Биеоң Чеол Каң: Кәрістер аз ұйықтап, көп еңбектенеді...

Биеоң Чеол Каң – оңтүстіккореялық ақын, жазушы, аудармашы, зерттеуші, Саясаттану мамандығы бойынша философия докторы. 1964 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында туған. 1993 жылы «Шубаның әні» деген алғашқы әңгімесі баспасөз бетінде жарияланған. Ал 2005 жылы әңгімелер жинағы жарық көрді. Жалпы, бүгінге дейін проза және поэзия салаларында 8 кітабы оқырмандарға жол тартқан. Бұл жинақтары үшін Оңтүстік Кореяда алты әдеби атақтың лауреаты атанған. Мәселен, 2023 жылы «Халықаралық үздік ақын және аудармашы» сыйлығын алды. Аталған марапатты «Халықаралық поэзия, аударма және зерттеу орталығы» («International Poetry, Translation and Research Centre») мен «The Journal of Rendition of International Poetry» журналы тағайындайды. Сонымен қатар, ол «Поэзия журналдарының әлемдік одағының» («World Union of Poetry Magazines») мүшесі. Яғни, жырлары ғаламның әр түкпірінен шығатын басылымдарда жарияланып келеді. Қаламгер әр жылдарда халықаралық ұйымдарда, білім беру орталықтарында, бұқаралық ақпарат құралдарында басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ, Чеджу Халықаралық университеті мен Чуңнам Ұлттық университетінде дәріс оқып, ұстаздық еткен. Ал қазір Корея бейбітшілік және ынтымақтастық институтының вице-президенті.
– Құрметті Биеоң Чеол Каң мырза, мен сіздің «Тұман ішінде көлікпен сапар шегу» («Driving through Mist in a Car») деген жырыңызды оқыдым. Сонда мынадай шумақ бар:
Тұман ішінде адасып жүрміз,
Алда не бар екенін білмесек те, әйтеуір, кетіп барамыз.
Үзік-үзік естеліктер ойға оралады.
Жалғыз кездер де, қуанышты сәттер де еске түседі (жолма-жол аударма – А.Ф.). Осындағы «тұман» метафорасының астарында не жатыр?
– Күнделікті өмірдің күйбең тірлігімен өміріміз, әйтеуір, сырғып өтіп жатады. Бізді алда не күтіп тұрғанын, келешекте не болатынын білмейміз. Бұл тау ішінде тұманда адасып жүрген адамның мысалы секілді. Алдымызға мақсат қойуымыз, әлденені армандауымыз мүмкін, бірдеңеге қол жеткізуді қалауымыз ықтимал. Бірақ оған жетеміз бе, жоқ па, белгісіз. Тағдырдың бізге бұйыртқан несібесі қандай екені беймәлім. Күнделікті өмірдегі жай-күйімізді «тұман» ретінде суреттедім.
– Ал «Маусым» («June») деген өлеңіңіздегі мына тармақтарға мен айрықша назар аудардым:
Елестетіп көріңізші, адамдар қайғы-мұңның не екенін білмесе,
Жанарынан жас төкпесе,
Онда бір күні мұхиттың тұзды суы да тұщыланып кетпей ме?.. (жолма-жол аударма – А.Ф.). Сіздіңше, ғұмырда қуанышпен қатар мұң да, жеңіспен қатар жеңіліс те, сәттілік пен қатар сәтсіздік те болып тұрмаса, онда ондай ащы дәмсіз бірыңғай «тәтті» өмір адамды жалықтырып жібере ме? Ал «нағыз ақынның жүрек жарасы, ұмытылмай, сыздап тұратын әлдебір мұңы болуы керек» деген пікірге келісесіз бе?
– Ақын өзгелердің қайғысын өз қайғысындай жүрегінен өткере білуі керек. Тіпті, ақын емес, жай адамдардың өзі айналасындағылардың қасірет-шерін, көз жасын сезіне білгенде ғана, шын қуаныш пен нағыз бақыттың не екенін түйсінеді. Жапа шеккендердің, зәбір көргендердің, жақынынан айрылғандардың, түрлі бақытсыздыққа ұшырағандардың жан күйзелісін түсінгенде ғана, олардың көз жасы теңіз суындай ащы екенін сезінгенде ғана, біз өлмес өлең тудырып, нағыз ақын бола аламыз. Оқырмандардың жан жарасын емдеп, жүрек тыныштығын сыйлайтын жырды ғана мен жақсы өлең деп есептеймін. Бұл адамзат баласы мәңгі-бақи қайғыға батып өмір сүруі керек деген сөз емес. Барлық жан бақытты болуға лайықты. Алайда ақындар азап шегіп, қасірет көріп жүргендердің мұң-шерін жеңілдетіп, жан сарайына шуақ шашу үшін сайрайтын «бұлбұл» болуы тиіс.
– Тағы бір өлеңіңізде дауыл кезіндегі бамбук орманын бейнелейсіз:
Жапырақтар сыбдыры қандай әсем,
Жұмсақ сөздер қатты жүректі жібітеді.
Бамбук орманындағы үйлесім әуені... (жолма-жол аударма – А.Ф.). Бамбук орманынан қандай қасиеттерді үйренуіміз керек?
– Кәрістер әрдайым сұмдық бәсекеде ғұмыр кешеді. Күнкөріс үшін өмір бойы қарбалас тірліктен көз ашпайды. Аз ұйықтап, көп еңбектенеді. Өліп-талғанына қарамай, жұмыс істей береді. Мұндай қапылыс тіршіліктен әбден қажып, күйзеліске түседі, өзін бақытсыз сезінеді. Сондықтан жұмсақ әрі иілгіш бамбук ағашынан мықтылықты үйренеді. Яғни, өмір адамға дауылдай соғып, қанша исе де, сынбау керек. Беріктік һәм тепе-теңдікті сақтай білу деген – осы.
– «Касабланка теңізі ешқашан қалғымайды» («Casablanca Sea Never Sleeps») деген өлеңіңізден де үзінді келтірейін:
Қалжыраған жұрт бір уақ тыныққысы келеді,
Кәріс болып өмір сүру – дауылға қарсы жүрумен бірдей (жолма-жол аударма – А.Ф.). Бұл да сол кәрістердің сұмдық қарбалас өмір салтына байланысты туған тармақтар болғаны ғой?
– Касабланкада болғанымда, теңізге қарап тұрып, келген ойлар ғой. Біздің ата-бабаларымыз өте еңбекқор болды. Ұл-қыздарының жарқын болашағы үшін ғұмыр бойы бір тынбай, жұмыс істей берді. Жеке басының қамын, өз өмірін қызықты қылып өткізуді олар ысырып қойды. Ұрпағының кемел келешегі үшін жұмыс істеуден басқа ештеңені ойлаған да жоқ. Аталарымыздың өз бақытын құрбан қылуының арқасында Корея қарыштап дамыды. Бабаларымыздың арқасында қазіргі кәрістер молшылықта өмір сүріп жатыр. Бәсеке, еңбекпен байлыққа кенелу, даму деген, әрине, жақсы ғой. Алайда толыққанды бақытты болу үшін адамға демалыс та ауадай қажет.
– Сіз прозалық шығармалар да жазасыз. Прозадағы басты тақырыптарыңыз қандай?
– Мен адам жан дүниесінің көркемдігі мен табиғат әсемдігінен өзара ұқсастық табуға тырысамын. Адам мен табиғаттың өзара үйлесімдегі тіршілігін суреттеймін. Сондай-ақ, бейбітшілік, жомарттық, сұлулық мәселелерін қаузаймын.
– Сіз 2009-2014 жылдарда Халықаралық ПЕН-клубқа қарасты «Түрмедегі жазушылар комитетінің» («The Writers in Prison Committee») мүшесі болдыңыз. Бұл бірлестікте қандай шаруалармен айналыстыңыздар?
– Аталған ұйым абақтыға қамалған қаламгерлердің бостандыққа шығуына ықпал етумен шұғылданады. Яғни, жазушылардың құқығы үшін күреседі. Өз басым тұтқындағы шетелдік сөз зергерлерін ақтап мақалалар жазып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияладым және олардың шығармаларын аударып, кәріс оқырмандарының назарына ұсындым.
– Сіз Корея бейбітшілік және ынтымақтастық институтының вице-президентісіз. Яғни, әлемде және аймақта тыныштық орнату бойынша зерттеу жүргізіп, жұмыс істейсіздер. Ғаламшарымызда бейбітшілікті қамтамасыз етуге әдебиеттің құдіреті жете ме, қалай ойлайсыз?
– Белгілі бір нәрсеге қол жеткізу сол мақсатта адамдардың бірігуіне байланысты. Көпшілік бейбітшілікті қаласа, түрлі халықтар жер бетінде өзара түсіністік пен келісімде өмір сүре алады. Барлық жанжалдың тамыры – өзімшілдік пен толеранттылықтың жоқтығы. Адамзаттың басты қателігі де осы деп ойлаймын. Мысалы, егер көршім әлдебір қиындыққа тап болса, өз басым бақытты бола алмаймын. Төңірегіміздегілерге жақсылық тілеп, қажет болса, көмекке ұмтылуға тиіспіз. Сонда ертеңгі күнге үміт бар. Ал олай болмаған жағдайда, келешегіміз күмәнді, болашағымыз бұлыңғыр. Менің ойымша, жұртқа бейбітшілік пен толеранттылықтың маңызын түсіндіруге әдебиеттің құдіреті жетеді.
– Сүйікті ақындарыңыз кімдер?
– Тайваньдық атақты ақын Ли Куей-шиеннің жырлары айрықша ұнайды. Оның өлең жазу әдістемесін зерттегім келеді.
– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
– Шетелдік ақындардың антологияларын кәрісшеге аударып, Корея оқырмандарына таныстырғым келеді. Жуырда тайваньдық 100 ақынның жырларын тәржімелемек ойым бар.
– Оқырмандарға қандай тілек айтасыз?
– Қазақ оқырмандары кәріс әдебиетіне қызығушылық танытып, оқыса екен.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла
Abai.kz