндау тәсілі баяғыдағыдан анағұрлым басқаша, адам қызығарлық анық...

Әбділ Арынұлы

1990. Бессала

ӘБАҒАМНЫҢ ТАҒЫ БІР ЕСКЕРТУІ: Сол жиырмадан енді асып жүрген кезім. Әнге өлердей құмармын. Тойға барсам да, қойға барсам да домбырамды арқалап жүретін албырт шағым. Бұрынғы халық әндерінінен бастап халық сазгерлерінің әндерін әлімнің келгенінше орындаймын. Өзім де сондай керемет ән шығарғым келеді. Міне сол әнге деген ғашықтықтан болу керек «ӘКЕМЕ, АНАМА...» деген сықылды бірнеше ән, «ӘКЕМНІҢ АЙТҚАН АҚЫЛЫ» деген бір терме жазып оны ел арасында өзім орындадым. Ел жап жақсы қарсы алып біраз бедел жинап берді. Сөйтіп енді сол «Сазгерлікпен нақтап айналысайын» деп жүрген кезімде тағы да Әбағам кез болып қалып:

- Байыт сенің әндеріңді тыңдадым, бұлайша айналыса берсең сенен әжептәуір сазгер шығатын түрі бар. Бірақ сен білесің бе, ән деген жеңіл өлең тілейді. Оның сыртында ол деген тағы бір жазылмас ауыру, кәдімгідей ауырасың. Сол сазға беріліп өлеңді ұмытып кетуің мүмкін. Тіпті ұмытып кетпесең де өлеңің соған еліктеп өз еркіңсіз жеңілдеп кетеді. Сондықтан сен мені тыңдасаң елу жасқа дейін әннің сөзін жазба... - деді. Ішімнен қарсы болсам да ЖОҚ дей алмадым. Сосын аздап аздап сазгерлік менен алыстай бастады. Мен шынында да елу жасқа дейін бірде бір әннің сөзін жазбадым.

Ал елуден кейін әдейлеп отырып қолға алып әннің сөзін жаза бастадым. Өйткені мен азды көпті өлең жазып, кітәптар бастырып ел мені тілесе де тілемесе де АҚЫН деп мойындады. Әрі ЕЛУ деген жас та ары бері сырғақтаудан өтіп кеткен жас ғой.

Міне сол елуден асып әннің сөзін жаза бастағаннан мен Әбағамның маған неге сол ескертуді бергенін шындап түсіндім. Ән шынында да жеңілдікті тілейді екен, жеңілдікке сүйрейді екен...

*   *   *

Менің он сегіз жастамын. Тағы бір той болып жатқан. Той төрінде әрине Әбағам. Бірақ сол күні ол кісінің көңілі онша болмады да қайта-қайта іркіліп бабы келмеген аттай кібіртіктеп өлеңді азырақ айтып тоқтаған Әбағама мен тағы өлең айтуын өтініп:

«Әбаға әр сөзіңе халқың күлер
Қырансың қиядағы түлкіні ілер
Көп қауым әніңізді аңсап отыр
Тағы да бір екі ауыз айтып жібер» –дегенім бар еді. Сонда төрдің басында отырған Әбағам өтіп кеткен жастығын армандап:

«Жасымда менде сендей әнге салдым,
Қай жерде думан болса сонда бардым.
Оң жақтан ән салатын күнім өтіп,
Қартайып бүгінгі күн төрде қалдым» - деп шырқап еді. Былай қарасаң төрге шығу деген үлкен сый. Жастарға аға болу, елге ақсақал, қария болу жақсы әрине. Бірақ былай қарасаң оң жақта қыз қырқынның қасында оттай жанып әзіл қалжыңның ортасында сезімге өртеніп отыру керемет емес пе. Міне соны Әбағам осындай бір-ақ шумақ өлеңмен тап басып айтқанын біз кейін түсіндік.

Ол кісі қай бір жиын тойларда, кез келген бір адамдардың басы қосылып қалған ду ду ортада, тіпті иен далада жалғыз кезігіп қалсаң да қандай бір сылтау тауып өнерге, өлеңге итермелеп қандай да бір амалмен өзі де осындай бір, екі ауыз өлең айтып, саған да бір ұшқыр ой айтқызып қалғысы келіп ұрына кететін еді жарықтық. Соңында ол кісінің сол мінезіне біз де үйреніп алдымыздан Әбағам келе жатса не десем екен деп ойлана бастайтынбыз...

Әбағамның бір әдеті ел арасындағы тойларда жұмсақ та асқақ  әнімен өзі тойды бастап шырқап-шырқап бір басылады да.

- Ал балалар енді сендер айтыңдар - дейтін. Сонда оң жақта отырған жастар біз жамыраса, жарыса өлеңдетіп қоя беруші едік. Сөзіміз салмақсыз сұйық болса да қариялар «Пай-пайлап» бізге көңіл сыйлайтын. Сөйткен сайын әнге, өнерге деген  ынта, құмарымыз арта түсетін. Сөйтіп олар кейінгі ізбасарларын тәрбиелейтін.

Әлі есімде сондай бір тойда Әбділ ақын әдеттегідей өлеңді  алдымен өзі айтып сосын бізге кезек бергенде неге екені белгісіз біз біраз уақыт үнсіз қалдық. Осы қылығымызға көңілі толмаған ақын:

...Тіл жағы жастарымның байланған ба,
Бір тайлақ шықпады ғой  тайраңдарға.
Алпыс жыл жолдас еткен өлеңімнің
Өшуге болашағы айланған ба.

Елімнің ашық тұр ғой занғар көгі
Тіреуім тым майысқақ талдан ба еді.
Әбділді ұстаз тұтқан ұл мен қыздар
Әбіра өнерлерің қалған ба еді – деп кейіген еді. Осылар ақын болады, өнер қуады... деп сенім артқан жеткіншек жастары көңілінен шықпай қалса алдыңғы толқын ағалар әрине алаңдайды. Міне сол алаңдауын Әбіл ақын осылай ап-ашық және шешен тілмен шебер айтады. Онымен қатар ол кісілер келешегіне қалтқысыз сенді де.

Онда біз сол кісілер секілді  ізбасар тірбиелеп ұрпаққа тіл қадірін сөз қадірін түсіндіріп жүрміз бе.  ЖОҚ деуге болады. Шынымды айтайын біз, әсіресе шетелдегі қазақтар осы кезде амал жоқ әлсіреп кетті. Тілі де, ділі де, өнері де, өлеңі де... жалпы қазақилығынан айрылып бара жатыр. Біз сол әлсіреуді көзімізбен көріп отырмыз. Бұл бөлек әңгіме.

*   *   *

Ол кезде адамдар бір біріне хат жазу деген күнде болып тұратын қалыпты нәрсе еді ғой. Мен армияда әскерде жүргенде Әбағам әлсін әлі хат жазып тұрды. Сәл сүйкектетіп ұсақ және ұқыпты жазған жазуы ел елден бөлектеу еді. Қайта-қайта оқып үйренген кісі болмаса жақсы танылмайтын, бірақ үйренгеннен кейін байқасаң еш қатесіз анық жазылғанын байқауға болатын. Сондай көп хаттың біреуін ғана қысқартып алып оқытайын:

ХАТ: «Сәлеметсің бе балам! Сенің өлеңмен жазған хатыңды алып қатты қуандым. Менің және ауыл қарияларының дендері сау, бәрі ойдағыдай жақсы. Делуінің мен Бессалаңда жылдағадан артық жақсы да жайлы жаз болып жатыр. Көпшілік қауым қыздарын ұзатып, келін түсіріп ауыл біткенде той, елдің көңілі ерекше көтеріңкі. Той болған сайын мен сені сағынамын, әніңді естімегелі көп болды ғой қарғам. Биылғы жылы сұмын тойында Тілеуқанның қаракер аты бірінші келіп, ана кімнің әскерден келген баласы балуаннан бәрін жықты.... Сенің асау нағышың  өзіне айқайлаған бір жігітке қол көтеріп апаң бауырына ұрсып көрінді... Жақсы жаңалық десең осылар. Ал нашар жағымсыз жаңалықтан тоқсанға тақаған шағында Ажық атаң қайтыс болды...

