Абайдың дүниеге деген көзқарасы

Абай – 180 жыл
Дүние деген – жаратылыс, тіршілік және әлем деген мейлінше кең мағынаны білдіретін сөз. Дүние біртұтас, бірақ оның көрінген һәм көрінбеген сыры бар. Атеистер қауымы, негізінен Батыс әлемі, материалдық дүниені хақиқат деп қабылдаса, Шығыс жұрты, керісінше, оны жалған санайды.
Оның себебі, біріншісі ақылменен, екіншісі жүрекпенен өмір сүреді. Мысалға қазақ халқының «дүние – жалған» ұғымы – имандылық қағида, Құдайға деген сенімнің бір көрінісі есепті. Өмір де дүние сияқты күрделі ұғым. Абайда өмірге қоса, ғұмыр деген түсінік те бар. Төменде Абайдың дүниеге деген көзқарасын талдай отырып, өмір мен ғұмырдың айырмасы неде екендігін де екшеп, ажыратып көрмекпіз.
Өмір, дүние жалған ба, әлде ақиқат па?
Абай: «Енді жер ортасы жасқа жеттік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» (1-сөз) дейді. Сондай-ақ: «Өмірдің баянсызын, дүниенің әрбір қызығының, ақырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады» (20-сөз) деп ой бөліседі.
«Мыңмен жалғыз алысқан» ақын 1892 жылғы «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде:
Өмір, дүние дегенің –
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен, – десе, 1900 жылғы «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінде: «Өткен өмір – қу соқпақ» деген байлам жасайды. Тізе берсек, ойшылдың өмір, дүниеге қатысты пайымдары көп, оларды өмір тәжірибесінен алып айтқаны тағы анық.
Сонымен, Абай неліктен дүниені жалған, ал өткен өмірді – қу соқпақ деген? Бас көзіне көрінген дүниенің бәрі – материалдық әлем. Оның сипаты – өткіншілік, өзгермелілік (сондықтан мұсылмандық сопылық ағым өкілдері дүниені «жалған» деп біледі). Мына дүние тұрақсыз, құбылға толы болғандықтан адам да бір қалыпта тұра алмайды. Жалғыз рухани әлем – хақиқат. Неге? Өйткені, ол мәңгі және тұрақты.
Осы тұста: «Алла тағала дүниені не үшін жасаған, пенде оны қалай қабылдауы керек?» деген сұрақ туады.
Абайдың тәлімінше, оның шешімі рухани әлемде. Бұл дүниеге байлаулы тек тән ғана. Ал адам жаны – мәңгілік. Ол – бақидан келген және соған қайтады. Демек, өмір баянды болудың кепілі – жан қалауымен ғұмыр кешу. Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан есті кісіге өмір, дүние жалған емес. Неге? Мұны Абай: «Ол орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күннің күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен» деп ұқтырады.
Сөйтіп, өткен өмірге өкінбеудің амалы – оны қиянатсыз, тек жүрек қалауымен өткеру. Құран арқылы Алла тағаланың пендесіне түскен әмірі осы. Абай: «Жүрегіңді таза сақта, Құдай тағала жүрегіңе әрдайым қарайды» дейді.
Алла тағала нені де болса мінсіз қылып, ғадаләтпен жаратқан. Өмір, дүниені баянсыз, қиянатшыл қылатын адамзаттың өзі. Оның себебі, адам өзін өлетін тәнге балайды, жан мәңгілікті екеніне сенбейді. Қайдан келдік, қайда барамыз? «Оны көбі білмейді» (Абай).
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ (1899).
Жан – Алланың зәредей бөлшегі, оның қасиеті – білмекке құмарлық. Демек, телміріп терең ойдың соңына ерген кісі өзінің кім екенін, қайдан келгенін, өлген соң не болатынын біле алмақ. Міне, «ойла, шырақ» деп Абай өмір мақсатын ізде, біл деп отыр.
1896 жылғы «Сағаттың шықылдағы емес ермек» өлеңінде ақын түкке тұрғысыз ұсақ қулық, өнбес іске уақыт кетірме, ақылмен ойлап, көңіл сүйсінерлік істі тап дей келе, былайша қорытады:
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл!
