Құқықтық мәдениет – қоғамның айнасы мен әдебі болуы керек!

Құқықтық сауаттылықтың екі түрлі негізі бар. Біріншісі – заңнамалық білімдерге, азаматтық-құқықтық кодекстерде жазылған тәртіп-түзімдерге жеттік болу. Бұл заңдық негізі болып табылады. Екіншісі – заңдық таным. Оған заңды құрметтеу, заңға бойсыну, заңға жүгіну қатарлы саналы әрекеттер кіреді.
Кез келген азамат жоғарыдағы екі түрлі негізді, яни алғы шартты толық әзірлегенде ғана оны іс жүзінде қолдана алатын, өзінің заңдық құқын толық қорғай алатын болады. Біреуі кем болса, заң үдесінен толықтай шыға алмайды. Заң нормаларын толық білгенмен, заңға құрметі болмаса, өз пайдасына жүзеге асыруды ойласа, заң құрығынан құтылмайды. Заңдық түйсігі болғанмен, нақты өмірде оны заңдық нормалармен ұшастырмаса, ақыр соңында опық жейді. Міне, бұдан құқықтың сауаттылықтың ел азаматтары үшін өте маңызды екенін түсінеміз.
Құқықтық сауаттылық – азаматтардық заңдық құқығын қорғауда заңдық кепілдікті, құқықтық ережелерді пайдалануды көрсетеді. Сондай шарты орындағанда ғана соттың әділдігімен кемелділігіне көз жеткізуге, құқық орғандарына сенімін артыруға болады.
Заңды құрметтеу тұрғысынан алғанда, азаматтардың құқықтық сауатылығы жоғары болғанда ғана, саналы түрде заңды құрметтейтін,заңға бағынатын, заңға сенім артатын болады.
Заңдық құқын пайдалану тұрғысынан алғанда, азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейі жоғары болғанда ғана ақ пен қараны толық ажыратып, қзінің құқын еркін қорғай алатын, заңдық тұрғыдан қамтамасыз ететін болады.
Құқықтық сауаттылық жеке адамның мейлі тұрмыс, жұмыс, мансап саласында болсын жан-жақты дамуында шешуші рөл атқарады. Саналы әрекет етуіне бағдаршы болады, дұрыс жол сілтейді. Президенттің ел азаматтарының құқықтық сауаттылығына ерекше көңіл бөлуі де тегін емес. Құқықтық сауаттылық қоғамның тұрақтылығы мен үздіксіз дамуында да ұйытқылық рөл ойнайды.

Сурет: Спикердің альбомынан алынды.
Жанар Тұранқазықызы, ҚР ІІМ Академиясының баспасөз хатшысы. Журналист, заңгер, полиция капитаны:
– Құқықтық мәдениет – қоғамның заңдарды түсінуі, құрметтеуі және оларды сақтауына негізделген құндылықтар жүйесі. Ол азаматтардың құқықтары мен міндеттерін білуінен, заңдарды сақтаудан және әділдікке ұмтылуынан тұрады.
Бұл тұрғысынан алғанда аты аңызға айналған аңыз да, абыз, ер Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды», - деген ұлы тәмсілін ескергенді жөн көруіміз керек. Себебі, тәртіп болған жерде бағыну да, бас ию де керек. Ол Отаныңа деген құрмет, иба.
Құқықтық мәдениет жоғары болған жағдайда, қоғамда заңға деген сенім артып, құқық бұзушылықтардың саны да азаяды.
Бұл мәдениет жүйесі қоғамның барлық деңгейлерінде, соның ішінде отбасында, білім беру мекемелерінде және жұмыс орындарында қалыптасады. Құқықтық мәдениет азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы нығаяды және қоғамның тұрақты дамуы мен тәртібіне негіз болады. Құқықтық мәдениетті жетілдіру, азаматтардың құқықтық санасы арқылы тәуелсіз әрі демократиялық мемлекет құруға әсер ететін құқықтық қоғамды қалыптастырудың маңызды бөлшегі болып табылады.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін атап өтті. Президент: «Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді. Бұл жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды постулат. Барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігінің конституциялық қағидаты сақталмаған жерде әділетті мемлекет құру мүмкін емес. Бұл туралы Президент тағы да еске салды.
Заңды сақтау – әділеттіліктің негізі. Сонымен бірге әділетті қоғамда заң – теңдік пен тәртіптің кепілі. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік заңмен реттелген барлық әлеуметтік қатынастардың ортақ белгісі болады. Бұл ретте заңның сақталуы жауапкершілікті қабылдауды да білдіреді.
Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ретінде: «Тағы бір маңызды құндылық, бұл – заң және тәртіп. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуі тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тиым салынады. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз», – деп атап көрсетуінің өзі мемлекетіміздегі тыныштықты және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беруін өте орынды айтылған талап деуге болады.
Abai.kz