Маған қалдырған өлең дәптеріңді күніне бірнеше оқимын, сен жалпы айтысты қойып, нағыз жазба өлеңге белсене кірісуің керек шығар деп ойлаймын. Сен мықты айтыс ақынысың, бірақ жазба өлеңнің орны басқа.

Кітәп оқып жүрген шығарсың, саған енді кітәптан басқа ештеңенің қажеті жоқ, тек оқы. Сосын көп жаз, нашар өлең болса да жаза бер, жақсы өлең жазуыңа себі тиеді. Қара сөз тағы кем жоқ, ол дегенің ақылдың нәрсесі. Алла амандық берсе қырық жастан асқан соң қара сөзге нақтап кірісерсің. Ал өлең ол тек жастық шақтың ғана үлесі. Бұл егде тартқан соң өлең жазбайсың деген сөз емес жазасың, бірақ жастық шақтағыдай емес жалыны азайып кетеді. Ал жастық шақ үнем қолда тұрмайды. Оның сыртында сен мына дүниенің бәріне ғашық бол. Ғашық жүректен шынайы сезім туындайды, ал шынайы сезімнен жалған өлең жаралмайды...

Ал қош, сені асыға күтем.

Әбділ Арынұлы. 1987.07.20 Бессала

*   *   *

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Әбағам екеміз бірнеше рет айтыстық. Бірақ оның бәрі сақталып қалмады. Әрі бүгін ойлағанда ондай бір керемет айтыс болмады-ау деймін шамасы. Ал соңғы бір айтысымызды оқып көріңіздер. Бұл айтыс Әбағама да қатты ұнаған еді. Сондықтан да айтыстан кейін кәдімгідей «Осы айтысты жазып қалдырайық» деп екеміз бірігіп отырып алып айтқан өлеңдерімізді қайтадан есімізге түсіріп жазып шығып едік.

АЙТЫС: Мен үш жылдық әскери міндетімді атқарып келіп туған үйіме неше  қонғаннан кейін әкемнің «балама» деп үш жыл бойы ер салмай құр сақтап, мен келерде етін қатырып жаратып қойған құрық мойын арғымағын мініп, өзімді өлең мен өнердің жолына салған қарт ұстазым Әбділ ақынға сәлем беруге аттандым.

Жол бойы көп уақыт сағындырып шаршатқан туған жердің тау, тас біткені көзге оттай басылып, көнілімді ерекше бір көтеріп тастады. Кіндік мекеннің құдіреті кімді өзіне сүйіндірмейді. Әсіресе ауасы саф, топырағы алтын, қара суы бал шәрбат аспанды тіреген Алтай даласы жер бетінің жәннәті емес пе. Әбден шаттанып қалдым. Сөйтіп аяңдап Ақсайдан қиғаштай өтіп, қыраттан асып Жолдысайды құлдағанда байқадым, сағынып аңсап сәлем беруге іздеп келе жатқан ұстазым жол үстінде қой жайып жүр екен. Жол сайдың үсті деген жаз уақытында аттан түсіп жата кеткің келетін көк майсаң, көкорай шалғын нағыз кигіз дала...

Алақайлап тура шауып барайын дедім де «Арғымақ ақын бір серпіліп қалсын» - деп, аттан түсіп дауыс жетер жерден өлең айта бастадым:

Бессала, Алтайтаулар асқар белім,
Ән, жырды арлы-берлі шашқан жерім.
Өкшемде қырларыңның шөгірі бар,
Айтады тарихымды тастар менің.

Үш жылдың жүзі болды көрмегелі,
Сағыныш арқа тесті теңдегелі.
Жатырсың кең төсіңді төсеп маған
Аңсауда болғансың-ау сен де мені.

Көп болды көз жүдеген жат арада,
Кенезем кепті шөлдеп сахарада.
Жұтайын жақұт тұнық бұлағыңнан,
Өзіңсіз таңым менің ата алама.

Мекенім алтын бесік өскен жерім,
Ақ самал қыратынан ескен белім.
Аттай боп арпа жеген аңсап келдім,
Сағынтып көкейімді тескенде елім.

Туған жер құдіретіңнен айналайын,
Анамдай еркелейін, аймалайын.
Көңілдің сағыныштан құны кетті,
Жатайын жамбастайын, жайланайын.

Жұтайын саф ауаңды тамсанайын,
Келді деп ақын ұлың жар салайын.
Өзіңе деген ыстық махаббатпен,
Тасып тұр кемерінен жан сарайым.

...Бар еді Әбділ деген асқақ ақын,
Алдында шешен біткен жасқанатын.
Көргем жоқ ондай ерді өз тұсымда,
Өлеңі түйдек-түйдек тасталатын.

Көп болды кезікпедім қарт ақынға,
Өлеңмен әркімге жүк артатынға.
Тау мен тас өлеңімді жеткіз менің,
Келіп ем жан сырымды тарқатуға.

Менің осы өлеңімді мұқиятпен тыңдаған ақжарма ақынның делебесі қозып кетті білем. Есік пен төрдей Қаракер атына абыр-сабыр қонды дағы тура маған қарай беттеді. Жәй беттеген жоқ сызылған әсем әуенін алты қырдан асыра шырқап, өлеңдете беттеді:

«Бессала – алтын бесік өр мекенім,
Туғам жоқ ұлың болып менде тегін.
Тіл мен жақ, тіркес өлең бар тұрғанда,
Баламдай тау-тасыңды тербетемін.
Арудай үкілеген әуенімді,
Күн жетпес биігіңе өрлетемін.
Алыстан ақын ұлым келген екен,
Ал енді сөз тасқынын селдетемін.

Қарағым Байытсың ба сағындырған,
Әркімді өнерімен табындырған.
Өр халқың әрқашанда үміт күтер,
Өзіңдей өрге шабар дарынды ұлдан.
Ұл едің ұлыдардан сыбаға алып,
Жаныма жырдан моншақ тағындырған.
Сен қалай алыс болып жүре аласың,
Мұзды да ерітетін жалын жырдан.
Тұманға келіп жеткен ақ самалдай,
Дауысың естілді ғой сағым қырдан.

Жасымнан ғашық болдым түрлі өлеңге,
Жыр тұрмақ сөз де қиын білмегенге.
Өр мінез, өр көкірек өрге ұмтылар,
Аттам жер алыс болар жүрмегенге.
Отты жыр жастайымнан жолдас болып,
Айрылмай содан бері жүр денемде.
Күбірлеп әсте сөйлеп көргемін жоқ,
Күркіреп көрік кеуде үрлегенде.

Сен дағы бір ұл едің нарқы басым,
Қазақтың сені тапқан халқы басым.
Аңсатып үш жыл бойы сен келгенде,
Кәрі ағаң арғұмақтай арқырасын.
Басыңда  “ЖАСТЫҚ”-дейтін сый барында,
Жыр, сөзің жасын болып жарқырасын.
Дарияның жарға соққан толқынындай,
Ағытшы асау өлең сарқырасын»

Осылайша шырқай салып асыл сөзді ағытып жіберген тарлан ақын менің қасыма келді де  аттан түсіп, қапсыра құшақтап маңдайымнан иіскеді. Көп уақыт көріспеген ақын ағамның алтындай асыл кесек сөздері керемет бір шуақты жылы жыр болып менің жүрегіме құйылды. Әрі үш жыл бойы ішімде тұншыққан ақындық сезімім  ұлы дүбірге қосылғысы келіп алағызған кермедегі байлаулы тұлпардай ерекше ентікке түсті. Дәл осы сәт суырып салып шырқап жіберуге ауызыма сөз түспей, ақпа жыр алқымға тіреліп шығып бермей қинады. Менің ағытыла алмай тығылған осы қылығымды түсіне қойған Әбағам әсем әуенін тағы да әуелетіп айдаланы жаңғырықтыра алқылдай жөнелді:

«Өлеңге өзекті ұлым тас ұрған ба.
Өнерін өн бойынан қашырған ба,
Қалықтап неге көкке жөнелмейсің,
Кеудеңнен қайран толқын басылған ба.
Өнерге құмар халық шын риза,
Әуенін алты қырдан асырғанға.
Бермеймін мен кешірім кеуде ішіне,
Жарқ етпей жақсы жырды жасырғанға.

Несіне шаппай жатып терлей қалдың,
Келетін кемеріңе келмей қалдың.
Ал көрсет өнеріңді мен әйтпесе,
Дегенге сені  Байыт сенбей қалдым.

Артымнан ере туған тайлақ едің,
Тарлан ғып танға талай байлап едім.
Еш етпей еңбегімді сен де менің,
Тамсантып тамаша етіп сайрап едің.
Соққанда алақұйын кеудеңдегі,
Лапылдап жетуші еді Айға демің.
Аршындап асқақтамай отыр бүгін,
Баршындап қалғаны ма қайда желің.

Тентегім жырың қайда термелейтін,
Өріне Алтай шыңның өрмелейтін.
Ішіңде бір арғұмақ баптаулы еді
Алысқа алты күндік терлемейтін.

Жан едің алдырмайтын тонды жатқа,
Жетуші ем сені көрсем зор мұраттқа
Ал енді шың асыра шырқамасаң
Мен қойдым күдер үздім қондым атқа»

Сонда ғана не жауа алмай, не қоя алмай тымырсықтанып тұрып-тұрып, тасыр-тұсыр төгіп-төгіп жіберген күз аспанындай кеңірдекке тіреліп келмей тұрған кермек өлең менің еркімсіз лақ етіп төгіліп кетті. Алқылдап келген өленді ауызыма сиғыза алмай ары-бері шашып-шашып жібердім.

«Сағындым боз даламды самалы ескен,
Бабалар сағым қуып дара көшкен.
Жанымның, жүрегімнің бір бөлшегі,
Қалайша туған жерім қалады естен.
Содан ба биіктікке жаным құмар,
Жасымнан шың басына қарап өскем.
Сіз дағы маған осы асқардайсыз,
Үлгі алып ұстазыма балап өскем.

Менмін ғой ақын ұлың Байыт деген,
Сөз айтам су кешкендей қайықпенен.
Қолыма он жасымнан домбыра алдым,
Сөзімді содан бері жайып келем.
Жырласам жетеріне жеткізе айтам,
Кем айтқан кетік сөзді айып көрем.
Боздалам боздағыш қып жаратыпты,
Өлеңмен ауа жұтып, жарық көрем.
Келешек «кімдікі»-деп, жаңылмайтын,
Бір бөлек жаңа нұсқа салып берем.
Бір бастың қамы маған жүк артпайды,
Бірге ішем у мен балды халықпенен.
Өзімді мақтағаным емес аға,
Әманда айғақ күтпес анық деген.
Болмаса өрен жүйрік өзіңіздей,
Албаты жарыспаймын арықпенен.

Қалың топ ортаға алып хан құптаған,
Қарт аға әнің қалай қарлықпаған.
Той бастап, топқа түсіп жүрген шақта,
Тау-тасты кезің бар ма жаңғыртпаған.
Әбділдей әнші, ақынды мен көргем жоқ,
Астарлы асыл сөзді сандықтаған.
Артыңнан еріп алған үлгі-өнеге,
Алтыннан артық қымбат албырт маған.
Керемет келешекке жетер сөзің,
Қазына қалпын сақтап шан жұқпаған.
Құнды сөз құлақсызға зая кетер,
Әнді ұға алмағандар зарды ұқпаған.

Таңбасын тасқа басқан тарлан ақын,
Әуенін әуелетіп зарланатын.
Сіз ән сап көкке шапшып кеткен кезде,
Тыңдаған тыншы кетіп таңданатын.
Қалықтап аспанға әбден алғаннан соң,
Түсуге жимаушы еді ән қанатын.
Әлі де сол қалпынан айрылмапты,
Дауысың салған сайын паңданатын.
Па шіркін шырқа, шырқа үш жыл бойы
Үніңді естуге ұлың зар болатын.
Кеңідім, биіктедім көп уақыт
Бой –тайпақ, ішім менің тар болатын»

Аз байланып бабы әлі келмеген семіз аттай алыстап кетпей алқынып тоқтаған менің өлеңіме қарт ұстазым аса  бір ынтамен құлақ салып отырды да, енді тоқтаусыз ен даланы кезіп кетердей дүр сілкініп ала жөнелді.

«Астыңда ойнақ салып кері дөнен,
Желесің Алтай таудың өріменен.
Көзіңнен жастық оты жалындап тұр,
Жортқандай жолдас болып Бөріменен.
Торғынды төгілдіріп шапан етіп,
Киіпсің енапат бір еніменен.
Домбыра үкілеген әшекейлі,
Сендей-ақ болар балам сері деген.
Қайтарып жастығымды еске салдың,
Салдық қып, сейіл құрған ебіменен.
Болып ем әттең дүние менде сендей,
Керейдің іш жиған жоқ елі менен.
Мына кез от базарым тарқаған кез,
Адамзат мәнді екен ғой теңіменен.
Әтеген-ай қайта айланып кірер ме едім,
Базарға қолтықтасып сеніменен.

Өлеңді баламалап жанды алтынға,
Жасымнан өнер қудым сал нарқында.
Қалың топ еркелетіп ортаға алып,
Қолпаштап жүрді талай алды-артымда.
Мендағы өр халқымды қарық етіп,
Өлеңмен алып жүрдім ханды алқымға.
Бұл күнде қол-аяқты жіпсіз байлап,
Қарілік Әбағаңды алды алқымға.
Той, думан салтанатты сәнім еді,
Сарғайып сауық кештер қалды артымда.
Жастықтың жайлауында жүрген тұста,
Қарағым әсем әнге сал жарқылда.
Қалам ал, өнер тарат өрге жүріп,
Өр мінез өнер сүйгіш бар халқыңда.

Ақын ұл жолдас болсаң жүрдекпенен,
Басыңнан түн болса да күн кетпеген.
Кезіксең кемтар ойлы кер мінезге,
Маңыңнан былық-шылық бір кетпеген.
Мен өмір сүріп өттім ертелі кеш,
Өмірді дүрліктіріп дүрмекпенен.
Әрқашан маңайыңа шуақ шашқан,
Сен де ақын көктемемен бір көктеген.
Өнерлі жас адамға бір ғанибет,
Еркелеп ел ішінде жүрмек деген.
Адамға ақылы бар ол да үлкен сын,
Астарлы асыл сөзді білмек деген.
Ірінің ең ірісі сол болады,
Іркілмей сөз кестесін ілгектеген.
Бүгінгі кей жастарға жан ауырар,
Шілдеде күпі киіп дірдектеген.
Мен саған дәл осындай тоңғақтарды,
Қыста да жаздағыдай гүлдет дер ем.
Қаршадай күніңнен-ақ артыма еріп
Жан едің көңілімді кірлетпеген.
Бір Алла өн бойыңа дарын берді,
Іс бітір елім деген бір бетпенен.

Өнер боп өмір бойы наз-арманым,
Жалықпай ертелі-кеш базарладым.
Мен шырқап асқақ әнге салған кезде,
Ақшамға жетуші еді азандағы үн.
Мына өмір тұрлауы жоқ өтер бір күн,
Сол күні төгілмей ме қазандағым.
Әттең-ай бітірмеген бір ісім сол,
Үлгі етіп кітәп өлең жаза алмадым.

Уақыт өмір заңын шектеп алды,
Кім осы заңды бұзып шетке барды.
Мен дағы өз әлімше сапар шектім,
Көңілім көкіректі көпке нанды.
Кім ұғып, көпшіліктің кімі ұқпады,
Ақтарып арлы-берлі төккен әнді.
Ақыры жібі үзілген алқадайын,
Шашылып асыл сөзім текке қалды...»  деңкіреп бір тоқтады. Жоғарыда айттым ол кісі кітәпті өте көп оқитын. Көп дастан жырларды жатқа білетін. Енді қарасаң сол керемет жыр дастандар сықылды өзі де жазба өлең жазғысы келгені, кітәп өлең жазып елге қалдырғысы келгені көрініп тұр өлеңінен. Иә мал соңында жүрген соң әрі айтыс ақыны болғасын бірден қолына қалам алып жазба өлең жазу шынында да қиын дүние. Оның үстіне өзі көп оқыған жазба өлеңнің қандай болатынын әбден түсінген жан үшін жәй бір шимай шатпақ жазуды қаламаған да болу керек. Соны айтып отыр осы жерде.

Мен дәл сол кезінде бұл сөзге мән де бергем жоқ. Бүгін міне ол кісі туралы жазып отырып осы айтысты оқығанда анық түсіндім. Сосын айтыстың осы жерінде мынандай түсініктеме жазып отырған жайым бар.

Иә айтыспағалы көп уақыт болған, айтыспақ түгіл қазақша сөйлемегелі бақандай үш жыл болып оралған мен пақырдың шамасы аяқ ілмей алысқа шабуға тым тым олқылық көрсетіп тұрғанын өзім де жақсы байқадым. Бірақ басқа емес Әбағамның алдында әрі иен далада екеміз ғана отырған жағдайда ұялып тартынудың да жөні жоқ екені түсінікті дүние. Мен өлеңімді ары қарай жалғадым:

«Па шіркін, туған жердің асқарын-ай,
Асқардың күн тірелген бастарын-ай.
Секірген тастан тасқа тауешкідей,
Биікке өрмелеген жас жаным-ай.
Келгенде ансап-шаршап алдан шығып,
Әбағам әнмен шашу шашқанын-ай.
Ежелгі ерен үнді естігенде,
Көнілім тау суындай тасқанын-ай.

Ағамның қалпынша екен бұрынғысы
Балаңның даусыңды естіп жылынды іші
Жас ұрпақ аға сізге дән риза,
Өзіңнен бізге жетті жыр үлгісі.
Халықтың қымбат ұлы сенсің аға,
Жыр десе кеудесінде мығым күші.
Әрқашан сізді үлгі етіп өтер,
Еліңнің тұғырлысы, тұлымдысы.
Өзіңнен сынған сынық мен шығамын,
Сөз десе кеп тұратын ұрынғы.
Ал сіз ғой басқа бөлек жерден емес
Алтайдың бүтін туған туындысы

Бұл менің емес босқа мақтағаным,
Басқадан бөлек сенің тақпақ әнің.
Шаңыңа шабандоздар ілескен жоқ,
Оқыған болмаса да хат қаламың.
Қоймады бас игізбей зерделіні,
Жар соғып жасын болып аққан ағын.
Мен  сіздің үніңізді естігенде,
Жетуге аспан көкке шақ қаламын.
Ешқандай жасандысыз жарқырайды,
Өзіңдей өрге ағатын ақпа дарын.
Менсініп көп ішінен көзіңе іліп,
Мен едім үміт күтіп баптағаның.
Озам деу күпіршілік, қалмай жүрсем,
Сол болар сеніміңді ақтағаным.

Қарт Алтай куәсі ғой көп өнердің,
Түбіне кім жетеді тереңінің.
Арттаға ұл мен қызым өнер сүйсін,
Білімге жуық болсын деп егілдің.
Мінеки сол тілектің арқасында,
Артыңнан өлең болып мен өрілдім.
Кестелеп дүниені өтпек ойым,
Бастадым бастамасын берерімнің.
Сенемін келешекке ақын туар,
Жалғасын жалғастырар өлеңімнің.

Қыз ұлдың кірлемесе құндыз ары,
Өр халқың өрен жүйрік туғызады.
Сіздердей ата менен аға барда,
Өнердің жарқырайды жұлдызы әлі.
Артыңнан ере туған ұрпақ барда,
Халқыңның түгесілмес қырмыз әні.
Сіз баптап ұлы көшке қосқан ұлдар,
Сеніңіз жыр қамалын тұрғызады...» Ол кезде Әбағамның елудің жуан ортасына енді келген кезі. Былайша қарт деуге де келмейді, бірақ елуден асқан соң соноу жиырма отыздағыдай сайран да сала алмайтын жас. Сол жағдайды жан тәнімен түсініп кейінге қайта бұрылуға уақыт мұршат бермей бұрылмайын десе алып ұшқан ақын көңіл тыныш қоймай шаршатып жүрген болу керек. Сол сезімді ол кісі жасырмай айтты. Мен оны да өзім елуден асқаннан кейін жан тәніммен шындап түсіндім.

ӘБДІЛ:

«Дүние қызықтырар көркіменен,
Жастық шақ жалын етер өртіменен.
Жасымнан жырдың көшін жетектедім,
Ауырып ақындықтың дертіменен.
Мен әсте жұмсақ жолды іздегем жоқ,
Озам деп өр үстіне өр тілегем.
Қырық жыл жолдас болды асқақ шабыт,
Атым да, шапаным да, бөркім өлең.
Тау мен тас тарлан халқым еркелетті,
Зор бақыт осы емес пе мен тілеген.
Алладан сызған сызық таусылмаса,
Дүниеден кім кетеді еркіменен.
Қартайдым бүгін оған өкінбеймін,
Өлгенше жан сырымды шертіп өлем.

Ерекше жаралса да ер талабым,
Кемді де кемсінбедім тең санадым.
Бәйгеге суырылып мен түскенде,
Ақ боран етуші едім жел самалын.
Көп жүрдім көл көбелеп, тау жебелеп,
Ақтадым алқалы топ ел қалауын.
Жас талап талабыңа ризамын,
Енді сен көлделеңдеп жел қарағым...»

Біздің иен далада болып өткен айтысымыз осылай аяқталды. Бірақ атақты Суық сайдың төріндегі Әбағамның үйінде ауыл аймақтың адамын жинап бір күн, бір түн сауық салдық. Әбағам бір еркек қойды сойып елді жинап шала той істеген еді.

Бүгін ойласам неткен серілік, неткен еркіндік, неткен кеңшілік деймін да. Басқа жұмыс жоқ, тек Әбағама сәлем беріп қайту үшін ғана бел асып бетеге басып ат терлетіп барып көк тіреген асқар биіктіктің арасында олардан да биік шығып ән салып, айтысып сосын хан ордасына бергісіз алты қанат ақ орданың төрінде еркек қойға бата істеп, шуылдап тұрған сары қымызды сораптап, ауыл адамдарын жинап сауық құрып, асқақ ақынды шабыттың биігіне шығарып әнін тыңдап... Керемет емес пе.

Енді бүгін сол оқиғаны қайтадан есіме түсіргенім үшін бақыт кешіп сағынып естелік айтып отырмын.

Қайтадан қолға түспейтін қаракер дәурен. Қайтадан жарқын бейнесі көрінбейтін қайран ақын.

2025.02.06

Эрдэнэнт. Монғолия

Abai.kz

0 пікір