Сәрсенбі, 15 Сәуір 2026
Білгенге маржан 177 0 пікір 15 Сәуір, 2026 сағат 14:07

Қарақалпақтар – Қазақ па?

Сурет: ndpi.uz сайтынан алынды.

Соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланып жүрген сұрақтардың бірі – «Қарақалпақтар қазақ па?» деген сөзді жиі естиміз. Бұл сауал жай ғана этникалық анықтама іздеу деп ойламайық, дегенмен оны – тарихтың тереңіне бойлап, халықтардың қалыптасу жолын, олардың мәдени, тілдік, рулық байланыстарын түсінуге ұмтылыс десек, артық болмас. Әсіресе, қарақалпақ халқының құрамындағы рулардың қазақ руларына ұқсастығы, тілінің өте жақындығы, салт-дәстүрлерінің ортақтығы, бұл сұрақты одан сайын өзекті ете түседі.

Сонымен, талдап көрейік. Ең алдымен, қарақалпақ халқының шығу тегіне тоқталайық. Қарақалпақтар – түркі тілдес халықтардың бірі. Олар негізінен бүгінгі Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасында тұрады. Тарихи деректерге сүйенсек, қарақалпақ халқы XIV–XVII ғасырлар аралығында Ноғай ордасы, Алтын Орда секілді ірі мемлекеттік құрылымдардың ыдырауы нәтижесінде қалыптасқан. Бұл кезеңде Дешті Қыпшақ даласында өмір сүрген тайпалар бірде қосылып, кейде бөлініп, жаңа этникалық бірлестіктердің негізін қалады.

Дәл осы тарихи процестер қазақ халқының қалыптасуына да тікелей әсер етті. XV ғасырда Керей мен Жәнібек сұлтандардың бастауымен Қазақ хандығы құрылып, оның құрамына көптеген ру-тайпалар енді. Ал, сол кезеңде кейбір тайпалар түрлі себептермен әртүрлі бағыттарға кетіп, жеке этностардың құрамына енді. Қарақалпақ халқы да осындай тарихи бөліністердің нәтижесінде қалыптасқан.

Қарақалпақтардың рулық құрамына назар аударсақ, олардың ішінде қыпшақ, қоңырат, үйсін, қанлы, жалайыр, найман, керейт сияқты қазаққа етене таныс сондай-ақ бұл рулар халқымыздың құрамында бар екенін көреміз. Бұл – кездейсоқ сәйкестік емес. Өйткені, бұл рулар бір кезде ортақ тарихи кеңістікте өмір сүріп, кейін әртүрлі этникалық бірлестіктерге жіктелген. Сондықтан рулық атаулардың ұқсастығы – ортақ түбірдің айғағы.

Алайда, «рулары ұқсас болса, онда олар қазақ қой» деген тұжырым жасау ғылыми тұрғыдан толық дәлел бола алама? Себебі этнос – тек рулық құраммен анықталмайды. Ол – тарихи даму, тілдік ерекшелік, мәдени дәстүр, саяси шекара, өзіндерін тану сияқты көптеген факторлардың жиынтығы. Қарақалпақтар осы факторлардың негізінде жеке халық ретінде қалыптасты ма деп ойлайсың.

Тіл жағдайына келсек, қарақалпақ тілі, қазақ тіліне тым жақын. Тіпті, бір тіл деуге әбден келеді. Екеуі де қыпшақ тобына жататын түркі тілдері. Көптеген сөздер, сөйлем құрылымдары тым ұқсас. Бұл да олардың тарихи тамырының бір екендігін көрсетеді.

Салт-дәстүр тұрғысынан да қарақалпақтар мен қазақтар арасында үлкен ұқсастық бар. Қонақжайлық, үлкенді сыйлау, той-мереке өткізу дәстүрлері, ұлттық тағамдары, киім үлгілері – барлығы дерлік ортақ дүниетанымнан туындаған. Бұл – көшпелі өмір салтының ортақтығынан қалыптасқан мәдени ұқсастық.

Қарақалпақтардың рулық таңбаларының қазақ таңбаларына ұқсастығы да жиі айтылатын дәлелдердің бірі. Шынында да, кейбір таңбалар өзара өте жақын немесе тіпті бірдей деп айтуға болады. Бұл да ортақ тарихи кезеңдердің куәсі. Дегенмен, таңба – белгілі рудың белгісі, ал ру бірнеше халықтың құрамында болуы мүмкін.

Бұл сұрақты қарастырғанда ең маңызды факторлардың бірі – халықтың өзін тануы. Қарақалпақтар өздерін жеке халық ретінде санайды, олардың өз тілі, әдебиеті, мәдениеті, автономиялық мемлекеттік құрылымы бар. Дегенмен, бұл халықты қазақ елінің бір тайпасы деп кейде түсінемін. Неге десеңіздер айырмашылық жоқ. Ренжімесін.

Сонымен қатар, қазіргі заманғы этнология ғылымы халықтарды тек шығу тегіне қарап емес, олардың тарихи қалыптасуы мен қазіргі өзіндік ерекшеліктеріне қарай анықтайды. Дегенмен, олардың қазақ халқымен тарихи, мәдени, тілдік байланысының өте тығыз екенін жоққа шығаруға болмайды.

Сонымен айтарымыз, «Қарақалпақтар қазақ па?» деген сұраққа біржақты жауап береміз бе қайтеміз. Олар – түбі бір, тарихы ортақ, тамыры тереңде жатқан туыс халық. Бірақ тарихи даму жолында әрқайсысы жеке этнос ретінде қалыптасқан. Сондықтан, қарақалпақтарды қазақтың бір тармағы,  қазаққа ең жақын, бауырлас халықтардың бірі ретінде қарастырған дұрыс.

Алайда, бұл сұрақ, тек ғылыми талдау ғана демейік. Тарихи жақындықты мойындай отырып, әр халықтың өзіндік болмысын құрметтеу – өркениетті қоғамның негізгі белгісі. Сонымен қатар, ноғайларда талдасанда осылай қазақ болып шығады.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір