Сейсенбі, 14 Сәуір 2026
Жаңалықтар 214 0 пікір 14 Сәуір, 2026 сағат 16:24

Азамат Кәпеновке іздеу жарияланды

Сурет: kaztag.kz сайтынан алынды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы делінетін «ҚазТемірТранс» АҚ-ның экс-вице-президенті Азамат Кәпеновке іздеу жарияланып, сырттай қамауға алынды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және ақшалай қаражатты жымқырды деп күдіктелген «ҚазТемірТранс» АҚ бұрынғы вице-президенті А.А. Кәпеновке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. (...) Қазіргі уақытта А.А. Кәпеновке халықаралық іздеу жарияланды. Сот оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялады», - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі.

Тергеу мәліметінше, Кәпенов қызметтік өкілеттігін асыра пайдалана отырып, жүк вагондарымен операторлық қызмет көрсету кезінде өзіне қатысы бар компанияларға негізсіз артықшылықтар берген.

ҚМА деректері бойынша, мұндай әрекеттердің салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

«Келтірілген шығынды өтеу және заңсыз иемденілген активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтінішхат жолдады. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен аталған мүлік мемлекет меншігіне өтті», — деп толықтырды агенттік өкілдері.

Іс бойынша тергеу жалғасуда.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.

Abai.kz

0 пікір