Қазақ әйелінің қайсарлығы мен еңбекқорлығы

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Арулар аз болды ма атқа қонған ...
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап әйелдердің қоғамдағы орнын нығайтуға ерекше мән беріліп, оларды қоғамдық-саяси қызметке тарту арқылы жаңа заманға бейімдеу күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналды. Жер-жерлерде әйелдерді кеңестік құрылыс ісіне тарту деген айдармен ұйымдастырылған науқандар өз нәтижесін беріп, көптеген әйел азаматтар халыққа білім беру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жергілікті басқару секілді т.б. көптеген салаларға тартыла бастайды. Мәселен, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданындағы әйелдер ісі жөніндегі бөлімнің 1928 жылғы есебіне қарағанда уезд бойынша ауылдық және болыстық кеңестерде 110 қазақ әйелі мүше болса, оның біреуі ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған екен. Осы ретте Шалқар ауданында 1930-жылдары қалыптасқан Тұмалыкөл серіктестігі мен ауылдық кеңесі құрамында әр түрлі қоғамдық-саяси жұмыстар атқарған сол заманның құжаттық тілімен айтқанда Башар келіні Мақпал, Шадыман әйелі Айжарқын, Малай келіні Бибітбатпа, Айжан әйелі Ақілгек, Қопай әйелі Сағира, Биқан келіні Дәмеш секілді аналарымыздың қатарында шаруашылықты ұйымдастыруда белсенділігімен көзге түсіп, ерлермен қатар жұмыс жасап, серіктестік мүшесінен ауылдық кеңес төрағасына дейін қызметтерді атқарған әйел азаматтардың бірі - 1903 жыылы Ақтөбе өңірінде өмірге келген Аманбаева Нұрыш болатын.
Алдымен Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданының Тұмалыкөл серіктестігіне, кейіннен ауылдық кеңеске мүше болған Аманбаева Нұрыш, бастапқыда кеңес құрамында денсаулық сақтау секциясының басшысы, кейіннен ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқара отырып сол уақыттың ауыртпалықтарына қарамастан бірқатар жетістіктерге қол жеткізеді. Мәселен, аудан бойынша мал өсірушілердің сайысына қатысушы ауылдық кеңестердің 1935 жылдың 4 қыркүйегіндегі өндірістік жоспарды орындау бойынша Аманбаева Нұрыш төрағалық ететін № 19 шы Тұмалыкөл ауылдық кеңесі басқалардан алға озады. Мысалы малды ұрықтандыру, шөп шабу, егін жинау мен заем жоспарларын 100 пайызға, төл алуды 118 пайызға орындаса, мал басын 1935 жылдың 1 қаңтарынан 1935 жылдың 1 тамызында 474 бастан 687 басқа жеткізеді.
Тұмалыкөл серіктестігі мен ауылдық кеңесі 1935 жылғы егін егу жоспарын уақытында орындағаны үшін екпінділердің өлкелік съезіндегі марапаттауға ұсынылады. Ауылдық кеңес төрағасы Аманбаева Нұрыш, серіктестік төрағасы Жайханұлы Мағзұм, бригадирлер Ізбасқанұлы Бекіш пен Малайұлы Әбидің жетекшілігімен 1935 жылғы егіс жоспары ойдағыдай орындалады. Онда белгіленген 10 күннің орнына 8 күн ішінде жоспардағы 220 гектардың 250 гектарына тұқым себіліп, оған 85 адам жұмылдырылып, 84 жұмыс малы мен құрал-сайманнан 14 соқа, 12 тырма пайдаланылады.
Ауылдық кеңестің шаруашылық және қоғамдық-саяси жұмыстарын ұйымдастырудағы жетістіктері ескерусіз қалмай аудан, облыс тарапынан мерейтойлық марапатқа ие болады. Қазақстанның 15 жылдық төсбелгісіне ұсынылған мінездемеде 1934 жылдан ауылдық кеңестің төрағасы, әйелдер арасынан шыққан екпінді екендігі, ерен еңбегінің арқасында ауылдағы барлық саяси және шаруашылық жұмыстардың орындалғаны баяндалады. Төл басын 205 бастан 243 басқа сақтап, шөп шабу жоспарын 1330 гектардан 1334 гектарға орындап, 250 гектарға жоспарланған егін егу мен жинау жұмысы 100 пайызға, 2050 сом ұтыс қарызы 100 пайызға, ет тапсыру жоспары 1888 килограмнан 1844 килограммға орындалып, 1935 жылдың 1 қаңтарындағы 474 бас 1935 жылдың 1 тамызында 687 басқа жеткізгендігі көрсетіліп, әйелдер арасынан шығып, ұжымды большевиктік ұжымға, ұжым мүшелерін ауқатты жағдайға жеткізгені үшін мерекелік төсбелгіге ұсынылады деп көрсетіледі.