Жалған ұғымы дүниеден суын, сопы бол деген сөз емес. Оған бір кірпіш боп қалан, өмір зая өтіп, өкініште қалма! Ойшыл, міне, осыған шақырған. Абайдың суфизмге қатысы күрделі. Мәселен, белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов былай дейді: «Абай хақ нұрына ғашық болып бұл дүние керегінен қол үзгендерді бенделіктің кәмәлаттығы жолымен кетушілер, яғни ғұмырсыз жолға түсушілер деп біледі» («Абай» журналы, №1, 1996).
Негізі, дүниені тәркі еткендер ғана емес, малдан басқа мұңы жоқ құлқын құлдары да – ғұмырсыз жолға түсушілер. Ал Хақ жолына түсушілер үшін өмір – Тәңірінің сыйы. Қаласа, әр адам кәмәлатқа жете алады. Ерік сол үшін берілген. Иманы кәміл адам баршаға махаббат қылады, сөйтіп, жаны жұбаныш, көңілі тыныштық табады.
Хақ жолы – рухани кемелдіктің жолы деген Абайдың «Тасдиқ» трактатында ойып орын алған іргелі доктрина. «Бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, алалаған раст бола ма, һәм ғадаләт бола ма?» дей келе, хакім Абай былайша түйін түйеді: «Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ».
Күрделі тезисті қарапайым тілменен тарқатып көрейін. Абай әділетті ғадаләт, ақылды ғақил, әрекетті харекет, ақиқатты хақиқат деген, илаһи мағына берген. Неге? Себебі, өмір сүру мен ғұмыр кешу бір емес, шын мәнінде, деңгейлері екі түрлі. Өмір жер бетіндегі тіршілік. Барлық жан иелері сияқты адамзат та өмір сүреді. Бірақ адам өмірінің ерекшелігі – рухани көкжиекте менмұндалаған биік тауды көре алмақ. Сол тау – ғұмыр, әр адам оған жетуге тырысуы керек. Абай: «Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ» дейді. Өйткені, ғұмыр – болмыс, яғни дүние мен ахирет тұтастығы деген мағынаны білдіреді.
Ғұмыр тірегі – руханият, оның шыңы тек толық адамдар еншісі. Өзге жұртқа шыңды көріп, соған апарар жолға түсу маңызды. Ол жол – баршаға ортақ әділетті Хақ жолы (әулиелік – бек шетін, бек нәзік, сол себептен «жарым-жартыларына ғана айтылған жол»). Құдаймен байланыс жолында пенденің мінезі, ойлау жүйесі өзгеруі, жан дүниесі жетілуі, бәрі-бәрі шешімін табады. Бұл ретте академик Ғарифолла Есім: «Бар мәселенің кілті – ғұмыр» (Хакім Абай. А., 1994, 179-бет) дейді. Осы айтылған барша жұртқа ортақ жол барын дәлелдеу – Абай жаңалығы!
Қорыта айтқанда, хакімнің «Ғұмыр өзі – хақиқат» дегені – даналық идея. Ол бойынша пендеге дүниеден суыну емес, өмірге белсене араласу маңызды. Әділетті Хақ жолы – жеке адам, бүкіл қоғам ғұмырлы болуының кепілі. Ғұмыр бар жерде кәмәлат, бүгінгі лексикамен айтқанда, баянды, бақытты болу бар. Бұл дәлел өтінбейтін ақиқат. Абайдың дүниеге көзқарасы жайлы сөзіміз «Махаббатсыз дүние – бос» деген тақырыппен жалғасын табады.
Махаббатсыз дүние – бос
«Махаббатпен жаратқан адамзатты». Абай осымен бұл сезімді ең жоғары деңгейге көтерген. Оның илаһи құдіретін жете білгеніне ғажаптанасың. Мысалға «Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт сезім. ...Бұл махаббат, ғадаләт сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил» дейді. Бірақ, көңілді алаң еткен нәрсе – «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңіндегі «Махаббатсыз дүние – бос» деген жол «Махаббатсыз дүние – дос» болып өзгеріп кетті. Айталық, Абайдың 1995 жылғы екі томдық толық жинағында осылай басылды. Өлеңнің өзегі, идеясы өзгеріп, діншілдік сипат алды. Сондықтан дұрысын анықтау қажеттілікке айналып отыр.
Бірден айтайық, кілтипан «дүние» сөзіне тіреледі. Ол екі түрлі мағынаны білдіреді: бірі – мал-мүлік, екіншісі – жоғарыда қарастырылған бүкіл әлем, тіршілік. Абайдың бірінші мағынада екі рет қана, ал екінші мағынада елуден астам рет қолданғанын айта отырайық.
«Бос» емес, «дос» дегенге келісуге болар еді. Егерде аталған өлеңінде Абай дүние деп мал-мүлікті айтқан жағдайда, бірақ бұл шындыққа жанаспайды.
Сөз болып отырған өлең 1890 жылы жазылған. Осы жылға дейінгі поэзиясында Абай «дүние» дегені – барша көрінетін ғалам. Мысалға «Туғанда дүние есігін ашады өлең» («Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол»), «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп» («Сегіз аяқ»), «Ғылымның біліп пайдасын, Дүниенің көркін болжамай?» («Жастықтың оты, қайдасың?») деп жалғаса береді. «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңінде кенеттен мал-мүлік деген мәнде қолданды деу қисынға келмейді. Бұл-бір.
Екінші уәжіміз, «Махаббатсыз (Құдайға) дүние – дос» деген таза сопылық таным. 1881-1890 жылдары Абайдың құбыласы – мәдени-ағартушылық. Бұл – талассыз ақиқат! Әзірге сопылық танымды іздестіру бос әурешілік. 1894-1895 жылдардан беріде десеңіз, әңгіме басқа. Осы кездерден Тәңіріні іздеу, оған жақындау ниеті маңдай алдыға шықты. Шығармашылығы соның куәсі.
Сонымен, әуелден «бос» делініп келсе, енді нәғып «досқа» ауыстық? Біріншіден, әсіре діншілдік ықпал етті, яғни бұл Абайды тариқатшыл дін ұстазы қылуға талпыныс. Екіншіден, Абайдың ойшылдық эволюциясы ескерілмеді, оны зерттеп-зерделеу әлі күнге күн тәртібінде тұрған өткір мәселе.
Өлеңнің мәтінін толық келтіре кетейік.
Кейде есер көңіл құрғырың,
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Тартқан бейнет, өткен жас,
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат – өмір көркі, рас,
Өлген соң, ол да үндемес.
Махаббатсыз – дүние бос,
Қайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан бәрі – тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.
Көріп отырмыз, өлең – ұлы ақын көңіл-күйінің бір қас-қағым сәті. «Кейде есер көңіл құрғырың» деп бастап, мұны Абайдың өзі де аңдатқан. Туынды мазмұнында пәлсапалық терең ой жоқ. Жыр өзегі – кім кімге де аяулы сүйіспеншілік сезім һәм достық қарым-қатынас. Махаббат оты аз ба, көп пе, әр жүректе бар. «Ішем деп бейнет сусынын, Асау жүрек алқынар», «Жүрегі жұмсақ білген құл», «Доссыз ауыз тұщымас» дегенде осы астар бар. Егер ол от сөнсе, өмір көркін жоғалтпақ, ондай пенде, сөз жоқ, қайуанша жүріп күнелтпек. Бір сөзбен айтқанда, өлеңнің Құдайға ғашықтықтыққа, дін я тарихатқа да ешқандай қатысы жоқ.
Сонымен, туындыны жарқыратып тұрған нәрсе – «Махаббатсыз дүние – бос» афоризмі. Оны «дос» деп «түзету» суфистік сарынға күштеп бұру. Бұл – қателік. Себебі, 1890 жылғы Абай мен «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі» (1895) дейтін кейінгі Абай деңгейі екі бөлек.
Әсілі, «Махаббатсыз дүние – бос» деген ұғымды барлық данышпандар бір ауыздан бекітеді. Мысалға неміс ғұламасы Гете: «...Что нам мир без любви!» десе, орыс ойшылы Толстой: «Без любви жить легче, но без нее нет смысла» деп мәлімдейді.
Қайталап айтайық, Хақ жолы – жүректегі жылылық, махаббат, мейірім, достық сезімнің «бұлақша ағып ғаламға таралуы». Шүбәсіз, тап осы жолдағы жұрт дүние жарысында ойқастап озатын болады. Дүние – жалғанды ғұмыр – хақиқат қылу идеясы осы арада демекпін. Мінеки, ғаламдық ақыл-ойдың шамшырағы Абайдың өмір, дүниеге деген көзқарасына жасалған талдауымды осы пайыммен сабақтағым келеді.
Асан Омаров,
абайтанушы
Abai.kz