Сәрсенбі, 12 Наурыз 2025
Аласапыран 561 1 пікір 11 Наурыз, 2025 сағат 14:04

АҚШ пен Украина: Келіссөз Ресей пайдасына шешіле ме?

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

Бүгін, наурыздың 11-күні Сауд Арабиясында АҚШ пен Украинаның жоғары шенді өкілдері Украина мен Ресей арасындағы 3 жылға созылған соғысты тоқтату туралы келіссөзді бастайды.

Кеше Украина президенті Зеленский Сауд Арабиясына барып, тақ мұрагері Мұхаммет Салманмен кездесті. Кездесуден кейін Зеленский жазба жариялап, екеуара кездесудің достық пейілде өткенін жеткізді. Саудия билігінің әлемдік және Украина мәселесінде арағайындық болып отырғанына алғыс білдірді.

Мұхаммед ханзада кеше АҚШ Мемлекет істер хатшысы Марко Рубионы да қабылдады. Екі тарап Украина мәселесінен бөлек, Орта Шығыстағы жағдайды талқылаған.

Айта кету керек Зеленский бүгін өтетін АҚШ пен Украина келіссөзіне қатыспайды. АҚШ тарабынан Мемлекеттік хатшы Рубио, Трамптың мемлекет қауіпсіздігі жөніндегі көмекшісі Вальс, Орта Шығыс мәселесі жөніндегі арнаулі өкілі Уиткофф, Украина жағынан президенттің іс басқарушысы Ермак, Сыртқы істер министрі Сибига, Қорғаныс министрі Умеров қатарлылар қатысады.

Келіссөз туралы АҚШ тарабынан Уиткофф: "Кездесудің мақсаты бейбітшілік келісімінің мазмұнын, шарттарын анықтау әрі соғыс тоқтатудың бастапқы жүлгесін бекіту", - десе, Рубио: "Украина тараптың бітімге келуге дайындығын тексеріп көру", - дейді. Ол тағы да Украина тарапқа мынаны істе деп ешқандай шарт қойылмайтынын, олардың пікірін тыңдап көру мақсатында өтетінін, оларға ойлануға тиісті кейбір мәселелер ортаға салынатынын жеткізді. Кездесу барысында Украинаның сирек маталлдар қорын игеру мәселесі де талқыланады екен.

Трамп болса әлі де: "Зеленский бейбітшілік келісіміне қол қоюға дайын емес", - деген пікірде екен.

Өткен бір апта Зеленский үшін, Украина үшін өте ауыр болған. Американың әскери қару-жарақ беруді, сандық мәліметтерді бөдісуді тоқтатуы Ресейге жаңа мүмкіндік бергендей. Украинаға шабуылды барлық бағытта күшейтті.

Зеленскийге Ақ үйдегі қателігі үшін үлкен бодау беруге тура келді. Еуропа елдері бұрынғыдай құрғақ уәде берумен ғана шектелді. Әскери көмектің қарасы әлі көрінбеді. Бұл жағдайға Кремль тарабы шаттанып отыр дейді сарапшылар. Олар бүгін өтетін АҚШ пен Украина келіссөзінің өз пайдасына шешілетініне бек сенімді екен.

Abai.kz

1 пікір