Осы жылы серіктестіктегі қоғамдық мал шаруашылығын дамыту, мал саны мен егістік көлемін ұлғайту, ет тапсыру және басқаларда үздік көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін серіктестік төрағасы Жайханұлы Мағзұм, серіктестік мүшелері Айтқожаұлы Бекжан, Биханұлы Әлкен, Сағымбайұлы Төлебай мен Т. Ерқасымұлдары Қазақстанның 15 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен марапаттауға ұсынылады. Сонымен бірге осы марапатқа аудан бойынша ұсынылған Қорғантұз, Екінші бесжылдық және басқа барлығы 5 серіктестіктің арасында жоғары нәтижеге қол жеткізген Тұмалыкөл серіктестігі де бар болатын. 1933-1935 жылдары жылқы 74 бастан 85 басқа, түйе 69 бастан 110 басқа, ірі қара 19 бастан 109 басқа, қой-ешкі 148 бастан 308 басқа, егістік 125 гектардан 250 гектарға ұлғайған болатын. Мал шаруашылығы мен қосымша егін егуді кәсіп еткен серіктестік жұмысы алға жылжып, мал басы мен егіс көлемі жылдан жылға артып отырды. Бұл серіктестіктің алғашқы төрағалары Балғараұлы Жұмағали, Жайханұлы Мағзұм, ұжымшардың алдыңғы қатарлы мүшелері Маманұлы Смағұл, Тәжімағанбетұлы Жүгініс, Кетікұлы Айжан, Әжібайұлы Аяп, Бұқарбайұлы Ахмет, Күзенбайұлы Елеусіз, Малайұлы Әби, Махамбет Жанымқұлұлдарымен бірге ауылдық кеңестің төрағасы Аманбаева Нұрыштың еңбегі болатын.
Жоғардағы мал өсірушілердің сайысымен қатар үздік ауылдық кеңес сайыстары да өткізіліп, оған қатысушыларға қол жеткізген табыстары көрсетілген мінездемелер берілді. 1936 жылы 4 наурызда Облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру бөліміне аудандық атқару комитеті төрағасынан Елтай кеңесінің төрағасы Көбенов пен Тұмалыкөл ауылдық кеңесінің төрағасы Н.Аманбаеваның өндірістік мінездемесі жіберіледі. Мінездемеде 1934 жылы 1-қаңтарда жылқы 75 бас, түйе 98, сиыр 32, қой ешкі 84 бас, 1935 жылы 1-қаңтарда жылқы 90, түйе 123, сиыр 138, қой-ешкі 173 бас болса, 1935 жылдың 1-маусымында жылқы 111, түйе 153, сиыр 202, қой-ешкі 308 басқа жеткені. 1936 жылдың 1-қаңтарында жылқы 116, түйе 155, сиыр 198, қой-ешкі 318 басқа болғаны, мал басының осындай өсуінің нәтижесінде Н.Аманбаеваның Қазақстанның 15 жылдық мерекелік төсбелгісін алғаны, ауылдағы үй саны 142, оның ішінде серіктестік мүшесі 133 үй, жеке шаруа 9 үй екен айтылады.
Сонымен қатар, үздік еңбеккерлер сол кездері ұйымдастырылып тұрған бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысуға үміткер ретінде ұсынылып, көрмеге қатысу мәртебесіне ие болды. Архив деректері бойынша Тұмалыкөл серіктестегінен бүкілодақтық көрмеге әр жылдары қатысуға ұсынылған және онда марапат алғандар арасынанда Күзембайұлы Елеусіз, Кетікұлы Айжан, Кетік келіні Ағілгек, Башар келіні Мақпал, Құрымбайұлы Күсебай, Жайханұлы Сақан, Тәжімағанбетұлы Жүгіністермен бірге Аманбаева Нұрыш та болды. 1939 жылы Тұмалыкөл серіктестігінен екі кісі бүкілодақтың ауыл шаруашылық көрмесіне барып, марапатталады. Соның бірі серіктестіктің сүт фермасының бригадирі, 1938 жылы жергілікті 52 сиырдан 57 бұзау өсірген Күзембайұлы Елеусіз болса, екіншісі ауылдық кеңестің төрағасы Аманбаева Нұрыш болатын.
Соғыс жылдарында ер-азаматтардың көбісі майданға аттанып, ауыл шаруашылығындағы барлық ауыртпалық әйелдер мен қарттардың мойнына түскен тұста, ауыл еңбеккерлерімен бірлесіп, еңбек өнімділігін төмендетпеуге бар күш-жігерін салғандардың қатарында Аманбаева Нұрыш та болды. Соғыс жылдарындағы ауылдық кеңестің шаруашылық, саяси үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады. Мәселен Н.Аманбаева төрағалық еткен 1941 жылы 13 қаңтардағы серіктестік жанындағы бастауыш партия ұйымының комсомолдармен біріккен жиында көктемгі егіске дайындық, қар тоқтату, жұмыс көліктерін күтіп-баптау секілді кезек күттірмейтін мәселелер талқыланып, аталған дайындық жұмыстарын 1 ақпанға дейін аяқтау туралы шешім қабылданады. Сонымен бірге 5 ақпандағы жиында алдағы сайлау науқанына үгітшілер бөлу туралы мәселе қаралып, сайлаудың маңызы мен сайлау ережесі туралы және т.б. мәселелерді халық арасында түсіндіру мақсатында партия мүшесі ретінде Н.Аманбаева Жайылханұлы Қуанышбай және Мәтиұлы Қаршығамен бірге Мекебай өзегі учаскесіне бекітіліп, сонда өз міндеттерін ойдағыдай атқарады.
Соғысқа дейінгі және соғыс уақытындағы ауыртпалықтарға қарамастан іскерлігімен танылған Нұрыш Аманбаеваның еңбегі мәңгілік ел жадында сақталары сөзсіз. Ол тек өз дәуірінің ғана емес, бүгінгі ұрпақтың да бой түзер айнасы, қайраткер әйелдің рәмізі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын өркендеткен жетекші ғана емес, сонымен қатар әйелдердің қоғамдағы рөлін арттырған, олардың ерлермен бірге қиындықты еңсере алатындығын дәлелдеген тұлғаның бірі. Оның есімі адалдық пен еңбекқорлықтың, ұлт игілігі жолындағы аянбай қызмет етудің мәңгілік үлгісі.
Әлібек Аман,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz